Accessibility links

Шешенстан азаматтары Ресейдің үстінен Страсбургтағы сотқа шағымданды


Соңғы 5 жылда Адам хұқтары жөніндегі Еуропа Сотына Ресейдің үстінен шағымданған адамдардың саны көбейе түскен. Арызданушылардың көбі Страсбург қаласындағы бұл сотты Ресейдің жемқорлыққа батқан сот жүйесіне бірден-бір заңды балама ретінде қарастырады. Соңғы кездері бұл сотқа соғыстан қиратылған Шешенстаннан шағымдар түсіп жатыр екен.

2006 жылы Ресей азаматтары 12 мың шағым-арыз тапсырыпты. Өз кезегінде бұл сот 102 іске байланысты соңғы шешімін шығарған. Адам хұқтары жөніндегі Еуропалық Сотқа шағымданғандардың арасында шешен келіншек Марзет Имакаева бар. Оның күйеуі мен 25-жастағы ұлы Ресей күштері тарапынан ұсталған соң із-түссіз жоғалып кеткен екен.

Имакаеваның айтуынша, 2000 жылы оның баласын Ресей күштері қамауға алғанын куәгерлер көрген. Ал 2 жыл өтіп күйеуім де тұтқындалды, дейді Имакаева.

“Бір күні таңертең ауламызда у-шу болып кеткен тұғын. Ауламыз Ресей күштеріне толып кетті. Олар барлық жерді тінтіп, бір нәрсені іздеді. Кейін олар күйеуімді машинаға салып әкетті. Содан бері күйеіуім мен балам із-түссіз жоғалып кетті. Мен барлық жерге жаздым, олар маған ‘біз сенің күйеуіңді тұтқындамадық’ деді. Олар делдалдарды менің жаныма жіберіп, сотқа тапсырған арызымды қайтып алуымды сұрады. Делдал кісілер маған ‘бұл өте қауіпті, сенімен де бірнәрсе болуы мүмкін’ деп ескертті”, – деді Имакаева.

Бірақ мұндай қорқытып-үркітулерден кейін Имакаева Страсбургтағы сотқа тапсырған арызын қайтып алмаған. Имакаева - Солтүстік Кавказда федералды күштер тарапынан жасалған зорлық-зомбылық үшін Ресейді жауапқа тартпақшы болып отырған шешенстандықтардың бірі.

Соттағы орыс адвокат Ольга Вишневскаяның айтуынша, шағымданушылардың көбі жақындарының ұрлануына және өлтірілуіне байланысты қауіпсіздік күштерін сотқа тартып отыр.

“Өкінішке орай, көбінесе адамдардың жоғалып кетуіне байланысты шағымдар түсіп жатыр. Мұндай істер бойынша шағым-арыздар тек Шешенстаннан ғана емес, сондай-ақ көршілес республикалардан, мысалы Ингушетия мен Дағыстаннан тіркелуде. Туыстары отбасы мүшелерінің белгісіз қауіпсіздік бөлімшелері тарапынан ұсталғандығы жөнінде айтады. Ол адамдар кейін із-түссіз жоғалып кетеді”, – дейді адвокат Вишневская.

Ресейдегі адам хұқтары бойынша ұйымдардың есептеулеріне қарағанда, 1999 жылы Ресей күштері Шешенстанның өзі жариялап алған тәуелсіздігін құрту мақсатындағы екінші науқанын бастағалы бері Шешенстанда 3 мыңнан 5 мыңға дейін адам жоғалып кеткен.

2006 жылы Страсбургта Шешенстандағы қарапайым халықтың өліміне Ресей жауапты деген алғашқы сот шешімі шығарылды. Оған сәйкес, күйеуі мен баласынан айырғаны үшін Ресей Имакаеваға 90 мың евро төлеуі керек делінген.

Страсбургтағы сот, сондай-ақ, 2001 жылы мәйіті табылған медбибі Нура Лулуеваның туыстарына Мәскеу шамамен 70 мың евро төлеуі тиіс деген шешім шығарды. Нура Лулуева Грозныйдағы бір базарда жүргізілген рейдтен кейін қамауға алынған екен. Сот экпертизасының қорытындысына сәйкес, Лулуева аяусыз соққыға жығылған, соның нәтижесінде қайтыс болған.

2006 жылы қазан айында әлгі сот 6 шешенді атып өлтіргені үшін Ресей жауапты деген қорытындыға келген. Өлтірілген азаматтардың арасында бір аяғы ауыр келіншек пен 3 жасар бала да бар.

Қаңтардың 18-і күні Старсбургтағы сот тағы бір іс бойынша соңғы шешімін шығарды. Оған сәйкес, 2000 жылы Ресей әскерилері ағалы-інілі екі шешен азаматын қинап-азаптаған, сондықтан Адам мен Арби Читаевтардың әрқайсысына 38 мың 815 евро төленуі тиіс делінген.

Ресей Еуропа Кеңесіне мүше болғандықтан бұл соттың шешімінің орындалуы міндетті, дейді адвокат Вишневская. Ал адам хұқын қорғаушыладың айтуынша, Страсбург Ресейді адам хұқтарының бұзылуына жол бермеу бағытында жұмыс істеуге шақыруы керек.
XS
SM
MD
LG