Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.25.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар, Қазақстандағы ұлттық идеология мен ұлттық мүдде туралы мәселе көтеріпті. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде елдегі демографиялық ахуал туралы сөз болады. Ал, кейбір газеттер Мәіжіліс депутаттары Үкіметтен рулі оң жақтағы көліктерді елге әкелу мен келешекте қолдануға тиым салу туралы шешімді қайта қарауды сұрап отырғанын жазыпты.

«Тасжарған» басылымы, сейсенбі күні «Таным» пікір-сайыс клубында «Ұлттық идеология: аңыз ба, ақиқат па?» деген тақырып талқыланғанын жазыпты. Осы жиынға қатысқан, тарихшы, Бейбіт Қойшыбаевтың айтуынша, қазақ жахандануға да ұлттық болмысымен баруы тиіс. Сондықтан қазір, ұлттық идеология қажет. Ал, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің пікірінше, «Нұр-Отан» сияқты партиялардың бағдарламасында ұлттық идеология атымен жоқ. Оппозициялық партиялардың да ұлттық идеологияға тілі келмейді дейді жазушы. «Таным» пікір-сайыс клубының бұл отырысына жиналғандар, ұлттық идеологияның концепциясын жазу үшін, арнайы топ құруға уағдаласты деп жазады «Тасжарған» басылымы.

Ал, «Жас Алаш» газеті Қазақстанда ұлтсыздану процессі қарқынды жүріп жатыр деп жазады. Соңғы деректер бойынша, Қазақстандағы қазақтардың 60 пайызы орыс тілін тұтынады. Кеңес заманында бұл көрсеткіш 35 пайыз болған. Соңғы жылдары шетелдерде 28 мың қазақ жасы білім алып Қазақстанға қайта оралса, солардың бір-екеуі ғана қазақ тілін біледі. Қазіргі кезде Қазақстандағы мектеп оқушыларының 47 пайызы шетелдерде өмір сүргісі келеді,-дей келе «Жас Алаш» басылымы, Қазақстандағы саясатты қазақтілді зиялылар жасауы керек. Онсыз ұлттың мүддесі ешуақытта түгенделмейді деген қорытынды жасайды.

Қазақстан халқының саны жылына бір пайыз ғана өсіп отыр. «Айқын» газетінің жазуынша, осыған орай, сәрсенбі күні Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан елде аборт жасауға тиым салып, «бойдақ салығын» енгізуді ұсынды. Депутаттың айтуынша, Осындай ұлан-ғайыр қазақ даласында халық санының аздығы, сирек қоныстануы –мемлекет дамуында туындауы мүмкін тұрақсыздықтың бірден-бір бастауы! Тәуелсіздіктің қорғалу қабілеті осы демографиялық ахуалға байланысты. Сондықтан, Бекболат Тілеухан Үкімет басшысынан тыйым салатын қадамдармен бірге, көпбалалылықты ынталандырудың кешенді шараларын қабылдауды да сұрады деп жазады «Айқын» газеті.

Ал, «Түркістан» газеті, елдегі демография мәселесін оралмандар арқылы шешкен жөн деген ұстанымда. «Шеттегі 5 миллион қазақ Қазақстан үшін таптырмас генофонд. Ұлттық қауіпсіздік үшін де, демографияны тұралатпау үшін де шеттен келетін көмек көзі бар. Ол-оралмандар. Бірақ, оралмандардың атамекеніне келуіне үкімет мүмкіндік бермей отыр. Жылына тек 15 мың отбасыға ғана квота бөлінеді. 1991 жылдан бастап Қаақстанға келген оралмандар саны 1 миллионға да жеткен жоқ. Керісінше заңсыз мигранттар саны бір жылдың ішінде бір жарым миллион болған. Ал жыл сайын бюджеттен оралмандарға бөлінген қаржы игерілмей қалады», - деп жазады «Түркістан» апталығы.

Мәжіліс депутаттары Үкіметтен рулі оң жақтағы көліктерді елге әкелу мен келешекте қолдануға тиым салу туралы шешімді қайта қарауды сұрап отыр. Бұл туралы «Время» апталығы жазады. Депутат Серік Абдрахманов, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке, автомобиль магнаттарының пайдасы үшін, қарапайым халықты алалауға жол бермеу қажеттігін ескертті деп жазады басылым. Сондай-ақ, «Время» апталығының дерегінше, Жоғарғы сот рулі оң жақтағы көліктерді елге әкелуге тиым салу туралы Үкімет Қаулысының заңға сәйкестілігі туралы бір топ азаматтардың өтінішін қарамақ. Алғашқы отырыс 26 қаңтарға белгіленген.

«Литер» газетіне сұхбат берген, «Көлік иелерінің хұқын қорғау» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Григорий Кременецкийдің айтуынша, Үкіметтің рулі оң жақтағы көліктерге қатысты қаулысы заңға қайшы. Мұндай көліктерді елге әкелу мен келешекте қолдануға тиым салу Конституцияның негізгі баптарына және «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға кереғар. Бұл заңда «қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін әрекеттер жасауға және шешімдер қабылдауға жол берілмейтіні» айтылған дейді Григорий Кременецкий «Литер» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG