Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.18.2007 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар, Қазақстанның экономикалық жағдайына байланысты түрлі сараптамалық материалдар жариялапты. Сондай-ақ, газет беттерінде Алматы қаласындағы Республика алаңында көп қызметті жерасты орталығы салынатына байланысты түрлі пікірлер айтылған.

«Айқын» басылымы, бүгінде Қазақстанда экономика шамамен 2,5 есеге өскенімен, 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есеге төмен деп жазады. Қазір Қазақстанда халықаралық сапалы тауарлар өндіруге назар аударылуда. Шетел рыногында біршама қазақстандық тауар сұранысқа ие. Дегенмен шикізат экспорты тым басым. Тіпті елде өндіруге болатын тауарлардың өзі алыс-жақын шетелдерден экспортталады дей келе басылым, Қазақстанда қой терісінен тон тігудің пайдасын есептеп шығарыпты. Осылайша бұл мақаланы «Айқын» газеті, табысы Қазақстанда қалатын кез-келген өндірісті ұйымдастыруға Үкімет тарапынан қолдау жасау керек деп түйіндейді.

«Время» басылымының жазуынша, тек шикізатқа негізделген экономиканың кезеңі аяқталып келеді. Басылым, тәуелсіз сарапшы, экономист Қанат Берентаевтың пікірін келтіреді. Сарапшының айтуынша, өткен жылдарда елде ішкі жалпы өнімнің 80 пайызға жетуі әлемдік нарықтағы мұнай бағасының жоғары болуының арқасында. Бірақ бұл қатардағы азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсартпайды, керісінше, төмендетеді. Мысалы, 2002 жылы мұнайшы мен қарапайым бюджет қызметкерінің жалақысында 30 мың теңге айырмашылық болса, 2006 жылы ол 50 мың теңгеге жеткен. Яғни, елде әлеуметтік теңсіздік өсіп барады деп жазады «Время» басылымы.

«Свобода слова» апталығы, жаңа үкіметтің келуімен ел экономикасында сапалы өзгерістер болуы мүмкін бе деген сауалға жауап іздейді. Апталықтың пайымдауынша, Қазақстан экономикасын тұрақты даму деңгейіне жеткізу үшін, макроэкономикалық саясат басымдықтарын, жобалау иедологиясын өзгерту жөнінде саяси шешім қабылдануы тиіс. Әлемнің дамыған елдері қатарынан табылу мақсатында, экономикалық өсуді жаңа сапаға көтеру үшін ұзақ мерзімді стратегия жасалуы тиіс деп жазады «Свобода слова» апталығы.

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, «Алмалы» көп қызметті қоғамдық орталықтың жобасын жасаған Алматы қаласының әкімшілігі мен «Базис-А» корпорациясы. Жобаның ерекшелігі де сонда, нысан Фурманов пен Желтоқсан даңғылдарының арасында Республика алаңында, жерастында орналаспақ. «Казахстанская правда» басылымының дерегінше, кешеннің жалпы көлемі жүз мың шаршы метр болады. «Алмалы» орталығында кинотеатр, балалар алаңы, аттракциондар, бильярд клуб, боулинг орталық, мейрамхана, кафе, дүкен, түнгі клуб және өзге де көпшілік орындары болады.

«Түркістан» басылымы 2009 жылы пайдалануға берілетін, 20 метр тереңдіктегі жерасты орталығында адам жанына керектің бәрі болмақ деп жазады. Яғни, апталықтың пайымдауынша, мұнда келген адам көңілді демалып, өзіне керекті затты сатып ала алады. Қаржы орталығына лайық Алматы қаласы үшін мұндай кешеннің болғаны құп, - дей келе «Түркістан» басылымы, жоба иелері қауіпсіздік шараларын да қатаң түрде ескеретіндігін айтыпты. Газеттің жазуынша, «Алмалы» жерасты орталығының құрылысына 150 миллион АҚШ доллары жұмсалады деп көзделген.

Ал, «Свобода Слова» және «Тасжарған» басылымдары, жерасты кешенінің салынуына наразылық білдірген «Нағыз Ақ Жол» Демократиялық партиясының мәлімдемесін жариялапты. Онда «Нағыз Ақ Жол» партиясы 1986 жылы желтоқсан көтерілісінде жастардың қаны төгілген жерге, сауда - ойын-сауық кешенін салу туралы жобаны қорлаушылық деп бағалайды. Республика алаңы барлық қазақстандықтар үшін, тәуелсіздіктің, еркіндік пен тоталитаризмге қарсы күрестің символы болып табылады. Сондықтан, «Нағыз Ақ Жол» партиясының пікірінше, бұл естелік орнын көңіл көтеру орталықтарына айналдырудан гөрі, өзге мақсатқа пайдаланған жөн деп жазады «Свобода слова» және «Тасжарған» газеттері.
XS
SM
MD
LG