Accessibility links

Қазақстанда көші-қон саясаты өзгермекші

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Дүйсенбі күні Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен алқа отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Еңбек министрі Гүлжан Қарағұсоваға көші-қон процесін оның ішінде шетелден келетін жұмыс күштер мәселесін реттеуді тапсырды. Кәрім Мәсімов Атыраудағы Теңіз кенішінде болған түріктер мен қазақтар арасындағы қақтығыс қайталанбауы керек дейді. Ал Еңбек министрлігі осы мәселеге қатысты «Қазақстанның кейбір заң актілеріне көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлепті. Оны таяу арада Парламентке ұсынбақ. Сонымен бірге Қазақстанда көші-қон саясатының жаңа тұжырымдасы әзірленіп жатыр.

Қазақстан әлем бойынша мигранттарды қабылдайтын он елдің қатарына кіреді. Еңбек министрлігі жанындағы көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиев те өткен жылы Қазақстанға келушілер санының 2005 жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға артып отырғанын айтады. Ал Қазақстанның көші-қон полициясы үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап, шетелден келушілердің ресми тіркелуін қатаң тәртіпке алып отыр. Өйткені биылғы жылдан бастап Қазақстанда көші-қон саясаты өзгермекші. Бұған себеп болып отырған Қазақстандағы компанияларда шетелдік жұмыс күшінің көбейіп кетуі және сол компанияларда соңғы кезде қазақстандықтар мен шетелдік азаматтар арасында қақтығыстардың белең ала бастауы. Бұл мәселені Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те Еңбек министрі Гүлжан Қарағұсованың алдына қойды. Кәрім Мәсімов көші-қон мәселесін ретке келтіруге шақырды.

Өткен жылдың аяғында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға барған сапарынан кейін шетелдік жұмыс күштері туралы мынадай мәселені көтерген болатын:

– Қазақстанға үш жүз адам визамен екі жылға келеді. Визасы біткеннен кейін түгелі тізім бойынша елдеріне кетіп отыратын болады.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова өз кезегінде «Қазақстанның кейбір заң актілеріне көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әзірленгенін айтты. Ол үстіміздегі жылы Парламенттің қарауына беріледі екен. Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, еңбек нарқында біліктілігі өте төмен шетелдік жұмыс күштері көбейіп кеткен. Соның салдарынан аймақтағы жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасауы қиындап кеткен.

Еңбек министрі сонымен бірге Қазақстандағы шетелдік комипанияларда мамандарды даярлау экономиканың қазіргі талаптарына сай келмейтіндігін, бұл мәселе Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесін қиындата түсетіндігін де айтты.

Ал өткен аптада ғана Парламент мінберінен Мәжіліс депутаты Асқар Бейсенбаев Қазақстанға шетелден келетін жұмыс күштерін азайту керек деп мәселе көтерген болатын:

– Шетелдіктердің заңсыз келуі және сауда саттықпен еркін айналысуы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіретіні жасырын емес. Мұны әлемдік тәжірибеден анық көруге болады. Үй ішінен үй тіккендей бірқатар елдердің үлкен қалаларынан шетелдіктер өздері шағын аудандарын жасап алып, кейін оның соңы бітпейтін дау-дамай туғызып отырғаны да ақиқат. Сондықтан да көрші Қырғызстанның, Ресейдің шетелдіктерге көңіл бөліп отырғаны баршамызға белгілі.

Қазақстанда қара жұмыс істеп жүрген көрші Қырғызстан, Өзбекстан мемлекетінің азаматтарын сөзге тартқанда, олар өз елдерінде жоғары білім алған білікті мамандар екендіктерін айтады. Бірақ елдерінде тұрмыс деңгейі төмен болғандықтан, Қазақстанға келіп қара жұмысқа жалданып жүр екен. Мәселен Қырғызстаннан келген Мұрат деген азамат «Азаттық» тілшісіне былай деді:

– Мен Оштағы мемлекеттік университетті бітіргенмін. Мамандығым – физик-математик. Менің мамандығым бойынша Қырғызстанда бар болғаны мың сом айлық аласың, ал ол жол ақысына да жетпейді. Қазақстанда жұмыс істеп, бала-шағамды асырап, одан қалса туыстарыма көмектесіп отырмын.

Ал халықаралық адам еңбегін қорғау ұйымдары Қазақстан мигранттар мәселесін халықарлық талаптарға сай шешуі керек, оларға жеңілдіктер жасау қажет деп отыр.
XS
SM
MD
LG