Accessibility links

«Алматыжер» МКМ шешімдерімен келіспейтін 50 тұрғын аштық жариялайтындарын мәлімдеді


Сейсенбі күні Алматыда «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының шешімдерімен келіспейтін бір топ тұрғын үй иелері ақпанның бесінен бастап өздерінің аштық жариялайтындарын мәлім етті. 50-ге жуық тұрғын өз үйлерінің нарықтық бағамен сатылуын немесе өздеріне бағамы қазіргі меншігіне сәйкес келетін пәтерлер беруді талап етуде.

Алматы қаласының орталығындағы Шевченко-Абылайхан-Жамбыл-Фурманов көшелерінің бойында өткен ғасырдың 30-50 жылдарында тұрғызылған үйлер орналасқан аумақ, осы жердің қымбаттығына байланысты жұрт арасында «Алтын шаршы» деп аталып кеткен. Бұл жердегі үй тұрғындары қаланың бас жобасындағы бұл ғимараттар бұзылуға жатпайтынын айтуда.

- Олар менің пәтерімнің орнына қайдағы жоқ, қаланың түпкі шетіндегі, арзан үйді бермек. Бағамына мүлдем сай келмейтін ақшаны ұсынады. Мен оны қайтпекпін? Бұл - тарихи маңызы бар үйлер екені де олар үшін тоқтау болар емес, - дейді қарсылық білдіруші тұрғынның бірі, екінші топтағы мүгедек Мелс Метов.

Тағы бір тұрғын – Нұрлан Ибрашев болса, жергілікті биліктің пәрменімен бұзуға жатқызылған үйлердің орнына ешқандай да мемлекетке қажетті нысан емес, кезекті коммерциялық жоба – элитті тұрғын тұрғызылғалы жатқанын айтады.

- Бұл аумақта ешқандай да мектеп, балабақша емес, көпқабатты үй салынады. Мемлекеттік қажеттілік туып отыр деп алдаусыратып, арзан бағамен бізден үйлерді тартып алмақ.

Бұл ақпаратты «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастығының орынбасары Ольга Глиненко «Азаттық» радиосына сейсенбі күні берген сұхбатында растады.

- «Алтын шаршы» аумағындағы үйлер – ескі деп саналады. Қаланың бас жобасында оларды бұзу туралы жоспар бар. «МодульИнвест» кәсіпорны ол жерге көпқабатты тұрғын үй салады.

Бұзылатын үйдегі пәтерлердің иелері ақпанның 5-іне дейін құзырлы орындар мәселені өз пайдасына шешпесе – аштық жариялайтындарын мәлімдеді.

- Қанша уақытқа созылатынын білмейміз, денсаулығы қанша шыдайды – сонша отырамыз, - дейді құқыққорғаушы Саян Мейірбеков.

«Алтын шаршы» аумағындағы үйлерде есімдері елге мәлім, тарихта жазылған 100-ден астам танымал тұлғалар тұрған дейді, осы үйде 1958 жылдан бері тұрып келе жатқан Мелс Метов. Оның айтуынша, ескерткіш тақталарға тұнған осы 10 шақты үйден сталиндік қуғын-сүргін кезінде Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды қаламгерлер сотталып кете барған көрінеді.

Тарихи ғимараттар болғанына қарамастан, сол үйлерді бұзуға ыңғайланған құрылыс компаниялары пәтер иелеріне әр шаршы метріне 2 мың АҚШ долларын ұсынып отыр. Сонымен қатар, подъезд есіктеріне «осы үйден пәтер сатып аламын» деген хабарландыру қағаздар қаптап кетті дейді тұрғындар.

- Қаланың шетіндегі үйлердегі пәтерлерге шаршы метріне 3000 доллар сұрап отыр! Компания ескі үйлерден пәтер береміз дейді. Керек емес! Қарсылық белгісі ретінде аштық жариялаймыз! Бас прокурорға да, мемлекет басшысына да, премьер-министрге де хат жаздық, дүйсенбіге дейін жауап күтеміз, - дейді Нұрлан Ибрашев.

«Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастығының орынбасары Ольга Глиненко бұл жағдай - кәсіпорын назарынан тыс қалмайтынын жеткізді.

- Мәселе - мұндай алмағайып қатер әкелетін болса, әрине, барлық шешімдерді қайта қаралуын талап ететін боламыз. Құрылыс компаниясының әрекеттерін біз жақтап та, даттап та отырған жоқпыз, бізге аса қатысы да жоқ. Сотта олардың сөзін сөйлеп жатқанымыз жоқ, бұл – қарсылық білдірген тұрғындардың бос айыптаулары. Бірақ, осындай әрекеттердің салдарынан адам өміріне зиян келіп жатса – біз ондай жағдайды боддырмау үшін, қолымыздан келгенін істейміз.

Аштық жариялауға 50 шақты адам ниет білдіріп отыр. Олар бұл шарасын көпшілік орынға шықпай, пәтерде немесе бір мекеменің ішінде ұйымдастырмақ.
XS
SM
MD
LG