Accessibility links

Енді 30 жылдан соң Қазақстандағы әрбір екінші тұрғын қант диабетіне шалдығуы мүмкін

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Қазақстанда жыл сайын қант диабетімен ауыратын 7-8 мың адам тіркеледі. 30 жылдан кейін, мемлекеттегі әрбір екінші тұрғын осы дертке шалдығуы мүмкін деп ескертіп отыр мамандар. Қазіргі таңда елде тіркеуде тұрған сырқаттар саны 140 мыңнан асқан. Бұл туралы Қазақстан диабет қауымдастығының президенті Наталья Тукалевская мәлім етті. Қазақстанда жыл сайын сусамыр дертінің меңдеуі салдарынан көз жұматындардың саны артып келеді. Өткен жылдың 20-желтоқсанында Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблея қант диабетін – шығын көп жұмсалатын, асқынса мүгедектікке душар ететін созылмалы ауру деп танып, резолюция қабылдаған еді Қазақстан диабет қауымдастығының басшысы Қазақстан БҰҰ мүшесі болғандықтан бұл құжатты тезірек заңдастырылуына мүдделіміз дегенді айтады.

Қазақстан диабет қауымдастығының өкілдері елдегі диабет аурумен сырқаттанушылар 100 пайыз инсулинмен қамтамасыз етілген дегенді айтады. Бірақ, бір ғана дәрмекпен жабдықтап отыру жеткіліксіз, бұл дертке шалдығушылардың санын азайтуға бағдарламаларды жүзеге асыру керек дейді осы қауымдастықтың президенті Наталья Тукалевская.

- Жыл сайын қант диабетінің асқынуынан көз жұмып жатқан жастар қаншама! Аурудың 2-деңгейі бұрын тек егде тартқан кісілерден байқалса, қазірде онымен кішкентай балалар да ауыра бастады. Тағамдану мәдениетінің жетілмегендігінен осындай жағдай орын алып отыр. Құрамындағы қанты шектен тыс тағамдарды тұтынуға, газды сусындарды ішуге балаларға тиым салу керек. Үнемі қозғалыста болу керек.

23 жастағы Айгүл Саяқова қант диабетіне шалдыққаны 3 жыл бұрын, диабет қауымдастығының халық арасында өткізген осы дертті анықтауға бағытталған шарасы кезінде белгілі болды дейді.

- Бұрыннан бүйрегім ауыратын. Кейін, дәрігерлер диабетке студент кезімде, дұрыс тамақтанбағандықтан деп түсіндірді. Қазір арнайы диета сақтаймын. Инсулин егетіндей деңгейге жеткен жоқпын, бірақ, қалт етсе, созылмалы ауруым қозады. Ағзадағы қант деңгейін үнемі бақылап отырамын. Диабет – емделмейтін ауру. Сондықтан, диабетпен өмір сүруге дағдыланып келемін.

Медицина ғылымдарының докторы Светлана Плешкованың айтуынша, диабеттің өзінен гөрі, оның асқындыратын факторлар қауіп туғызатын көрінеді.

- Қант диабеті бүйрек, жүрек, көз, буын ауруларын қоздырады. Қазақстанда көзі көрмей қалғандардың 50 пайызы, жарқаттан болмаған ампутациялардың 70 пайызы – осы диабет салдары.

Балалар арасында ауру дендеп келе жатыр деуге болмайды, бірақ, бұл дерт 80 пайыз жағдайда бала әбден қатты сырқаттанып, талып қалған кезде анықталады дейді Қазақстан диабет қауымдастығының президенті Наталья Тукалевская.

- Біз мектептерде түскі ыстық ас міндетті түрде берілсін деген ұсынысымызды үкіметке өткізе алмай келеміз. Ал керісінше, буфеттер қанты көп өнімдер мен газдалған сусындарға лық толы. Ауылдық жерлерде диабетпен ауыратындардың санын анықтау мүлдем қиын. Мемлекет тарапынан мұны жолға қоюдың жолын ұсындық – медициналық оқу орындарынан студенттер отрядтарын шалғай жерлерге жіберу керек. Оған көп шығын кетпейді. Диабетпен ауыратын балаларды жазғы лагерлерге де алмайды. Оны да шешу аса қиын емес – дайындығы бар мамандар сол лагерлерде болу керек.

Осы қалыпта қала берсек, енді 30-40 жылда елдегі әрбір екінші азамат – диабетке шалдығуы мүмкін, дейді Қазақстан диабет қауымдастығының өкілдері.

Олар қазіргі қоғам пікірінше. диабетпен сырқаттанадындар – инсулин тұтынушылар деп қана қабылданады деп қынжылады. Өткен жылдың 20-желтоқсанында Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблея қант диабетін – шығын көп жұмсалатын, асқынса мүгедектікке душар ететін созылмалы ауру деп танып, Резолюция қабылдаған еді. Қауымдастық басшысы Қазақстан БҰҰ мүшесі болғандықтан бұл құжатты тезірек қабылдануына мүдделіміз дейді.

Қазақстанда олардың ресми саны 140 мың. Жыл сайын бұл дертке 7-8 мың адам шалдықса, 5 мыңнан астам адам осы аурудың асқынуынан көз жұмады. Қазіргі кезде әлемде 240 млн-ға жуық адам қант диабетімен ауырады.
XS
SM
MD
LG