Accessibility links

Қастандық құрбаны болған армян текті түркиялық журналист Хрант Динк Ыстанбулда жерленді

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Түркиялық журналист, «Агос» газетінің тілшісі Хрант Динктің жерлену рәсіміне бүгін мыңдаған адам қатысты. Түркиялық азамат, армян ұлтының өкілі Хрант Динк өткен аптада қастандықпен өлтірілген болатын.

Ұлты армян, түркиялық азамат, журналист Хрант Динктің өткен аптада кісі қолынан қасақана қаза тапқаны жайлы «Азаттық» радиосынан дер кезінде хабарлаған болатынбыз. Ол уақиғадан кейін артынша, Ыстанбул полициясы осы қастандыққа күдікті деп 8 кісіні тұтқындаған еді. Ал кейінірек, көшеде қойылған бейнекамералардың көмегімен 17 жастағы жігіт ұсталды. Түркиялық органдар әсіре-ұлтшыл деп жариялаған ол жігіт, хабарларға қарағанда, журналисті өлтіргендігін мойындаған. Журналист өзіне атылған 3 оқтың құрбаны болды.

Бұл қайғылы уақиға жөнінде хабар тарасымен-ақ, журналистің қасақана өліміне ашу-ызасын білдірген мыңдаған халық көшелерге шықты. Олар қолдарына түрлі жалаулар алып, Ыстанбұл көшелерімен ұрандата жүріп, Хрант Динк қызмет істеген «Агос» газетінің кеңсесі алдына барды.

Олар «біз Хрант Динкпен біргеміз, біздің бәріміз армянбыз» деп айқайлап, журналист қаза тапқан жерге гүлдер, шамдар апарып қойды. Сонымен, сейсенбіде журналистің жерлену рәсімі де өтті.

Журналистің табытын көтерген жұрты «Агос» газетінің кеңсесі алдына келіп тоқтады. Жиналған жұрт марқұммен сол арадан қоштасып қалды.

Жалпы, Хрант Динктің қазасына орай халықаралық қауымдастық, ұйымдардан алаңдаушылық ойлары көптеп айтыла бастады.

Хрант Динк Осмон империясы заманында түріктердің басқыншылық соғысы кезінде қаза тапқан армяндар жөнінде көптеген мақалалар жариялап, түрік ұлтшылдарының ашу-ызасына кезіккендігі шындық. 2005 жылы Түркия заң орындары журналисті, бұл орайда, айып тағып соттаған да болатын.

Міне енді, журналистің ойларымен келісетін азалы қауым бүгін газет кеңсесінен Ыстанбұлдағы армяндардың шіркеуіне дейін 8 шақырымдай жерді басып өтіп, марқұмның табытын көтеріп барды.

Енді журналистің бұл қазасы Түркияның әлемдік саяси беделіне кесір болып тимес пе екен алаңдаушылық айтыла бастады.

Әрине, бұл қаза Еуропа одағына мүшеліктен көптен бері үміткер Түркияның абырой-беделіне соққы болары сөзсіз. Бұл жөнінде ЕуроОдақ және өзге де халықаралық ұйымдар өткен аптаның өзінде өз сындарын айтып үлгірді. Ал өз есімін атамаған қатардағы азаматтардың бірі тілшімізге былай деді:

– Бұл арада жиналған мына халықтың өзі Түркияның жүрегіне оқ қадалғандай сезімде тұр емес пе?! Бүгін біздің бәріміз - армянбыз. Ол оқ тек қана армян азаматына емес, бүкіл түріктерге тигендей болды.

Жалпы, Түркия мен Армения арасында дипломатиялық байланыс жоқ. Бірақ, бұл қазадан кейін, бәлкім, сең қозғалатын болар деген пікірлер де айтылуда. Себебі, Хрант Динктің жерлену рәсіміне Түркия армениялық ресмилер, діни қауым жетекшілері, сондай-ақ, армян диаспора өкілдерін де шақырыпты. Атап айтқанда, Армениядан Сыртқы істер министрінің орынбасары Киракосян, Нью Йорктағы Армяндар шіркеуінің басшысы Барсамян шақырылған.

Өте ауыр қылмысқа барған он жеті жастағы ол жігіттің есімі Оғун Самаст екен. Ол бұл қылмысты мойындап отыр. Бірақ, хабарларға қарағанда, Оғун Самаст әсіреұлтшыл болғанымен, оның бірер экстремистік топпен тікелей байланыстығы жоқ көрінеді.
XS
SM
MD
LG