Accessibility links

Шымкентте ВИЧ індетінің таралуына кінәлі дәрігерлердің ісіне қатысты сот басталды


Қаңтардың 19-ы күні басталған сот мәжілісі жабық есік жағдайында өтіп жатыр. 47 томды құрайтын қылмыстық іс бойынша 21 адам жауапқа тартылуда.

87 бала мен 12 әйелдің ВИЧ инфекциясына шалдығуына орай жауапқа тартылып отырған 21 азамат негізінен ҚР қылмыстық істер кодексінің бірнеше бабы бойынша айыпталып отыр. Солардың арасында, 316-бап - «өз ісінде салақтық жіберу», 311-бап – «пара алу», 177-бап – «алаяқтық» бар. Сондай-ақ, тергеу барысында ауру ата-аналарды алдап қан немесе дәрі-дәрмек сату фактілері анықталған еді. Жауапқа тартылғандардың ішінде қазіргі уақытта елде жоғары билікте жүрген бір шенеуніктің жақын туысы бар.

Сот мәжілісі басталардан бұрын Шымкенттің әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Зиядинхан Пірнияз: «Жариялылықты сақтай отырып, біз жеке өмірдің құпиялылығын сақтауға тиіспіз. Сондықтан іс жабық жағдайда қаралады», деген болатын. Ол айыпталушылардың процесті жабық түрде өткізу туралы өтініш бермегендіктерін айта келіп, дегенмен облыстық прокуратураның ұсынысы бар екендігін хабарлаған еді.

«Балаларды СПИД-тен қорғайық!» атты қайырымдылық қордың президенті, ВИЧ індетіне шалдыққан баланың атасы Сағдат Масауров:

«Мәжілістің жабық жағдайда өтуін қолдап отырмыз. Өйткені, жапа шегіп отырған ата-аналардың жағдайы, олардың туған туысы мен ауылдастары арасында түсініспеушіліктер көп. Алғашқы кездесулерде телеканалдардан олардың сұлбасын көрсетті. Бірақ, жұрт оларды даусынан, сыртқы келбетінен таниды. Ал біз мүсіркеуге мұқтаж емеспіз. Орын алған жағдайға орай кінәлілерді жазалауда сот нақты әділ бағасын бере ме, жоқ па - ол жағы алдағы уақыттың еншісінде. Жаңа басталған соттың жұмысы туралы ешнәрсе айта алмаймын. Қалай болар екен деп елеңдеп отырған халықтың бар екенін де білемін. Бірақ, нақты шешім шыққанда өз ой-пікірлеріміз айтылатын болады. Сот процесіне кімдер қатысып жатқандығы туралы да айта алмаймын», - деді.

Соңғы мәлімет бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясы 87 бала мен олардың аналарының 12-сінде анықталған. Індет жұқтырған 8 бала түрлі сырқаттарынан қайтыс болып, бір бала шетелдіктер асырауына берілген болатын. Балалардың жаппай ВИЧ індетіне шалдығу оқиғасынан кейін Қазақстанның Бас прокуратурасы республиканың 321 денсаулық сақтау саласы нысандары мен 68 қан құю орталықтары қызметіне, 23 СПИД-пен күрес және 230 емдеу-сауықтыру орталықтарына тексеру жүргізген. Нәтижесінде 15 түрлі қылмыстық іс қозғалып, 32 медицина қызметкері әкімшілік, 98-і тәртіптік жауапқа тартылған. Сондай-ақ, тексеру барысында қан құю орталықтарының талапқа сай келмеуі, құрал-жабдықтарының ескіруі, донорларды тегін тамақпен қамтуда бағаны төмендетіп жіберу деректерін ашқан еді.

Ал өткен жылдың қараша айында облыстың емдеу мекемелеріне тексеру жүргізген Жамбыл облыстық прокуратурасы Мойынқұм ауданында жас босанған әйелге ВИЧ инфекциясының жұғуына себепкер болған Мойынқұм аудандық ауруханасының үш қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабының "Медицина қызметкері тарапынан өзінің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамау салдарынан адамға иммунитет тапшылығы вирусын жұқтыру" жөніндегі 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Мамандар Оңтүстік Қазақстан облысында қатерлі індетке шалдыққандар санының әлі де өсу мүмкіндігін ескертеді. Жақында осы облыстың Қазығұрт ауданында індеттің екінші ошағы анықталып, қазір онда тексеру жұмыстары жүргізілуде.
XS
SM
MD
LG