Accessibility links

Үкімет мемлекеттік рәміздерге ерекше көңіл бөлмекші

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Дүйсенбі күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылады. Үкімет аталған заң жобасына Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін насихаттау және тәрбие құралы ретінде пайдалану мақсатында өзгерістер енгізіп отырмыз дейді. Атап айтқанда, енді бұдан былай мемлекеттік рәміздерді кез-келген кәсіпорындар, баспаханалар арнайы лицензиясыз шығара алмайды және әнұранды қай жерде міндетті орындау қажеттігі жөнінде ресми көрсетілетін болады. Ал жекелеген депутаттар мемлекеттік рәміздерді лицензиясы барлар ғана шығара алады дегенмен келіспей отыр. Олар бұны кәсіпкерлікке қысым деп түсініп отыр.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаевтың сөздеріне қарағанда, Қазақстанда мемлекеттік рәміздер – ту, әнұран және елтаңбаларды құрметтеп, оларды насихаттау жеткілікті дәрежеде болып отырған жоқ. Сондықтан да сол олқылықтың орнын толтыруды Үкімет бірінші электронды ақпарат құралдарынан бастағалы отыр екен. Осы айда Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан президенттің жаңа жылдық құттықтау сөзінен кейін неге әнұран орындалмады деген мәселе көтерген болатын. Енді Ақпарат министрі мұны қолға алуға кіріскен секілді:

– Жаңа заң жобасында Қазақстан аумағында тіркелінген телеарналар мен радиостанцияларда таңертең эфир жұмысы басталар алдында және эфирден хабар тарату аяқталған уақытта мемлекеттік әнұранның міндетті түрде орындалуы қарастырылады.

Үкіметтің рәміздерге қатысты енгізгелі отырған екінші өзгерістерінің бірі – рәміздерді кез-келген баспаханалар шығара бермеуі тиіс. Оның себебін Ақпарат министрі Ертісбаеав былайша түсіндіреді:

– Мемлекеттік лицензиясы бар кәсіпорындар мен атқарушы және бақылаушы органдардың қызмет түрінің өкілдіктері нақты шектелмегендіктен Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы мен елтаңбасын жасау, қолдану, пайдалану және насихаттау барысында мемлекет бекіткен стандарттарды жиі бұзушылық салдары аталған заң жобасын қайта қарау мәжбүрлігі туды.

Алайда мемлекеттік рәміздер туралы Қазақстанның Конституциясында арнайы бап болғандықтан Парламент Сенатының депутаты Әбіш Кекілбай мемлекеттік рәміздер туралы заңды қарау Парламенттің құзыретіне кірмейді деп мәселе қойды:

– Мемлекеттік рәміздердің сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі Конституциялық заңмен белгіленеді делінген. Демек, біздің бүгінгі қабылдайтын заң жобасы мен ол заң жобаны талқылайтын мәселе бүгінгі жиналыстың мандатына кірмейді.

Сонымен бірге аталған заң жобасында әнұранның әнін, мәтінін басқа шығармаларда қолдануға рұқсат етілмейді деген де бап бар. Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы әнұранның мәртебесін көтеру үшін ойын-тойларда айтылуға болмайды деген де өзгерістер керек шығар дейді.

Алайда Мәжіліс депутаты Амангелді Таспихов әнұранды қай жерде айту керек, қай жерде айтпау керек деген заңда арнайы баптың жоқтығын айтады:

– Әнұранды кез-келген жерде орындауға тыйым жоқ. Бірақ, ресми түрде заңда көрсетілген міндетті орындалу кезінде ешқандай бұрмалаушылық болмай, орындалу керек.

Бірлескен комиссияның төрағасы болып сайланған сенатор Қуаныш Сұлтанов жоғарыдағы мәселеге байланысты былай дейді:

– Ойын тойда айтуға болады, болмайды деген бап жоқ. Керісінше, әнұранды әрбір Қазақстанның азаматы айту керек деген ұсыныс бар.

Парламент депутаттары мемлекеттік рәміздер туралы заң жобасын арнайы комиссия құрып талқылап, оны екінші оқылымға шығаратын болып келісті.
XS
SM
MD
LG