Accessibility links

Алматыда Кеден қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жақсарту мәселесіне қатысты халықаралық жиын өтіп жатыр


Қаңтардың 17-сі күні Алматыда басталған, «Кеден органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жақсартудың стратегиялық әдістері» деген тақырыппен өтіп жатқан бұл халықаралық жиынға Дүниежүзілік кеден ұйымының бас хатшысы Мишель Дане мырзаның өзі қатысып отыр. Сондай-ақ жиынға Әзірбайжан, Моңғолия, Ауғанстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстанның кеден қызметінің басшылары қатысып отыр.

Кеден қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қатысты осындай халықаралық жиынды Алматыда өткізу жөніндегі шешім өткен жылы Үндістанда болған Дүниежүзілік кеден ұйымының саяси комиссиясының 56-шы сессиясында қабылданған екен. Халықаралық жиынды ашып сөз сөйлеген Қазақстанның қаржы министрлгінің кедендік бақылау комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров әуелі Қазақстанда кеден қызметін жаңалау және Халықаралық стандарттарға сай қылу мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жайында сондай ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге қатысты жасалған заңнамалық жұмыстар жайында айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2006-2010 жылдарға арналған үкіметтік жоспар қабылданып іске аса бастаған. Алайда, кеден қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте Дүниежүзі кеден ұйымы және басқадай мемлекеттердің осы салада қол жеткізген табыстары мен тәжірибелерінен үйрену керек екендігіне назар аударатын кез жетті деді Қазақстанның қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров өз сөзінде.

Дүниежүзілік Кеден ұйымының бас хатшысы Мишель Дане мырза «Азаттық» радиосының тілшісіне берген сұқбатында, Қазақстан осы елдің басшысы Н.Назарбаевтың басқаруымен елдегі сыбайлас жеморлыққа қарсы күресті бастағанын, соған байланысты елде бақылау орындары құрылып, тиісті заң, ережелердің өмірген енгендігін алға тартты. Соған қарамастан «майлы жілік» басында отырған кеден қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа баруына түрлі себептер бар, сондықтан оған қарсы күресті неше айлап, неше жылдап жүргізу қажеттігі туындап отыр. Бұл құбылыс тек Қазақстанға ғана тән құбылыс емес, бұл бүкіл әлем елдерінде бар құбылыс. Оны біржолата жою мүмкін емес-ау бірақ та азайтуға әбден болады, деді ол.

Шығыс Қазақстан облыстық кеден басқармасының бастығы Өмірзақ Ерлан кеден қызметкерлері арасында парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа баратын кеденшілер бар дегенді жоққа шығармайды. Өткен жылы осындай қылмысқа барғаны үшін 4 кеденші ұсталып, қазір қылмысы үшін заң алдында жауап беріп жатыр дейді ол. Оның айтуынша, кеден қызметінде сыбайлас жемқорлықтың тууына ағайындық, көкелік, туыстық жағдайлар көп әсер етеді. Сондықтан да оңтүстік өңірлерге қарағанда Шығыс Қазақстан жақта сыбайлас жемқорлыққа бару фактілері аз кездеседі дейді ол. Оның айтуынша, бүгінде кеденшілердің айлық жалақылары тәп-тәуір, яғни бірден үй сатып ала алмаса да өз отбасын еркін асырауға жетерлік ақша дейді ол.

Қазақстандағы ең ірі кеден деп аталатын Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарадағы «Достық» кедені бастығының міндетін атқарушы Әлім Жусанбаев кедендегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресудің екі түрлы тәсілін айтады. Біріншісі, кеден қызметіне адам алғанда оны жақсылап тұрып тексеріп, оның білімін, оның адалдығын, бәрі-бәрін қараған жөн. Ал екіншісі, кеден бекетінің бастығын қалайда екі жылда бір ауыстырып тұру керек, өйткені, қазақта бір жақсы мақал бар, ол «қасқырдың ауызы жесе де қан, жемесе де қан» деген дейді ол. Ал Қырғызстан үкіметі жанындағы кеден инспекциясының директоры Салайдын Айдаров сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті бүкіл ел болып жүргізу керек, сонда ғана табысқа жетуге болады дейді.
XS
SM
MD
LG