Accessibility links

Қазақстандық қоғамдық ұйымдар Орынбордағы тарихи ғимараттардың сақталуы үшін мемлекеттен араша сұрап отыр

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазақстанның бірқатар қоғамдық қозғалыстары 20 ғасырдың басындағы Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуында үлкен рөл атқарған Ресейдің Орынбор қаласындағы тарихи орындарды Қазақстан үкіметінің қарауына алуға өтініш білдіріп отыр. Ұсыныс білдірушілердің пікірінше, Қазақстан тарихы үшін маңызы зор тарихи ғимараттар өзге мемлекетте орналасқандықтан, біртіндеп жойылып кетуі мүмкін.

Тарих ғылымының докторы Қамбар Атабаев 20 ғасырдың басында Қазақстан тарихындағы негізгі оқиғалар өткен Орынбордағы екі ғимаратты ұзақ уақыттан бері Қазақстаннның қамқорлығына алуға күш салып жүргенін айтады. Ол екі ғимараттың маңыздылығы жайында былай дейді.

- Екі үйдің біреуінде Ахмет Байтұрсынов 5 жыл тұрып, «Қазақ» газетін шығарған. Ол ескі, ағаштан тұрғызылған. Ал екінші үй 3 қабатты ғимарат. Онда 1917 жылы екі бірдей жалпықазақ сиездері өткен. Мұнда алдымен «Алаш» партиясы құрылса, кейіннен «Алашорда» үкіметі құрылды. Қазақтың тұңғыш ұлттық саяси партиясы мен үкіметі құрылған үйден қазіргі күнде құнды үйлер жоқ шығар? Сондықтан да, тым болмағанда, бұл үйлердің екі бөлмесін алып, олардан мұражай жасаса, жақсы болар еді, - дейді тарихшы.

Қамбар Атабаевтың пікірінше, музей орнату кейінгі жұмыс, ең алдымен осы ғимараттардың тарихи маңыздылығын көрсетіп, кейінгі ұрпаққа таныту үшін екі үйге де мемориальдық тақта орнату керек. Ол үшін алдымен Қазақстан жағы маңызды деп есептелетін ғимараттардың құндылығын Ресейге дәлелдеу керек дейді тарихшы.

- Мен Орынбор облысы губернаторына және қала мэріне хат жаздым. Сосын бұған байланысты Ресейдің Мемлекеттік Думасынан арнайы хат алдым. Олар «егер осы екі үйдің қазақ халқына қатысы бар тарихи ескерткіш екендігін дәлелдесеңіздер, біз оған қарсы болмаймыз. Думадан осыған байланысты шешім шығарып береміз» деді. Ал мен үйлерді мұрағат құжаттары негізінде қазаққа қатысы бар екенін дәлелдедім, - дейді Қамбар Атабаев.

Әлі тіркелмеген «Атамекен» саяси партиясының төрағасы заңгер Ержан Досмұхамедов аталған шаруаларды іске асырудың заңдық кедергілері жоқ екенін айтады.

- Мен бұл жерде заңдық кедергі көріп отырғам жоқ. Барлығы Қазақстан мен Ресей басшылығының саяси ерігінде. Оның үстіне біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз жоғарғы деңгейде. Билік те, Орынбор басшылығы да қазақтардың тарихты құрметтейтін сезімдеріне түсінікпен қарайды деп ойлаймын. Жалпы әлемдік тәжірибеде құнды деп есептелінетін тарихи жәдігерлер бір мемлекеттерден екінші мемлекеттерге беріліп тұрады. Түркістандағы Тайқазанды да Эрмитаждан осылай алдық емес пе? – дейді Ержан Досмұхамедов.

Ал «Ел болашағы» Республикалық халықтық қозғалысының төрағасы Бағдат Әріпов тарихшы көтеріп жүрген идеяны жоғары бағалайтынын айтады.

- Қазақ тарихы дұрыс зерттелмеген ғылым. Сол үшін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу үшін Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин сияқты интеллигенция өкілдерінің тарихын зерттеп, халыққа паш етуіміз керек, -дейді Бағдат Әріпов.

Сонымен қатар, Бағдат Әріпов «Ел болашағы» қозғалысымен бірге «Атамекен» саяси партиясының және Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың осы екі үйге арнап мемориальдық тақталар дайындап шығарғанын да жеткізді. Осы шараны жүзеге асыруға президенттен көмек сұрап, оған ашық хат та жазғанбыз дейді ол.

1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің редакциясы болған және 1917 жылы «Алаш»партиясы мен «Алашорда» үкіметі құрылған үйлер Орынбор қаласында орналасқан. Оның бірі тұрғын үй ретінде пайдаланылып жатса, екіншісінде офистер орналасқан.
XS
SM
MD
LG