Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.20.2007 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сенбі күні жарық көрген басылымдар Астанадағы Парламент депутаттары тұратын үйдің күзетшісі басынан және иығынан оқ тиіп жаралануына байланысты оқиғаның мән жайын анықтапты. Сондай-ақ, газеттер Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың табысты декларациялау туралы ұсынысын талқылаған.

«Айқын» басылымы, оқыс оқиға сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні болғанын жазыпты. Басылымның дерегінше, басынан және иығынан оқ тиіп жараланған 22 жастағы Данияр Кәкеев Астанадағы парламент депутаттары тұратын көпқабатты көппәтерлі үйдің күзетшісі екен. Бұған дейін қазақстандық бірқатар ақпарат құралдары бейсенбі күні бұл оқиға туралы хабарлап, «күзетшіге оқ атқан Парламент депутаты Оңалбай Аяшевтің ұлы екен» деген мәлімет таратқан болатын. «Айқын» басылымы бұл мәселеге қатысты ресми органдар ешқандай мәлімдеме жасамағанын жазады. Ал, газетке сұхбат берген Астана қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Марат Демеуовтың айтуынша, күдікті қорқып қашып кеткен. Полиция өкілі күдіктіні қазір іздестіріп жатқандарын айтқан.

«Экспресс-К» басылымы, оқтан зардап шеккен Даниярдың туыстарынан сұхбат алыпты. Ағасы Қайрат Жайлымұсовтың айтуынша, сәрсенбіден бейсенбіге қарағанда, таңға жақын, Данияр жеткізілген ауруханаға депутат Оңалбай Аяшев келіп, көмектесуге уәде берген екен. Сондай-ақ, бұл оқиғадан кейін, Астанадағы Алматы аудандық ішкі істер басқармасы да, қалалық ішкі істер департаменті де Даниярдың туыстарының шағымын алмай қойыпты. Тек оқиға болған жерді шұғыл топ тексергеннен кейін ғана полиция Кәкеевтің туыстарынан шағымды қабылдаған. Ал, «Экспресс-К» басылымының жазуынша, тергеу құпиясына сілтеме жасаған, Астана ішкі істер департаменті бұл мәселеге байланысты ешқандай түсініктеме бермей отыр.

«Комсомольская правда Казахстана» басылымының жазуынша, Данияр Кәкеевтің туыстары мен депутат Оңалбай Аяшев мәмілеге келе алмапты. Ал, басылым тілшілері, депутатпен байланыса алмаған. Қазақстанның ішкі істер министрлігі, газетке бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлапты. Атын атауды жөн санамаған полиция полковнигі, газетке берген сұхбатында, бұл істің ешқандай саяси астары жоқтығын айтады. Сондай-ақ, «Комсомольская правда Казахстана» басылымының жазуынша, бұл іске байланысты Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Серімжан Досымов толық мәлімет хабарламақшы екен.

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың қатысуымен Қаржы министрлігінде өткен коллегияда бірқатар ұсыныстар жасалды деп жазады «Казахстанская правда». Атап айтқанда Кәрім Мәсімов, барлық жеңілдіктерді алып тастап, салықтардың көлемін азайтуды ұсынған. Сондай-ақ, Қазақстандық қор рыногын дамыту үшін, ұлттық компаниялардың акцияларының аздаған бөлігін халыққа сату керек дейді Кәрім Мәсімов. Бұған қоса, премьер-министр халықтың табысты декларациялауын 2008 жылдан бастап енгізуді ұсынады. Бұл тапсырмалардың орындалуын, Кәрім Мәсімов өз бақылауына алмақ деп жазады «Казахстанская правда» басылымы.

Үкімет басшысының бұл ұсынысына байланысты «Литер» газетіне сұхбат берген экономист, сарапшы Қанат Берентаевтың айтуынша, табысты емес Қазақстанда шығынды декларациялау қажет. Шығынды декларациялау Қазақстанда оңай болуы мүмкін, өйткені халықтың барлығында бірдей көлеңкелі табыс көзі жоқ. Бұған қоса, Берентаевтың пікірінше, ұйымдастырушылық дайындығы болмағандықтан, бұл шара жүзеге асырылмай да қалуы мүмкін. Жалпы сарапшы, Кәрім Мәсімовтың бұл идеясы жақсы, бірақ оны басқаша жүзеге асыру қажет деп санайды. Болмаса, ең алдымен мемлекеттік шенеуніктер шығындарын декларациялауы қажет деп жазады «Литер».
XS
SM
MD
LG