Accessibility links

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай: «Жоғары билік өкілдері арасындағы заңсыздықпен күресеміз»

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Өткен аптада ресми тіркеуден өткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілдері қаңтардың 29-күні Алматыда өз партияларының атынан Қазақстан Республикасының бірнеше заңына, соның ішінде Конституцияның кейбір баптарына өзгеріс енгізу туралы Үкімет пен Парламентке ұсыныс жасамақ ниеттерін жария етті. Өздерін қазіргі биліктің саяси бағытына оппозицияық партия деп жариялаған саяси ұйым көшбасшысы Жармахан Тұяқбай тек қана аймақтарда емес, сонымен қатар жоғары билік өкілдері арасындағы заңсыздықпен күресетіндіктерін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның қатарында 140 мың мүше бар екенін хабарлаған саяси партияның көшбасшысы Жармахан Тұяқбай партияның негізгі жұмысы елде әділеттілік орнатуға бағытталатын күрес болмағын айта келіп, халықты өздерінің құқықтарын қорғай алатын жағдай туғызуға күш салатынын жеткізді.

- Стратегиялық жағына келетін болсақ, бізде әлеуметтік мемлекет құру мәселесі алдыңғы орында тұр. Биліктің халық, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру маңызды. Өйткені, қоғамның алдында жауап бермейтін биліктің қазір қандай жағдайға әкеп отырғанын барлығымыз көріп отырмыз. Қуғын-сүргін, қорқыту мен үркіту, оппозицияға деген көзқарас, заңды бұзып, ойына келгенді істеу – соның нәтижесі.

Жармахан Тұяқбай өз партиясының қатарында қоғамның барлық әлеуметтік топтардың өкілдері бар екенін атап өтті. Партия басшысы мүшелерді көбейту ниеті барын айта отырып, алайда басты бәсекелесі – президентшіл «Нұр-Отан» партиясы секілді сан қууды мақсат тұтпайтынын да жеткізді.

- Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарында мүшелері көп. Яғни, заң бойынша талап етілген көрсеткіштен 3 есе артық болып отыр олардың саны, - деді Ж.Тұяқбай.

Оның айтуныша, тіркеу құжатын алғанан кейін алты айдың ішінде жаңа партия аймақтардағы өкілдіктерінің жұмысын жолға қойып, жергілікті билік органдарында тіркеуден өткізуі тиіс.

- Егер осы уақыт ішінде филиалдарды тіркеп үлгермесек – куәлікті қайтадан тартып алу қаупі бар, - дейді Жармахан Тұяқбай.

Жаңа ұйым басшыларының бірі саясаткер Әміржан Қосанов Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның құрылуымен елдегі оппозиция өкілдерінің басын біріктіру мүмкіндігі туғанын айтады.

- Оппозияцияның негізін құрайтындар – кезінде үкімет басында, парламентте отырған кісілер. Олардың барлығы оппозияцияға қызық іздеп келмегенін барлығыңыз түсінесіз – олар қазіргі орнап тұрған өкіметтің қоғамға зиян екендігін түсініп, сол бағытқа қарсы шыққандар.

Жаңа партияның қатарына өткен отставкадағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов болса, әскерилерге өздерінің саяси ықыластарын білдіруге тиым салынғандықтан, партия қатарына әскерилер мен күш құрылымдарының өкілдері негізгі қызметінен қол үзген соң бірақ кіретінін айтады.

- Мен танитын әскери адамдардың басым бөлігі оппозициялық бағытты жанына жақын тұтады. Әскери ардагерлер, ауған соғысының ардагерлері қазір осы Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның қатарына келіп қосылып жатыр.

Алдағы уақытта партия бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын жасамақ. Бұл туралы Жармахан Тұяқбай былай дейді:

- «Оппозициялық қызмет туралы» заң жобасын әзірледік, «Сайлау туралы», «БАҚ туралы» заңға, Азаматтық қоғам құру жөніндегі концепцияға, Конституциядағы өкілеттік биліктің құқықтарын көбейту мәселесі төңірегінде, өкіметтің жауапкершілігін арттыру бағытындағы заңнамаларды өзгерту туралы жобаларымызды парламентке, үкіметке ұсынбақпыз. Дайын жоба ұсынайтындай құқығымыз жоқ. Тиісті депутаттар ұсыну керек. Үкіметтің, мәжіліс, парламенттің алдында қоямыз. Ұсынатын өзгерістер көп.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы жақын арада партия құрылтайының өткізілетінін де хабарлады.
XS
SM
MD
LG