Accessibility links

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Герман Федеративтік Республикасына ресми сапары басталды


29 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Герман Федеративтік Республикасына ресми сапары басталды. Сапар барысында мемлекет басшысының Германия канцлері Ангела Меркель, президент Хорст Келер, Бундестаг төрағасы Норберт Ламмерт, қоғамдық-саяси топ өкілдері, ірі герман компания басшылары және тағы басқалармен келіссөздері жоспарланған. Сондай-ақ, мұнда Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан-герман экономикалық диалогы» атты экономикалық форум да өткізілмекші. Қазақстан Республикасы президентінің Германияға сапарына байланысты қазақстандық саясаттанушылар да өз көзқарастарын білдірген еді.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, Еуропа үшін мұнай импорттаушы ел ретінде Қазақстанның маңызы жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан ол президенттің осы сапарының негізгі мақсатын энергетика көздерін тасымалдаумен байланыстырады.

- Менің ойымша, дәл қазір Германия үшін газ мәселесі ең маңызды мәселе. Бұған дейін мұнай тасымалдау жолдары айқындалған болса, енді газ тасымалдау мәселесін пысықтау қажет. Өйткені Каспийдің астынан газ құбырын тартуға Ресей қарсы болып отыр. Есесіне, Нұрсұлтан Назарбаев Германиядан геосаяси қолдау сұрайды. Мысалы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, Орталық Азиядағы өзінің ерекше мүддесі мен мәртебесін айқындау, Таяу Шығыстағы Түркияның рөліндей, - дейді Әзімбай Ғали.

Осы сияқты пікірді саясаттанушы Болатхан Тайжан да қолдай келіп, мынадай пікір білдіреді:

- Биыл Еуропа Одағының басшысы болып Германия тағайындалды. Германия осы жылы дамыған «сегіздікті» де басқармақ. Осы жағынан келгенде, биыл Германияның әлем саясаты мен экономикасындағы орны зор болып отыр. Мұнда Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселесі де көтерілуі мүмкін. Өйткені Еуропадағы Германияның ықпалы белгілі, ол өте зор.

Ал Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтбаев Қазақстан президентінің Германияға сапарын Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында қалыптасқан дәстүрлі жылы қарым-қатынастың жалғасы ретінде қарастырады. Екі жақты байланыстырып тұрған мүдделер туралы ол былай дейді.

- Біз үшін Германия Еуропадағы ең басты әріптесіміз. Ол тек Қазақстан емес, Орталық Азия елдері үшін де Еуропадағы ең сенімді елдердің бірі. Өйткені Германияның Орталық Азия елдерімен осы уақытқа дейін даулы мәселесі болған емес. Сондай-ақ Германия Қазақстан экономикасының шикізатты емес саласына инвестиция сала алатын мемлекет. Германия экономикасы соңғы жылдары Еуропада қарқынды дамып келеді. Осындай мықты мемлекетпен Қазақстанға байланысты одан әрі тереңдету қажет-ақ. Сонымен қатар Қазақстанда әлемдегі ең үлкен неміс диаспораларының бірі тұрады. Бұл да белгілі бір деңгейде екі елдің тығыз қарым-қатынас орнатуына септігін тигізіп келеді, - дейді Досым Сәтбаев.

Қазақ Ұлттық Университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің деканы, профессор Құралай Байзақова соңғы 15 жылда Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстар жоғары деңгейде болды деп, осы сапар сол байланыстарды одан әрі қарай дамытады деп есептейді.

- Менің ойымша, осы сапарда екі ел бұрынғы қатынастарды жандандыру мақсатында энергетика, экономика салаларында жаңа келісімдерге қол қояды. Германия да, Еуропаның басқа елдері де Қазақстанды Орталық Азияның қауіпсіздік, ынтымақтастық мәселелерін шеше алатын жетекші мемлекет ретінде қарастырады, - дейді Құралай Байзақова.

Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қары-қатынас 1992 жылдың ақпан айынан басталған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, Германия Қазақстанмен сауда жасау жағынан 6-шы орында тұр. Екі ел арасындағы сауда көлемі өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 2,2 миллиард долларды құраса, бұл көрсеткіш 2004 жылы 1,2 миллиард, 2005 жылы 1,7 миллиард доллар деңгейінде болған. Жалпы Германияның Орталық Азия елдерімен экономикалық қарым-қатынастарының 70 пайыздан астамы Қазақстанға келеді.
XS
SM
MD
LG