Accessibility links

Қаңтардың 19-ында Демократия күні атап өтілді


Биыл қаңтардың 19-ы күні бесінші рет ресми емес түрде "Демократия күні" ретінде аталып, Қазақстанның демократиялық дамуына үлес қосты деген азаматтар кезекті "Азаттық" сыйлығымен марапатталды. Биылғы жылы осындай сыйлық 6 азаматқа берілді. Олардың арасында былтыр қайтыс болған: саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен саясаттанушы Нұрболат Масановтың және былтыр сотталған оппозициялық ұйым белсендісі Әлібек Жұмабаевтың есімдері аталды. Алайда, осы жолғы Демократия күніне орай ұйымдастырылған салтанатты кешке ұйымдастырушылардан басқа оппозициялық ұйым лидерлері келмеді.

«Азат» газетінің журналисі Қазис Тоғызбаев қаңтардың 19-ын өзі үшін тарихи сәт деп есептейді.

«Өйткені, осы күні Қазақстанның қоғамдық демократиялық ұйымдарынан «Азаттық» сыйлығын алуым бұған дейінгі жеткен табыстарымнан әлдеқайда биік. Сондықтан, бір жағынан мені билік қудалап, түрмеге отырғызуға тырысу арқылы жоғары бағалағанына, екінші жағынан, демократиялық қауымдастықтың да мені бағалап, марапаттауына өте қуаныштымын», - деді отставкадағы полковник, қазірде «Азат» газетінің тілшісі Қазис Тоғызбаев.

Бүгінде өзіне қарсы президенттің ар-намысына нұқсан келтірді деген күдік келтіріліп, сот процесі жүріп жатқан журналист Қазис Тоғызбаевтан өзге 2006 жыл бойынша берілген «Азаттық» сыйлығын тағы 5 саяси қайраткер алды.

Лауреаттар арасында Қазақстандағы зейнеткерлер құқығын қорғайтын «Поколение» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина, Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис, былтыр 5 жылға бас бостандығынан айырылған оппозициялық «Әділетті Қазақстан» қозғалысының белсендісі Әлібек Жұмабаев және 2006-шы жылы қаза болған оппозиция лидерлерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен былтыр дүниеден озған саясаттанушы Нұрболат Масановтың аттары аталды. Алайда, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Әлібек Жұмабаевқа берілген сыйлықтарды осы жиынды ұйымдастырушы «Алға» партиясының өкілі Бақыт Түменова қабылдап алуға мәжбүр болды. Ол бұл азаматтардың туыстарының жиынға келмеуіне өкініш білдіре отырып, осы сыйлықтардың Қазақстанның болашақ демократия мұражайына қойылатындығын айтты.

«Ат терлетіп келетін бауырлары болуы керек еді... Дегенмен, заман өзгергеннен кейін, Мәскеуде болған ревлюция мұражайы тәрізді, революция болмай-ақ қойсын, бірақ демократия мұражайы болсын! Демократия қалай басталғаны сонау Бөкейхановтардан бастап екшелеп, келешектегі ұрпақтарымызға айту үшін сондай мұражай керек болады. Оған дейін мен осыларды сақтауға тырысамын, - деді Б.Түменова.

Биылғы жылы қаңтардың 19-ын Қазақстанның демократиялық қауымдастығы ресми емес түрде демократия күні деп, осымен 5-ші жыл атап өтіп отыр. Жыл сайын демократияны дамытуға үлкен үлес қосты деп танылған азаматтарға сыйлықтар тапсыру дәстүрге айналған. Алайда, осы жолы жиынды ұйымдастырушы «Алға» партиясы жетекшілерінен өзге елдегі бірде-бір оппозциялық ұйым басшылары демократия күнін тойлауға келген жоқ. Бұл – Қазақстан оппозциясының бойындағы ескі дерттің көрінісі дегенді айтты әлі тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахметов:

- «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан, бірін-бірі қызғанатын, бірін-бір қолдамайтын оппозиция өледі. Олай болса, бізге басқа оппозиция - халықтан шыққан, Ақтаудан, «Шаңырақтан» шыққан оппозиция керек! Ол оппозция осылай істемейді...

Ал «Азаттық» сыйлығының биылғы жылы табыс етілу салтанатына «Азаттық» сыйлығының бұрынғы иегерлерінің бірі саясаткер Ғалымжан Жақиянов келмеу себебін былайша қысқа түсіндірді:

- Менің одан хабарым жоқ!

2001-ші жылы қараша айында Қазақстанның бір топ жоғары лауазым иелері Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құрғаннан кейін, 2002-ші жылы қаңтардың 19-ында солардың Ғалымжан Жақиянов бастаған тобы басқа да оппозциялық ұйымдармен бірлесіп Алматыда Қазақстан демократиялық жұртшылығы өкілдері жиынын өткізген болатын. Онда олар Қазақстанға саяси реформалар қажеттігін айтып, елдегі барлық деңгейдегі әкімдер сайлауын енгізу туралы жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныспен шыққан еді. Арада көп ұзамай бұл жиынның бастамашылары Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов тұтқынға алынып, түрмеге қамалды. Ал 2003-ші жылдан бері бұл күн елде бейресми түрде Демократия күні ретінде аталып келеді.
XS
SM
MD
LG