Accessibility links

Қазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу жөніндегі жаңа заң жобасын сынайды


Қазақстанның кәсіпкерлер қауымдастықтарының өкілдері қазіргі кезде парламентте қаралып жатқан мемлекеттік сатып алу жөніндегі жаңа заң жобасы жемқорлықты азайтпайды деген пікірлерін білдірді. Бұл туралы Қазақстанның кәсіпкерлер форумының өкілдері Қарағанды, Өскемен, Алматы қалаларында өткізілген жиындарда хабарлады. Ал осы заң жобасымен айналысып жатқан Қаржы министрлігінің өкілдері мүлде керісінше пікірді ұстанып отыр.

Бірнеше бизнес қауымдастығының өкілдерінің айтуынша, олар заң олқылықтары туралы үкіметке де, парламентке де мәлімет жіберген. Бірақ, жаңа заң жобасы ескісінен жақсы емес дейді кәсіпкерлер. Кәсіпкерлер заң бюджет қаржысын тиімді жұмсау үшін мемлекеттік сатып алудың нақты тәртібін бекіту керек деп санайды. Қазіргі қолданыстағы заң 2002 жылы қабылданған. Бірақ, 32 баптан тұратын заң нормаларының көбінде талаптар нақты жазылмаған және сілтеме көп дейді кәсіпкерлер. Ал Қазақстан парламенті сенатының депутаты Жандарбек Кәкішев болса солай болуы керек дейді:

- Бұл дүниежүзінен алынған заңдар. Оны басқадай жеңілдетуге болмайды.

Астанадағы заң университетінің заңдылықты қамтамасыз ету орталығының заңгері Сұлтан Әлімжановтың айтуынша, сілтемелер мәселені шешетін дұрыс жол емес.

«Сілтемелер бар жерде әрдайым жемқорлыққа негіз бар, үкімет шешіміне сілтеме бар жерде ақырғы шешім де жоқ болуы мүмкін. Меніңше, бұл мәселені заң деңгейінде шешу керек, заң сілтемелерге сүйенбей тікелей жұмыс істеу керек», - дейді С.Әлімжанов.

Қазақстанның кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назхановтың айтуынша, ескі заңның кесірінен тендерлерде бюрократиялық кедергілер көп. Оның айтуынша, қолданыстағы заңда жазылғандай тәртіп тікелей заңмен емес, үкімет бекітетін актілермен реттеледі, ал бұл шенеуніктерге лобби жүргізуге мүмкіншілік бермек. Соның кесірінен, кейде тендер өтпей жатып оны ұтып шыққан адам белгілі болады дейді ол. Қазақстанның қаржы министрлігінің қаржыны қадағалау және мемлекеттік тапсырыс жөніндегі комитет төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин бұл салада заң жиі бұзылатындығын мойындап отыр:

- 963 біздің материалдарымыз құқық органдарына берілді. 389 лауазым тұлғаларына әкімшілік шаралар қолданылды, тағы 201 әкімшілік тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды. Заңды бұзғандықтан біз 85 иск соттарға бердік. Құрылыс мәселелерінде көп кемшіліктер бар, ауыз су бағдарламасын тексердік онда да осындай кемшіліктер табылып отыр.

Тексеру өткізген прокуратура өкілдерінің айтуынша, осындай тендерлердің арқасында жеке шенеуніктер мен ұлттық компаниялардың лауазым иелері байып келеді. Прокурорлардың айтуынша, әдетте тендерлерге өздері жұмыс істемейтін ұсақ мердігерлер қатысады. Бірақ, тендерді жеңіп шыққан соң олар қызмет бағасын көтерудің арқасында тапсырысқа берілген ақшаның 30-50 пайызын алады.

Кәсіпкерлердің айтуынша, тендерлерді өткізетін комиссияларға кәсіпкерлерді қатыстыру керек. Және жемқорлықты азайтатын электронды сауда жүргізу керек, бірақ, жаңа заң жобасында бұл туралы айтылмаған дейді кәсіпкерлер. Дамыған елдерде мемлекеттік тапсырыс туралы мәліметті жарияламас бұрын базарды зерттеп, арзан және сапалы қызмет ұсынатын компанияларды іріктеп алады. Сосын интернетте тендер өткізіледі. Осылайша жемқорлық азаяды деген пікір бар. Бірақ, Қазақстанда бұл туралы әңгіме қозғалғанына 4 жыл болғанымен әлі нәтиже жоқ дейді экономистер.

Сарапшылардың пікірінше, мұның себебі ақшаға келіп тіреледі. Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметіне жүгінсек, елде жыл сайын мемлекеттік сатып алу саласына 3 миллиард доллар бөлінеді екен. Қазақстан парламенті сенатының депутаты Жандарбек Кәкішевтің айтуынша, бұл салада заңға өзгеріс енгізуге болады:

- Ол - атқару техникасы. Қолына ағаш балға ұстап тұрып өткізе ме, электронды түрде өткізе ме, оған рұқсат бар, кедергі жоқ.

Қаржыны қадағалау және мемлекеттік тапсырыс жөніндегі комитет төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазиннің айтуынша, 2007 жылдың наурыз айында алғашқы электронды сауда өткізіледі. Оған 23 мың мемлекеттік сатып алу субъектілері және 41 мемлекеттік сатып алу органдары қатысады деді ол.
XS
SM
MD
LG