Accessibility links

Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлына ас берілді


12 қаңтарда Алматыдағы «Есік» мейрамханасында 2006 жылдың ақпанында қасақана атып өлтірілген оппозиция көсемдерінің бірі әрі танымал қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлына арнап ас берілді. Асқа келген көпшілік - зиялы қауым өкілдері, саясаткерлер Алтынбек өз өлімімен қазақ қоғамының саяси санасының оянуына түрткі бола отырып, Қазақстан тарихында өшпес орын алады деген ортақ пікір білдірді.

Алдағы ақпан айының 12-күні Алтынбек Сәрсенбайұлының жанындағы екі серігімен бірге Алматының шетінде қасақана атып өлтірілгеніне бір жыл толады. Бірақ қазақи салт бойынша 11 айдан соң да жыл асын бере беруге болады деп, Алтынбектің ағайын туыстары мен үзеңгілес әріптестері 12-қаңтар күні Алматыдағы «Есік» мейрамханасында марқұмның рухына бағыштап ас берді. Асқа Парламенттің бірқатар мүшелері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер, Алтынбектің туған-туыстары мен марқұммен таныс-біліс болғандар жиналды. Әдеттегідей осындай ас үстінде айтылатын естеліктер, арнаулар, жоқтаулар, бағыштаулар. Тыңдарманға да түсінікті болуы үшін солардың біразын атап өткенді біз де жөн көрдік.

Алтынбектің ауылдасы Айтақын Әбдіқалықов:

«Бір жыл өтті, ойпырай, бір жыл өтті! Уақыт керуен ғой, жүрді...кетті, Әппақ қарға ақпанда қан шашылған, Соны естіп сан мың жүрек дір-дір етті! Дір-дір етті... содан бері сырғанап бір жыл өтті! Шытырманда шырғалған шындықты іздеп, Қасірет пен қайғымен бір жыл өтті! Ал, ұлы рух биікке көтерілді, өзің жоқта қалың ел танып білді, Алтынбек, сенің мәңгі тарих екеніңді! Қу түлкідей құбылған заман - саған не дейін?! Пайда көрсе жұлынған адам - саған не дейін?! Қыранынан айрылған далам - саған не дейін?! Шынжырлаулы шындығы қоғам – саған не дейін?! Жағымпазға қорған боп, досты қас деп түсінсең, ағам – саған не дейін?!

десе, алдыңғы жылы Алматыдағы өз үйінде өлі күйінде табылған тағы бір қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың жесірі, елге танымал әнші Мақпал өз көкейінде жүрген шер-мұңды осы асқа жианлғандардың арасындағы зиялы қауым деп аталатындарға қарата айтты:

«Мен жалғыз өзім не істей аламын? Мұражайын ашып қойдым әні, мен үшін Заманбегім әлі тірі! Ал болашақта бір-бірлеп осы жерде отырған, мына, - Болат, Ғалымжан, Ораздарды атып кетсе – осылай отыра бересіздер ме?! Сондықтан да мен сіздерден, егер де азамат екендеріңіз рас болса, шалбарды бекер киіп жүрген жоқпыз десеңіздер, бәріңіз қосылып Елордаға барып, елбасынан осы атылғандардың жоқтауын жоқтап сұрау салуларыңызды өтінемін, ана ретінде. Болашақта мұндай атып тастау деген болмаса екен біздің Қазақстанда! Қалай ғана біздің елде адамын атып тастап, жай ғана жүре береді!? Мен, мысалы, өмір сүріп жүрген жоқпын! Мына қызымды есін жиып ер жетсінші, биіктетіп алайын, содан кейін өмір сүргім де келмейді бұл өмірде! Мен бұл Қазақстанда өмір сүргім келмейді!! Мен өлемін деп сіздерді қорқытып отырған жоқпын, бірақ мен өлген адаммын! Заманбек жоқ болған соң, маған өмірдің де керегі жоқ! Сондықтан да болашақта басқа азаматтарымыз осындай қанға боялмасын десеңіздер, бір іс-әрекет жасауларыңызды өтінемін! Қабыл болсын!»

Бұл астың бір ерекшелігі, жиналған жұрт ас үстінде тым-тырыс отырып, сөйлегендердің сөзін ұғып қалуға тырысқандай әсер қалдырды. Асқа қатысқан елдің көңіл-күйін білу мақсатында осында келгендердің кейбірін сөзге тартқан едік.

Қоғам қайраткері Ғалымжан Жақиянов:

- Алтекеңе оқ атқан жауыздардың, мына қоғамды қорқытайық, үркітейік деген мақсаты болса, онда олар ондай мақсаттарына жетпегенін байқадым. Өйткені, бүгін бүкіл халық, қоғам болып, тек оппозиция өкілдері ғана емес, жәй қоғам деп жүрген ағаларымыз, залға симай, өзінің ішінде жүрген ойларын ашығынан ақтарғанын байқадым. Бүгінгі біздің қоғамдық санамызда демократия, азаттық, тәуелсіздік деген ұғымдар Алтекеңнің есімімен қатарлас келе жатқан ұғымдар. Бүгінгі адамдар соны қайталап айтқаны, сол біздің Алтыкеңнің қазасы бекерге болмағанын дәлелдейді. Соған көзім жетті бүгін!

Саясаттанушы Әзімбай Ғали:

- Менің ойымша, Нұрқаділов өлгенде қоғам тоқырап, шошып кетті. Ал Алтынбек өлгенде қоғамның бетке ұстар жігіттері бәрі тік тұрды. Яғни, қазақ жалпасынан жығылған жоқ екен! Енді, менің ойымша, демократиялық ойдан, ұлттық демократиялық ойға бетбұрыс басталады. Бүгін соның көрінісін байқадық.

Қазақстанда ұзақ жылдар жоғары лауазымды билік басында болған Алтынбек Сәрсенбайұлы өмірінің соңғы жылдары ресми биліктің жүргізіп отырған саясатымен келіспей, елде демократиялық өзгерістердің жүргізілуін мақсат еткен оппозициялық ой-пікірлері, идеяларымен көпшіліктің назарында болды. Ал 2006 жылы ақпан айының 13-күні Алматының шетінен Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жанындағы екі серігі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевтің мәйіттері табылды. Медицинаплық зерттеу қортындылары марқұмдарды қарудан әлдекімдер қасақана атып өлтірілгенін анықтады. Оның алдында, 2005 жылғы қарашаның 12-і кешке Алматыдағы өз үйінде елдің бұрынғы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы, 2004 жылдың көктемінен бастап президент Н.Назарбаевты қатты сын тезіне алып, оған қарсы шыққан Заманбек Нұрқаділов белгісіз жағдайда қаза болды. Оның екі рет кеуде тұсынан және бір рет басынан атқан оқтан қаза болғаны айтылды. Ол қазаға қатысты тергеу жүргізген заң орындары Нұрқаділов өзін-өзі атып өлтірді деген байлам жасады. Ал Алтынбек пен оның серіктерінің өліміне қатысты өткен сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының бұрынғы басшысының жеке басты реніші түрткі болған деп тауып, айып тағылғандарды әртүрлі жазаға кесті.

Алайда, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовті саяси қастандықтың құрбандары болды деп таныған елдегі оппозиция, марқұмдардың қандарын мойнына жүктеген қылмыскерлер әлі күнге дейін тасада қалып отыр деп санап келеді.
XS
SM
MD
LG