Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.19.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдарда, Атырау облысы Қаратабан елді мекеніндегі түріктің «Гате Иншаат» компаниясында еңбек ететін жергілікті жұмысшылардың еңбекақы көлеміне байланысты наразылық шарасын ұйымдастырғаны туралы сөз болады. Сондай-ақ газеттер, Алматы қаласындағы тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы жер дауының салдарлары туралы жазыпты.

Атырау облысы Қаратабан елді мекеніндегі жұмысшылар наразылығына байланысты «Айқын» газеті, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Дулат Тасымовтың түсініктемесін жариялапты. Онда Тасымов, 2006 жылдың қазанында Теңіз кен орнында болған қазақ-түрік жанжалынан кейін әкімшілік шетелдік жұмыс берушілерге жергілікті жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру туралы қатаң талаптар қойған дейді. Алайда, баспасөз хатшысының айтуынша, кейбір компаниялар еңбекақы мәселесін әлі де толық шешпей отыр. Жұмысшылар наразылығы да осы еңбекақыға байланысты. Қазір түрік компаниясындағы жағдайды облыс әкімінің бірінші орынбасары Сәрсенбай Еңсегенов өз бақылауына алған, - дейді Дулат Тасымов «Айқын» газетінде.

Еңбекақы мен еңбек жағдайының түзелмегеніне наразы болған қазақстандық жұмысшылардың толқуы Қаратабан елді мекенінде бір апта бұрын басталған. Бұл туралы «Эпоха» апталығы жазады. Басылымның дерегінше, бейсенбі күні «Гате Иншаат» фирмасының аумағында мыңға тарта жұмысшы жиналып митинг өткізіп, Атыраудағы облыс әкімшілігінің алдына барып наразылық білдіруді ұйғарған. Қалаға жол тартқан жұмысшыларды полиция мен арнайы бөлім отрядтары қалаға жібермеген. Есесіне облыс әкімі Бергей Рысқалиев келіп жұмысшылармен жиналыс өткізіпті. Бұған қоса «Эпоха» газеті, осы оқиғаның салдарынан аумақта орналасқан өзге кішігірім фирмалар жұмысшыларының біразын жұмыстан шығарып үлгергенін жазады.

«Караван» басылымы Алматы қаласының орталығында, үйі мемлекеттік қажеттілік үшін қиратылуға жіберілген отставкадағы полковник өзін-өзі атып өлтіргенін жазыпты. Апталықтың дерегінше, марқұм Марат Бисебаев, соңғы хатында өзінің өліміне, үйінен көшірілуі себеп болғанын жазып кеткен. Сондай-ақ, басылымға сұхбат берген, марқұмның көршілері Бисебаевтың үйі үшін төленген өтемақыға наразы болып, сотқа шағымданғанын айтады. Бұл іс бойынша сот процесі енді ғана басталған, ешқандай шешім шығарылмаған. Ал, Алматы қаласының бас жоспары бойынша, марқұмның үйі тұрған жерге көппәтерлі тұрғын үй салынуы тиіс деп жазады «Караван» басылымы.

«Новое поколение» апталығы кез-келген құрылысқа рұқсат беріп отырған шенеуніктердің өзі пара алмайды дегенге ешкім сенбейді деп жазады. Басылым дерегінше, өткен жылы Қазақстанның ірі құрылыс компаниялары 10 миллиард доллардан астам таза пайда тапқан. Құрылыс барысында 3 мың адам көшірілген. Егер осы құрылыс компаниялары табыстарының 10 пайызын, яғни, 1 миллиард долларды өтемақыға қосса, үйін босатып берген әр адам қосымша 400 мың доллардан алар еді. Үйі бұзылған тұрғындар наразылығын болдырмау үшін, мердігер компания шенеуніктермен емес, тұрғындармен табысын бөлісуі тиіс деп жазады «Новое поколение».

Шаңырақ оқиғасы Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың үлкен саяси қателігі дейді «Республика» газетінде «Шаңыраққа тірек» комитетінің төрағасы Дос Көшім. Қазір Алматы қалалық сотында өткен жылы 14 шілдеде Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғаға байланысты сот процесі жүріп жатыр. Онда жерді заңсыз басып алушылар тәртіп сақшыларымен қақтығысып, осы оқиға кезінде полиция лейтенанты тірідей өртелген болатын. Бұл іс бойынша 25 адам айыпкер деп танылған. Ал Дос Көшім, полиция қызметкерін өртегендер жазасын алуы тиіс дейді. Сондай-ақ, сот бұл қақтығыстың себебін анықтауы қажет. Билік пен хұқық қорғау орындарының әрекеті тиянақты түрде сарапталуы тиіс дейді Дос Көшім «Республика» газетінде.

Осы орайда «Деловая неделя» апталығы Қырғызстанда құрлысы аяқталмаған ғимараттарды заңсыз басып алу жиілеп кеткенін жазады. Мұндай жағдай, әсіресе 2005 жылғы наурыз төңкерісінен кейін көбейіп кеткен. Ош пен Жалал-Абад қаласында 5 ғимаратты тұрғындар заңсыз басып алған. Жергілікті соттар заңсыз басып алушыларды мәжбүрлеп шығару туралы шешім шығарған. Ал, жақын күндері Қырғызстан президенті заңсыз басып алушылар бұрынғыдай әкімшілік емес қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы заңға қол қойды деп жазады «Деловая неделя» апталығы.
XS
SM
MD
LG