Accessibility links

Жамила Стехликова: «Менің саясаттағы жолым Чехияның солтүстігіндегі шағын көмірлі қаладан басталды»

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Чехияда таяуда жаңадан тағайындалған үкімет құрамына кірген министрлердің арасында жалпы Шығыс Еуропа тарихында тұңғыш рет, тегі қазақ Жамила Стехликова атты саясаткер бар. Чехияның адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесі жөніндегі министрі, қазақ қызы Жамила Алмасқызы Стехликовамен сұхбаттың жалғасын ұсынамыз.

- Сонымен, Мәскеуден жоғары білім алғаннан кейінгі өміріңіз қайда жалғасты?

- Мәскеу университетін бітіргеннен кейінгі менің алғашқы саясаттағы жолым Еуропа орталығындағы бір шағын көмірлі қаладан басталды. Ол жерде шаң-тозаңын көтеріп көмірді ашық жерден қазып алады екен. Міне сол жердегі жұрттың ана табиғатқа, тарихи мұраға деген құштарлығы мені таң қалдырды. Ал кеншілер болса сол мұраларды қирата бастапты. Тіпті сол кездегі коммунистік идеология кесірінен, шіркеулер, ауыл-қалалар жермен жексен болып жатқан екен. Бұл мен үшін үлкен шок – ауыр соққы болды. Бұл араға ол кезде өгей болғандығыма қарамастан, ол бейбастыққа қарсы бел байлап ашық күреске шықтым, бірақ ол жолмен табысқа жете алмасыма көзім жеткеннен соң, Жасылдар партиясына кірдім. Қалалық кеңеске дейін көтеріліп, өз арман-мақсатымды үлкен деңгейдегі мінберден айта бастадым.

- Бірақ Сіздің адам құқын және табиғатты қорғау саласындағы белсенді әрекетіңіз қалалық кеңеспен шектеліп қалмағандай ғой?

- Солай десе болады. Талай тартыстар арқасында түрлі ұйым, кеңестер белесінен өтіп, міне енді Парламентке дейін жетіп отырмыз. Жалпы, Жасылдар партиясын Чехияның барлық аймақтарында жұрт қолдап отыр.

Ал шет аймақтардағы тұрғындар өз ата-қонысында тұрақты қала бастады. Олар біздің ат салысуымыздың арқасында коммунистік озбырлықтан көне мұрасын, өз ата-жұртын, ата-баба зираттарын сақтап қала білді. Халық бізге сене бастады. Міне енді, Чехия үкіметінің өзі де біздің Жасылдар партиясының бағдарламасын қолдап отыр.

- Ал оған қандай себептер бар?

- Оған себеп, біздің саяси бағдарламамызда адам құқықтары, оның ішінде Чехияны мекендейтін шағын ұлт-ұлыс өкілдерінің азаматтық құқын қорғауды негізгі мақсатымыз деп есептейміз. Ал азаматтық құқықтың неше алуан түрлі тармақтары бар. Мысалы, әйелдер құқығы, азаматтың нәсіліне, тіліне, түріне-түсіне, жасына, жынысына қарай, т.б. ерекшеліктеріне байланысты дискриминациядан қорғау біздің негізгі міндетіміз болуы керек.

Чехияда, байқасаңыз, көптеген халық, ұлт өкілдері тұрады. Егер бұл елде шынайы демократия дами түссе, ал оны бар деуге болады, онда шағын ұлт өкілдері де жоғарғы ресми үкіметтік деңгейге көтеріле алады. Бұл қалыпты, табиғи құбылыс десе болады.

- Дегенмен, бұл деңгейге жеткенше талай қиындақтар алдыңыздан шыққан болар?

- Ол рас, шағын ұлт өкілі жоғарғы ресми деңгейге оңай ғана көтеріле алады десем қателік болар. Мысалы, мен өткен аптада ғана алғаш рет Чехия парламенті алдына шығып сөйледім. Адам құқығы, сөз еркіндігі жөнінде ашып айттым. Бірақ, кейбіреулердің менің өз дыбыстауыммен чех тілінде айтқан сөзіме менсінбей қарағандығы байқалды. Тіпті, кей депутаттар, Парламентте неге чех тілінде акцентпен сөйлейтін адам шығады деген ескерту де айтты. Мен ғана емес, осы Чехияда туып өскен әріптесім Карл Шварценбергке де оның тілі, акценті, сөз әуені бойынша тиісіп жатты. Рас, ол депутаттарды түсінуге де болады. Сонау 19-ғасырда бұл елде неміс тілі жаппай тарап, чехтар өз ана тілінен айрылып қалу деңгейіне дейін төмендеген болатын.

Бірақ біздің өз мақсатымыз, саяси бағдарламамыз бар. Жасылдар партиясы сол мақсатпен өзге елдердегі партиялармен өзара ынтымақтасық істей аламыз. Бұл мәселеде менде проблема жоқ. Себебі, мен қалалық кеңестегі жұмыс барысында талай белестен өтіп, талай шаруаларды атқарғанмын. Біз Еуропа елдеріндегі өзге әріптестерімізбен жақын байланыстамыз.

- Ал енді, Еуропа орталығында қызу саяси, ізгілік жұмыстарымен жүріп сонау Қырғыз елімен шегаралас аймақтағы ата-қоныс Қарақұрым ауылы, сондай-ақ, өзіңіз туып-өскен, жастық шағыңыз өткен ару Алматыдан алыстап кетпейсіз бе?

- Олай деуге болмас. Себебі, менің әр аймақта көптеген қазақстандық достарым бар. Сіздердің «Азаттық» радиоңыз арқылы-ақ күнделікті жаңалықтарды біліп тұруға болады. Сондай-ақ, Әлем Қазақтары қауымдастығының жұмысынан да хабардармын. Қазақстанда және Еуропа елдерінде қазақ құрылтайлары өтіп жатады.

- Атақоныс - Қазақ елінің болашағын қалай елестетесіз?

- Мен осы бағытынан таймаса, болашақта Қазақстанның да Еуропа одағы, әлемдік қауымдастығы ұйымынан тиісті орын алатындығына үмітпен қараймын.
XS
SM
MD
LG