Accessibility links

Қазақстанда шетел азаматтарына базарларда сауда жасауға тиым салыну мүмкін бе?


«Шетел азаматтарына базарларда сауда-саттықпен айналысуына тиым салыну керек, ал республика аумағында заңсыз жүрген шетелдіктер өз елдеріне қайтарылуы тиіс». Қаңтардың 17-күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асқар Бейсенбаев осындай мәселе көтеріп, Қазақстан үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Парламент мүшесінің бұл мәлімдемесі Алматы базарларында сауда жасап тұрған шетелдік азаматтарды абыржытып тастады.

Мәжіліс депутатының мұндай сауал жолдауына Қазақстанға жан-жақтан келіп жатқан шет елдіктер санының артуы себеп болған көрінеді.

«Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Тәжікстан елдерінен келіп сауда жасап жүрген азаматтар Қазақстан базарларын жаулап алды десе де болады. Біз өз азаматтарымыздың құқығын қорғауымыз керек. Шетел азаматтарына базарларда жұмыс істеуге тиым салынса, біріншіден, жұмыс орнының саны артады. Екіншіден, әртүрлі тауарлармен келетін зиянды қатерлерге тосқауыл қойылады. Олардың көбейгені соншалық, базарларда қарапайым қазақтың балалары солардың арбаларын тартып жүрген жайлары бар. Көрші елдер, атап айтқанда, Ресей, Қырғызстан мемлекеттері өз мүддесін қорғап, шетел азаматтарының дүкендерден тыс жерлерде, базарларда, сауда палаткаларында сауда жасауына тиым салды. Қазақстанның жер көлемінің көп екендігін оған келушілер санының да артып отырғандығын ескере отырып, біз де тиым салуымыз керек деп есептеймін», - деді депутат Асқар Бейсенбаев.

Депутаттың бұл пікірін қазақстандық саясаткерлердің кейбірі қостап отыр.

«Депутат көтеріп отырған мәселе өте маңызды. Қазақстанға келетін шетелдіктер санына шектеу қою мәселесі бұдан ертерек көтерілу керек еді. Біз алдымен ішкі миграцияны шешіп алуымыз керек. Ауылдан қалаға келіп жатқан көптеген азаматтарымыз жұмыссыз. Оларды ешкім ойлап жатқан жоқ. Сыртқы миграцияға, менің ойымша, осындай көзқарас болу керек. Олардың бәрін қабылдай беруге болмайды. Басқа жақтардан кейде тек қара жұмыс істейтін азаматтар емес, ол мигранттардың арасында аурулары да, нашақорлары да, криминалды азаматтар да келуі мүмкін. Соларға тосқауыл болуы керек», - дейді саясаткер Сейдахмет Құттықадам.

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Алматыда тіркелген шетелдіктер саны - 131399 адамды құраған. Солардың 112258-і ТМД елдерінен, ал 19141 адам алыс шетелдерден келген екен. Былтыр көші-қон полициясы шетел азаматтарының келу ережесін бұзған 15 мыңнан астам шетелдікті әкімшілік жауапқа тартқан. Ресми мәлімет өткен жылдың желтоқсан айының соңында жалпы Қазақстан бойынша 160 мыңға жуық заңсыз мигранттар заңдастырылды деген дерек келтіреді. Жалпы, 2006 жылы Қазақстанға орта есеппен 1,5 млн. шетелдік келген.

Алматының орталық базарында аяқ киім саудасымен айналысатын қырғыз саудагері Тамара Құбашева «шетел азаматтарына базарларда сауда-саттықпен айналысуға тиым салыну керек» деген ақпарат өзін абыржытып тастағанын айтты. 5 жылдан бері Алматыда сауда жасап, тұрмыс жағдайын түзеген Тамара:

«Қазақстан заңына сәйкес жергілікті ішкі істер мекемесіне барып тіркеліп, салығымды төлеп, саудамды жасап жатырмын. Менің түпкілікті осы жерде тіршілік істегім келеді. Еліме барғанда не істеймін? Менің жеке өз басым бұл жерден кеткім келмейді», - дейді.

Тағы бір қырғыз саудагері Бермет Болжурова: «Тіпті Қазақстан үкіметі бізді қабылдаса осында біржолата көшіп келуге де дайынбыз. Осы жерден нан жеп жатырмыз, рахмет! Біздің осы базарда тұрғанымызға жақында он жыл болады. Сол он жылдан бері тамағымыз бен киіміміз жетісті, құдайға шүкір. Қысқасы, осы жер бізге ұнайды. Егер жағдайымыз болса, балаларымызды да осы жерде оқытқымыз келеді», - дейді.

Ал қатардағы қазақстандық азамат Нұртілеу үкімет шетелдік мигранттарға шектеу қоюы тиіс деп санайды.

«Қазіргі Қазақстан үкіметінің шетелдік еңбек мигранттарына қатысты ұстанып отырған саясатын қолдамаймын. Өзіңіз ойлаңызшы, біз жаңадан дамып келе жатқан мемлекетпіз. Өзіміздің қаншама адамдарымыз жұмыссыз жүр. Ал бізге сырттан келетін қырғыз, өзбек, тәжік азаматтарын былтыр заңдастырды, олар бізге келеді де, еңбек нарығындағы бағаны екі-үш есеге дейін төмендетіп, жұмысты тартып алғандай болады. Ал біздің өзіміздің азаматтар тағы да көшеде қалады”, деген уәж айтады Нұртілеу.

Осы аптаның басында жария болған Дүниежүзілік банктің баяндамасында, мигранттарды қабылдаушы елдер тізімінде Қазақстан әлем бойынша тоғызыншы орында тұрғандығы көрсетілген.
XS
SM
MD
LG