Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.27.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар, әлемдік нарықтағы мұнай құнының төмендеуі Қазақстан экономикасы үшін қаншалықты тиімді деген мәселе көтеріпті. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде Қазақстандағы партиялардың қызметі туралы сараптамалық мақалалар жарияланған.

«Жас Алаш» басылымы, әлемдік нарықтағы мұнай құнының төмендеуінен Қазақстан экономикасына қауіп жоқ па деген мәселе көтеріпті. Басылымның жазуынша, Ресей сарапшылары қазірдің өзінде бағаның төмендеуіне «мұнай бағасының қорқынышты елесі» деп айдар тағып, дабыл қаға бастаған. Ал Қазақстанға қандай қауіп бар деген басылымның сұрағына экономист Қанат Берентаев жауап береді. Оның айтуынша, әлемдік нарықта мұнай баррелі 55 доллар көлемінде біраз тұрақтауы ықтимал. Дегенмен, ол 40 долларға дейін төмендеуі мүмкін емес. Мұндай жағдай бола қалғанның өзінде Қазақстан экономикасына оның зияны болмайды. Өйткені, мұнайдан түскен қаржы бюджетке емес, ұлттық қорғау аударылады, - дейді Қанат Берентаев «Жас Алаш» газетінде.

Егер, әлемдік нарықта мұнай құны барреліне 90 долларға көтерілсе, Қазақстаның ішкі жалпы өнімінің өсуі 9 пайыздан асып, бюджетке түсетін пайда 3 миллард 197 миллон теңгеге ұлғаймақ. Қазақстандық сарапшылардың мұндай мәліметін «Экспресс-К» газеті жариялапты. Осы есептеу бойынша, егер қара алтын құны барреліне 30 долларға тұрақтаса, елде ішкі жалпы өнім 3 пайызды құрамақ, онда бюджеттің кірісі 2 миллард 371 миллон теңгеге төмендейді. Алайда, мамандар мұнай бағасының тұрақсыз болуының таяу болашақта бюджеттік бағдарламаларға әсері аз дейді. Бірақ, әлемдік нарықта баға тұрақсыздығы жалғаса беретін болса, бюджеттік шығындар қысқаруы мүмкін деп жазады «Эксперсс-К».

Осы орайда, «Айқын» басылымы, Қазақстандағы мұнай өндіруші компаниялар әлемдік нарыққа жылына 38 миллион тонна өнім шығаруды көздеп отырғанын жазады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Agip» және «Теңізшевройл» компанияларымен бірлесіп, «Қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесі» бағытын құру жайында келісімге қол жеткізген. Жаңа бағыт 2010-2011 жылдар шамасында іске қосылмақ деп жазады «Айқын» газеті.

Соңғы кезде болған екі оқиға, Қазақстанның тыншып қалған партиялық өмірі жандана бастағандай әсер қалдырды деп жазады «Жас Алаш». Оның бірі, Жармахан Тұяқбай басқаратын жалпыұлттық социал-демократиялық партияның ресми түрде тіркелуі. Екіншісі – жаңа құрылып жатқан «Атамекен» партиясына Ресейдің «оңшыл күштер одағы» партиясының араша түсіп хат жолдауы. Бұған қоса, билік партиясы ескі коммунистік әдіспен жетістіктерін айтып жатса, оппозициялық партиялар әлі де халыққа жете алмай шашыраңқы күй кешуде. Басылымының пайымдауынша, 2006 жылдың жазында «Асардың» «Отанға» қосылуынан басталған дүрбелең әлі аяқталмаған сияқты. Саясаттағы барлық ойыншылардың жаңа бір өзгерістің алдында тұрғаны байқалады деп жазады «Жас Алаш»

Ал, «Егемен Қазақстан» ел өмірінде басым беделі, орнықты пікірі, қалыптасқан көзқарасы бар «Отан» партиясы бүгінде жаңғыру жолында деп жазады. «Асар», «Азаматтық» және Аграрлық партиялардың Отанға бірігуі осы партиялар арасында бұрыннан қалыптасқан өзара ынтымақтастықтың заңды жалғасы болды. Енді «Нұр-Отан» партиясының алдында жаңа міндеттер тұр. Болашақта Президенттің Халыққа Жолдауы, Үкіметтің барлық экономикалық бағдарламалары алдымен «Нұр-Отан» партиясының саяси кеңесі мен парламенттік фракциясында талқыланатын болады деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
XS
SM
MD
LG