Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.13.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар, жаңа үкіметтің алға қойған міндеттері жайында жазыпты. Сондай-ақ, кейбір газеттер, Қазақстанның Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету туралы өтінішінің болашағы қандай болмақ деген мәселе көтеріпті.

«Комсомольская правда» басылымының жазуынша, жаңа үкімет ең алдымен экономика мен әлеуметтік саладағы проблемаларды шешіп, аймақтарды дамытуды қолға алмақ. Сондай-ақ, жұма күні өткен жаңа министрлер кабинетінің алғашқы отырысында премьер министр Кәрім Мәсімов, өзінің орынбасары Аслан Мусинге дайындалған және жасалу үстіндегі 120 мемлекеттік бағдарламаны сараптауды тапсырды. Бұған қоса, жаңа үкімет мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін, әкімшілік реформасын жүзеге асыруды жеделдетпек деп жазады «Комсомольякая правда».

Жаңа үкімет бір айдың ішінде Парламентке ұсынуы тиіс бағдарламада елдің бәсекелестікке қабілетін арттыру міндетіне баса мән берілмек деп жазады «Егемен Қазақстан». Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов Индустрия және сауда министрлігіне Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар құру шараларын жеделдету және жақын уақытта оның бірінші пилоттық жобасын іске қосуды жүктеді. Ал, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне орта мерзімді кезеңге белгіленген әлеуметтік саясат жөніндегі жобаны әзірлеу тапсырылды деп жазады «Егемен Қазақстан».

Ал, «Айқын» басылымы, Мәсімовтың премьерлікке тағайындалу сәтіндегі қазақ тілін дамытуға стратегиялық басымдық беретіні туралы уәдесін қалай бағалауға болады деген меселе көтеріпті. Басылымға сұхбат берген саясаткер Хасен Қожа-Ахметтің айтуынша, бұл эмоцияның жемісі. Әйтпесе қазақша білмейтін адам мемлекеттік тілді дамытады дегенге қалай сенуге болады дейді Хасен Қожа-Ахмет. Ал, жазушы Герольд Бельгердің пікірінше, бұрынғы үкімет те осындай уәде бергенімен, оның біразы орындалмады. Сондықтан, Бельгер, жаңа Үкімет осы кемшіліктен сабақ алуы тиіс дейді «Айқын» газетінде.

Жаңа Үкімет құрамына сараптама жасай келе, «Жас Алаш» басылымы Қазақстанның Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету туралы өтінішіне тоқталыпты. Жаңа сыртқы істер министрі Марат Тәжин iшкi-сыртқы идеологияны қалыптастыруда үлкен тәжiрибе жинақтағанымен, нақты дипломатияға жаңа қадам басып отыр. «Марат Тәжин мен Рахат Әлиев бiр мекемеде жұмыс iстесе алмайды, ондайды олар бастан өткерген» деген әңгiме бар. Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымымен арадағы дәнекер Рахат Әлиев болып келген. Ендеше, бұл ұйымға төрағалықтан үміт үзудің бір хабаршысы осы тағайындау шығар деп пайымдайды «Жас Алаш».

Ал, «Литер» басылымының жазуынша, Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге өтініш білдіру арқылы, Қазақстан осы ұйымның мүмкіндіктерін қолдана отырып, өзінің ұлттық мүдделерін қорғауды көздейді. Атап айтқанда Қазақстан жағы демократия және саяси институттарды дамыту жөнінде бұл ұйыммен қарым-қатынасты арттыру, дамыған батыс мемлекеттерімен екіжақты байланыстарды дамытуға мүдделі. Ұйым тарапынан Қазақстанның кандидатурасын талқылау барысында, елдегі демократиялық даму стандарттарының сақталмауына баса назар аударылады. Сондықтан да, Қазақстанда күтіліп отырған саяси реформалардың ел үшін маңызы жоғары деп жазады «Литер».
XS
SM
MD
LG