Accessibility links

Қытай әскери мақсаттағы ғарыш сынағын жүзеге асырды


Орбитадағы сателлитті жою үшін Қытайдың ғарышта жүргізген шараларының сәтті аяқталуы әп-сәтте-ақ әлемдік әскери тепе-теңдікке өзгеріс енгізу қаупін туындатып отырғандай. Қырғи қабақ соғысы жылдары ғарыштағы осындай қарумен тек АҚШ және Совет үкіметі тәжірибелер өткізген болатын. Олар бұдан 20 жылдан аса уақыт бұрын бұл әрекеттерді тоқтатқан еді. Алайда Қытай бүгін ол ғарыштық мүмкіндікті жаңа қырынан көрсетіп отыр.

Қытайдың жерден 860 километр қашықтықтағы ауа райын бақылайтын сателлитін осы елдің ғарышқа шығарған ұшушы аппараты жойып жіберген еді. Бежіннің ғарышта көрсеткен бұл жаңа әрекеттерінің салдарларын әлемдегі әскери сарапшылар бірнеше күннен бері талдаумен болуда.

АҚШ барлау қызметі өкілдерінің айтуынша бұл үдеріс қаңтардың 11-і күні орын алған. Аталған оқиға жөнінде алғашқы болып Америкалық “Авиациядағы апта және ғарыш техологиясы” атты беделді журнал жариялаған болатын. Оның жазуынша, жойғыш аппарат Сичуан провинциясының Шичаң құрылымынан баллистикалық зымыранмен әуеге көтерілген. АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілі Том Кәсей қаңтардың 19-ы күні білдірген алғашқы пікірінде ғарыштағы қарулану жарысының қаупі жөнінде айтты.

Алайда Бежін тарапы бұл хабарды растай да, жоққа шығара да қоймады. Ройтер ақпарат агенттігінің жазуынша, Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілі Лю Жианчао бұл елдің ғарышты бейбіт мақсатта қолдануды жақтайтындығын, онда әскери жарыстың қандайының болса да орын алуына қарсы екендігін білдірген екен. Олай болса ғарыштағы бұл тәжірибе не үшін жүзеге асырылды?

Британияның ғарыш істері бойынша сарапшысы Девид Бейкердің айтуынша, Қытай бұл ғарыштық тәжірибесін Құрама Штаттарына немесе Батысқа емес, Жапон еліне қыр көрсету мақсатында өткізген сыңайлы. Себебі, өткен бірнеше жыл көлемінде Жапон елі Қытайдың әскери бағдарламасына орай өздері үшін күдікті деген аймақтарды бақылауда ұстау үшін орбитаға сателлиттер шығарған болатын.

Ресми Токио Қытайдың әскери ниеті жөнінде мүмкіндігінше мол мағлұмат жинақтауға бірнеше жылдан бері ұмтылып келеді. Сондай бақылаушы кез-келген құрылымды жойып жібере алатындығын ресми Бежін осы жолғы өткізген ғарыштағы сынағы арқылы Жапонияға көрсетіп отыр. Алайда Қытайдың бұл жолғы тәжірибесіне орай ол таң қалдыруды діттеген Жапон елі ғана емес, тұтас әлем алаңдаушылық білдіруде. Себебі, сателлиттік жүйенің қазіргі өмірімізбен біте қайнасып кеткені белгілі.

“Құрама Штаттары ғана емес, әлем бойынша қандай елдерге бұл мәселенің қатыстылығы ол елдердің жаңаша өміріндегі ғарышқа негізделген технологияларына, ауа райын болжайтын сателлиттері мен байланыс сателлиттері және басқа да құрылымдарына байланысты”, - деді Кәсей мырза.

Британиялық сарапшы Девид Бейкердің айтуынша, Қытай елі сателлитті жойғыш бұл шараларымен, дей тұрғанмен, ешқандай халықаралық заңдарды бұзып отырған жоқ. Халықаралық Ғарыш келісіміне Қытай да қол қойған. Ол келісім бойынша, орбитаға қару шығаруға тиым салынған. Алайда, сателлитті жойып жіберуді мақсат тұтқан ғарыш техникасы жерден жіберілгендіктен де бұл үдеріс аталған келісімге қайшы келмейді, дейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG