Accessibility links

Қазақстанда мемлекеттік меншіктегі дәріханалар желісін кеңейту ұсынылып отыр


Қазақстанда жеке меншік дәріханаларға қарағанда дәрілерді сәл арзанға сататын мемлекеттік дәріханалар жүйесі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Астана әкімшілігінде денсаулық сақтау министрлігінің комитет бастығы Виктор Маджуга хабарлады. Оның айтуынша жеке меншік дәріханалардағы дәрілердің қымбаттауы және науқастардың оған қолы жете бермейтіндігі белгілі. Ал, кейбір мамандар бұл салада мемлекеттің бизнеске араласуы екі талай деген пікірде.

Жергілікті экономистердің айтуынша дәрі сатудан түсетін қаржы кәсіпкерлерге орасан табыс әкеледі. Сондықтан олар бұл бизнеске мемлекетті араластырмауға тырысады. Оның сыртында жыл сайын Қазақстанда медицинаны қаржыландыру 30 пайызға ұлғайып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше қазір ішкі жалпы өнімнің 2,8 пайызы медицинаға жұмсалады. Ресми мәлімет бойынша қазір Қазақстандағы барлық дәріханалардың 95 пайызы жеке меншік қолда, мемлекеттік дәріханалар тек 5 пайызға әзер жетеді. Олар ауруханаларда орналасқан. Ал, Қызылордадағы «Жастар жетістігі» қоғамдық қорының өкілі Жақсыгүл Махамбетованың айтуынша дәріхана иелері табысын жасырғысы келеді, сондықтан қазіргі уақытта денсаулық саласына жұмсалатын қаржы туралы мәлімет алу қиын, дейді ол:

- Сол саладағы кәсіпкерлер мәліметті бергісі келмейді. Олар оны коммерциялық құпия деп есептейді. Ал ол мәліметті ала алмасақ Қазақстан бойынша денсаулық саласына қанша қаржы керек екенін біле алмаймыз.

Ресми мәлімет бойынша республикалық бюджеттен жеңілдікпен дәрі алуға деп қаржы бөлінген. Және әрбір емханада кейбір науқастарға тегін берілетін дәрілердің тізімі бар. Мемлекет тек әлеуметтік маңыздағы індеттер бойынша көмек көрсетеді. Осындай науқаспен ауруханада жатқандар дәрілерді не жеңілдікпен не тегін алады. Осындай жеңілдіктерге үйреніп қалған Қостанай тұрғыны Айнұр Күзербаеваның айтуынша жеке меншік дәріханалардан гөрі мемлекеттік дәріханалар халыққа пайдалы:

- Менің ойымша Қостанайдағы дәріханалардағы дәрілер Астанаға қарағанда арзанырақ. Қостанайда әр дәріханада зейнеткерлерге және студенттерге 10-15 пайыз жеңілдікпен беріледі. Ал Астанада мен мұндайды көрмедім. Сондықтан мен дәріні тек Қостанайдан аламын. Сосын тағы байқағаным, Астанада орталықта тұрған дәріханаларда дәрілер қымбат болады, қала шетімен салыстырғанда. Менің ойымша арзаны мемлекеттік дәріханалар.

Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің төрайымы Лариса Пактың айтуынша 1995 жылдан бері фармацевтика саласы бәсекеге берілген. Мақсат нарық талаптарына сәйкес бәсекенің арқасында дәрінің бағасын арзандату деп хабарланады. Жеке меншік кәсіпкерлік туралы заңға, бәсеке туралы заңға және дәрі құралдары туралы заңға сәйкес мемлекет дәрі сату саласына араласа алмайды, дейді Лариса Пак.

Ресми мәлімет бойынша елде сатылатын дәрінің 90 пайызы шет елдерден енгізіледі. Отандық өндіруші өнімі тек 10 пайызға жетеді. Ондада бұл дәріні «Химфарм», «Ромад» және «Глобалфарм» сияқты бірнеше кәсіпорынғана шығарады. Осыған орай жергілікті саясаткерлер елге енгізілетін шетелдік дәріні азайту керек деп сан рет ұсыныс жасаған. Ал, денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің төрайымы Лариса пактың айтуынша дамыған елдердің өзінде отандық өндіруші дәрілері ішкі тұтынудың тек 20 пайызын жабады. Өйткені дәрі шығару өндірісін ашуға көп шығын және уақыт кетеді, дейді ол.

Ал, дәрі құралдары туралы заңда жазылғандай дәріханаларды денсаулық сақтау министрлігі емес, жергілікті органдар ашуға құқылы ондада аса қажет болған жағдайда. Бірақ заңда жазылғандай шалғай аумақтар үшін денсаулық сақтау министрлігінің мамандары дәрі сатуға құқылы. Ресми мәлімет бойынша Қазақстан базарында тіркелген 10 мыңнан астам препарат бар.
XS
SM
MD
LG