Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.24.2007 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сәрсенбі күні жарық көрген басылым беттерінде, Қазақстанның Орта Азиядағы сыртқы саяси ықпалы туралы сараптамалық мақалалар жарияланған. Сондай-ақ, газеттер елдегі туризм саласын дамыту мәселесін сөз етеді.

«Айқын» басылымы, Орталық Азияда Қазақстан Ресейдің одақтасы емес, бәсекелесі ретінде айқындала бастады, оның елдің сыртқы саясатына әсері қандай деген сауал тастайдs. Басылымға сұхбат берген саясаттанушы Нұрлан Сейдіннің пікірінше, кез келген уақытта Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық аренадағы орнын бекіту үшін барлық мүмкіндікті жасайды. Ал Ресейдің оған қобалжу білдіруі – заңды құбылыс. Дегенмен Қазақстанға жалтақтамау керек. Қолға алған ісін соңына дейін жеткізуі тиіс,-дейді саясаттанушы «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

«Егемен Қазақстан» басылымы, Қазақстанның сыртқы саясатында көпвекторлы бағыт жалғасын табатыны туралы жазыпты. Соның ішінде сыртқы істер министрлігі Орталық Азия өңіріне баса назар аударып отырғаны тілге тиек етіледі. Бүкіл Орталық Азияның бәсекеге қабылеттілігін арттыруға барынша жәрдемдесу – Қазақстанның өмірлік мүддесі. Сондай-ақ бұл елдің стртегиялық мақсаттарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

«Литер» газетінің жазуынша, кедей және саяси тұрақтылығы жоқ көршілерінің жанында Қазақстан өркениетті елге айнала алмайды. Бұған қоса, көрші елдерде болып жатқан өзгерістерді елемеу де мүмкін емес. Сондықтан, жаңа тағайындалған министрлер кабинеті аймақтық саясатты күшейтуге барлық сыртқы саяси мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс деп жазады басылым. Осы уақытқа дейін, Орта Азиядағы Қазақстанның беделі, ел президентінің жеке беделінің арқасында қалыптасты. Бірақ сыртқы саясат бір адамның ықпалына негізделмеуі тиіс. Онда қарым-қатынас орнатудың өзіндік ұстанымдары болуы қажет деп жазады «Литер».

Осы орайда, Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық аясындағы аймақтағы интеграция туралы «Аргументы и Факты Казахстан» апталығы сөз қозғайды. Естеріңізге саламын, 2000 жылы құрылған бұл ұйымға Қазақстан, Ресей, Белорусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше. Басылымның дерегінше, қазір ұйым елдерін Қырғызстандағы толқулар алаңдатып отыр. Дегенмен, қауымдастық посткеңестік кеңістікте қалыптасқан бірден-бір ұйым. Қазір, оған мүше мемлекеттер осы ұйым аясында кедендік одақ құру мәселесін қолға алуда. Алайда, қауымдастық елдері арасында ортақ су-энергетикалық консорциум құру мәселесі әлі де оң шешімін тапқан жоқ деп жазады «Аргументы и факты Казахстан» газеті.

«Айқын» басылымының жазуынша, қазір, Қазақстанның оң туристік имиджін қалыптастыру жайы көкейкесті мәселе. Бұл салада өткен жылы бірқатар істер атқарылған. Мысалы, Қазақстан 2006 жылы 7 халықаралық туризм көрмесіне қатысты, сондай-ақ, тұңғыш рет республика бойынша ақпараттық тур өткізілді. 2006 жылы, бұған қоса Қазақстанға сырттан келген туристер саны 30 пайызға артып, 3 миллион 900 мың адамға жеткен. Алайда сыртқа шыққан туристер саны да 19 пайыз немесе 5 миллион 200 мың адамға көбейген деп жазады «Айқын».

Шетелдіктердің Қазақстанға деген қызығушылығының артуына, ағылшын сайқымазағы Саша Коэннің қазақстандық журналист Борат Сағдиев туралы филімі де үлкен ықпал еткен. Бұл туралы сейсенбі күні өткен Туризм және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде премьер-министр Кәрім Мәсімов мәлімдеді деп жазады «Экспресс-К» газеті. Премьер министрдің айтуынша, осы филім көрсетілгеннен кейін, қонақүйлерде шетелдіктерден келіп түскен тапсырыс 300 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ, басылым болашақта Қазақстанда үш туристік орталық салынатынын жазыпты. Олар, Қапшағай және Щучинск қалалалары мен Маңғыстау облыстарында орналаспақ.
XS
SM
MD
LG