Accessibility links

«Қазақфильм» киностудиясы қаланың сыртына көшірілуі мүмкін

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазақстанның бір топ кинематографистері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Акционерлік Қоғамының сатылуына және көшірілуіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Осы жайында 10 қаңтар күні мәлімдеген кино мамандары киностудияның басқа орынға көшірілуі қаржылық, техникалық жағынан үлкен шығындар әкеліп, кино саласы деңгейін төмендетіп жібереді дейді. Олар өз қолында бар мәліметтерге сілтеме жасап, «Қазақфильм» Акционерлік Қоғамының орналасқан жері ірі құрылыс компаниялары бірінің меншігіне өтіп кетуі мүмкін екенін айтады.

Қазақстан кинематографистері «Қазақфильм» киностудиясының орналасқан жеріне қызыққандар оны көшіру үшін жасырын түрде жауапты мекемелермен келіссөздер жүргізіп жатыр деп есептейді. Олар мұны ресми емес ақпараттардан естігенін айтады. Солардың бірі киноактер Нұрлан Есімғалиев киностудияны көшіру 2005 жылдың өзінде-ақ жоспарланып, ол компания мәртебесін өзгертуден басталған деп есептейді.

- Басшылықтың «ұлттық» дегенді алып тастағанына 1 жылдан асып кетті. Сөйтіп, оны Акционерлік Қоғам деп құрды. Ал Акционерлік Қоғамды сатып жіберуге болады. Осыған әкеліп отырған адамдар бар. Өйткені, «Қазақфильм» өте тамаша жерде орналасқан. Құрылыс компаниялары мен үкіметтегілер сол жерді өз пайдаларына жаратқысы келетін сияқты. «Қазақфильмді» тек қана жер үшін сол жерден көшіріп, құрту біздің елімізге жасалған қастандық деп ойлаймын, - дейді.

Сондай-ақ, ол кинокомпанияның жекелеген тұлғаларға сатылып кетуі де мүмкін дейді.

- Жері сатылып кеткеннен кейін, «Қазақфильмді» мен көтеремін, кинолар мен түсіремін» деп, шынында да оған біреулер қызығушылық білдіріп, сатып алуы мүмкін, - дейді Нұрлан Есімғалиев.

Осы мәселемен киностудияға хабарласқанымызда, «Қазақфильм» Акционерлік Қоғамының президенті Сергей Әзімов уақытша орнында болмай шықты. Ал компания вице-президенті Рымбек Әлпиев «Азаттық» тілшісінің қойған сұрағына былай деп жауап берді:

- Бұл әлі жай сөз ғана. Оның құжаттары әлі дайын емес. Ештеңе дайындағанымыз жоқ. Ол болса, 3-4 жылдан кейін болады. Мен қазір оның үкіметтікі бола ма, әлде жекешеленеді ме, ол жағын білмеймін.

Ал киноактер Меңтай Өтепбергенов киностудияны көшіруге көп уақыт, әрі орасан қаржы керектігін айта келіп, қазіргі киностудияны салудың өзі оңай болмады дейді.

- Киностудияны 8-март көшесінен әл-Фараби атындағы көшеге көшірердің алдында, 3 жыл салды. Техникасын тексеруге комиссия келіп, Мәскеуден де мамандар шақыртылды. Комиссия бәрін қарап, «дұрыс» дегеннен кейін ғана киностудия көшті. Осы жолы да алдымен, үлкен павильондар салып, акустикасын тексеріп, әбден зерттеп алу керек. Ал оны күні-түні салғанның өзінде кемінде, 5 жыл керек деп ойлаймын. Енді қазақ киноларының атағы дүние жүзіне шығып, жүлделер ала бастағанда оны көшірудің еш қажеті жоқ, - дейді Меңтай Өтепбергенов.

«Қазақфильм» кинокомпаниясы Алматы қаласының қымбат деп есептелетін жоғарғы бөлігінде орналасқан. Ол шамамен 15 гектардай аумақты алып жатыр.
XS
SM
MD
LG