Accessibility links

Тіркелмеген «Атамекен» партиясы өзіне биліктен саяси қысым жасалып жатқанын айтады


18 қаңтар күні бірқатар қоғамдық ұйымдар тіркелмеген «Атамекен» партиясын қолдауға және құқық қорғау мекемелерінің партия жетекшілеріне қысым көрсетуіне байланысты мәлімдеме жасады. Қоғамдық ұйым жетекшілерінің пікірінше, Қазақстанда шенеуніктер мен құқық қорғау мекемелері заңды бұзу және өз қызметтерін асыра пайдалану әрекеттерін жиі қолданып келеді. Оған мысал, 17 қаңтар күні Алматы қаласы Медеу аудандық прокуратурасының «Атамекен» партиясының жетекшісі Ержан Досмұхамедовке қатысты жасаған әрекеті дейді олар.

Қазақстанда әлі тіркелмеген «Атамекен» саяси партиясының төрағасы Ержан Досмұхамедов өзі басшылық етіп жүрген партияның белсенді жұмыстары биліктегілерге ұнамағандықтан, партияның саяси жұмыстарына кедергілердің жиі жасалынып тұратынын айтады. 17 қаңтар күнгі оқиғаны да ол өзіне жасалған келесі бір саяси қысым деп есептейді.

- 2006 жылдың 17 қаңтары күні Алматы қаласы Медеу аудандық прокуратурасының маған тіркелмеген «Атамекен» партиясының бланкісін заңсыз пайдаландыңыз деген түсінігін тапсыруы мені таң қалдырды. Мүлде болмаған бланкіні болды деп, маған оның түпнұсқасын көрсетпей, түсінік беруі - заңға қайшы. Мұны мен маған жасалған саяси қысым деп есептеймін. Біз президентшіл партия болып есептелінеміз және президенттің демократиялық жаңаруға қатысты жариялаған бағдарламасын қолдаймыз. Біз осыған атсалысқымыз келеді. Бірақ біздің партия араласып жүрген көптеген шараларға шенеуніктер мен құқық қорғау мекемелерінің бөгет болатынын мен түсіне алмадым. Біз халықтың мүддесін қорғап жүрміз. Жемқорлық сияқты мәселелерді көтеріп жүруіміз де сондықтан, - дейді Ержан Досмұхамедов.

Сондай-ақ, ол сәрсенбі күні Алматыда прокуратурада түсінік тапсыру кезінде оған прокурордың журналистер алдында дауға ұласқан бланкі түпнұсқасын көрсете алмағанын, оның орнына оны прокуратура мекемесінен шығарып жібергенін айтты. Партия жетекшісі бұл жағдай өзінің Президент Әкімшілігіне жолдаған хатынан туындап отыр деп санайды. Және ол хатта ешқандай да партия бланкісінің болмағанын жеткізді Е.Досмұхамедов. «Азаттық» тілшісі осы оқиғаға байланысты Медеу аудандық прокуратурасына хабарласқаныммен, ондағылар уақытының жоқ екендігін айтып, баспасөзге қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

«Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағының» төрағасы, заңгер Василий Резван прокуратура биліктің тапсырысын орындап отыр дей келіп, құқық қорғау мекемелерінде партия жетекшісін айыптайтындай құжаттың болмағанына сенімді екенін айтады.

- Заң бойынша, прокуратураға тергеу жұмыстарымен айналысуға болмайды. Егер олар бланкі заңсыз пайдаланылды деп есептесе, онда прокуратура бірінші оның анық-қанығына жету үшін Ішкі істер министрлігіне тапсыруы керек еді. Алайда прокуратура мұны істемеген. Сондай-ақ, прокуратурадағылар келіп түскен бұл істі тіркеу керек еді. Ол да жасалмаған. Сондықтан мұның бәрі аты-жөнін айтқысы келмейтін белгісіз біреулердің ісі болып отыр, - дейді Василий Резван.

Ал Қазақстандық халықаралық «Демократия және құқық» тарихи-құқық орталығының төрағасы Барета Ерғалиева Қазақстанда саясаткерлерге қарсы әдейі ұйымдастырылып отыратын жөнсіз айыптауларға құлағының үйреніп кеткенін айтады.

- Менің құқық саласында жұмыс істеп жүргеніме 15 жылдай болды. Сол уақыттан бері мен қазақстандықтардың құқықтық қорғалуы төмендеп кеткенін байқадым. Расында да, прокуратура қызметкерлері алдымен Досмұхамедов мырзаға құжаттың түпнұсқасын көрсетуі керек еді. Ал олар болса, керісінше, өздері заңды бұзды. Осындай жағдайлар жиі орын алмау үшін қазір бізге қоғам болып бірігіп, заңсыздықтармен күрес жүргізу керек, - дейді Барета Ергалиева.

Сол сияқты бұл оқиғаға «Ел болашағы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Бағдат Әріпов те алаңдайтындығын жеткізді.

- Ұлттық мүддені көтеріп жүрген саяси партия басшысына қарсы биліктің саяси ойындар ұйымдастырып, одан тырнақ астынан кір іздеуі бізге түсініксіз жағдай, - дейді Бағдат Әріпов.

Қазақстанда әлі тіркелмеген «Атамекен» партиясының тиісті құжаттары Әділет министрлігінде тіркеуде жатыр. Ұйым жетекшісі Ержан Досмұхамедовтың айтуынша, партия тіркелуге қажетті халық арасынан 60 мыңнан аса дауыс жинаған.
XS
SM
MD
LG