Accessibility links

Ұлт-патриотшыл бағыттағы қоғамдық ұйымдар Қазақстандағы көші-қон саясатын қайта қарау керек деп есептейді

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстанның ұлт-партиоттық ұйымдары Қазақстанда жүріліп жатқан қазіргі көші-қон саясатына өздерінің алаңдаушылықтарын білдіріп отыр. Ресей президенті В.Путин шетте жүрген орыстарды «Өз отандарыңа - Ресейге оралыңдар!» деп ашық шақырып жатса, Қазақстан үкіметі шеттегі қазақтарды атажұртына көшіру мәселесінде тіс жарып, осы күнге дейін жарытып ештеме айтпай отыр дейді қазақ ұлттық ұйымдары. Олар жылына квотамен тек 15 мың қазақ отбасын ғана көшіріп әкелуі жеткіліксіз деп отыр.

Қаңтардың 30-ы, яғни сейсенбі күні, Алматыда Қазақстандағы қазіргі көші-қон саясатына қатысты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған пікірталас жиыны өтті. Онда Қазақстанда ұлт, тіл және жер мәселесін көтеріп жүрген ұлтшыл-патриотшыл бағыттағы оншақты ұйымның жетекшілері қатысты.

Кездесуді ашып, сөз сөйлеген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бүгінде әлемнің 45-тей елінде тарыдай шашылып жүрген 5 миллиондай қазақты олардың өмір-бойы армандап келген атажұрты - Қазақстанға көшіру мәселесінде осы 15 жылда қол жеткізілген кейбір тәжірибелерге қарамастан қордаланған көптеген проблемалар орын алып отырғандығына тоқталды.

Осы 15 жылда Қазақстанға, ресми мәліметтер бойынша, 600 мыңдай қазақ көшіп келген, ал бейресми статистика көшіп келген қазақтар санының бір миллионнан асқанын айтады.

- Ал, осы көш-қон үрдісі қазіргідей мемлекеттің жыл сайын бөлетін «квотасы» негізінде ғана жүргізіле беруі керек пе, жоқ әлде бұл болашақты болжаған нақты бағдарламалар арқылы жүзеге асуы тиісті ме - осыны шешетін уақыт жеткен сыңайлы, - деді ДҚҚ-ның төралқа төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев.

«Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Османқызы шетелде жүрген қазақтарды атажұртына жеткізуде мемлекеттің нақты бағдарламалары жасалуы керек екендігін айта келе, осы уақыт ішінде Қазақстанға көшіп келген қазақтарға «оралмандар» немесе тағы басқадай ат-айдар тағып кемсітуді қою керек, қоғамдағы бұндай көзқарасты өзгерту үшін қоғамдық ұйымдар ат салысулары керек деген пікір білдірді.

«Сталиндік солақай саясаттың құрбаны болған талай мың әзірбайжан, күрд, түрік, шешен, кәрістер Қазақстанға күшпен көшіріліп әкелгенде жергілікті халық –қазақтар оларды жылы құшақтарымен қарсы алды, ешқашанда оларды ұлтына қарап кемсітіп айтқан емес, ал қазір өздерінің бауырлары келіп жатқанда оларға «қытай», «маңғұл», «өзбек» деп кемсіту айту - дұрыс емес, бұған қарсы күресу керек», - дейді А.Османқызы.

«Халық дабылы» қоғамдық қозғалысының жетекшілерінің бірі Кенесары Қаптағай шетелден келген қазақтар арасында осы күнге дейін бюрократтық түрлі кедергілерден Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендер барын айтты.

«Сондықтан Қазақстан енді Израйль елінің тәжірибесіндей, қай қазақ болсын шекарадан өткен сәттен-ақ оған Қазақстан азаматтығын сол жерде беру керек. Қазақстан азаматтығын алған соң қай қазақ болсын өз тірішілігін өзі түзеп кетеді», - дейді ол.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысы төрағасының орынбасары Болат Дүйсенбі бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, әуелі көшіп келген қазақты бейімдеу орталықтарында қабылдап, сол жерде онымен жұмыс жүргізілуі керек.

«Ал Қазақстан азаматтығын алған соң 5 жылдың ішінде оның оралман мәртебесі сақталуы тиісті, сол арқылы түрлі әлеуметтік көмек жәрдем ала алатын болады», - дейді Дүйсенбі.

Республикалық «Ел болашағы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Бағдат Әріпов бүгінгі көші-қон саясатын өзгерту керектігін айтады.

«Ол үшін бұндай аса маңызды мәселемен айналысатын министрлік не агенттік құрылып, ол президенттің өзіне тікелей бағынып жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ, қазіргі қолданыстағы квотамен шетелден қазақтарды шақыруды қою қажет, тарихи Отанына келемін дегендерге еш шектеу қоймай, қаншама болса да құшақ жайып қарсы алатын уақыт жетті, оған үкіметтің қаржысы да жетеді, бұдан қаржыны аяуға болмайды», - дейді ол.

Кездесуге жиналған ұлт-патриотшыл бағыттағы ұйымдардың жетекшілері көршілес Ресей президенті В.Путиннің шетелде жүрген орыстарды өз елдеріңе - Ресейге қайтыңдар деп шақырып жатқанда, Қазақстан үкіметінің шетелде жүрген қазақтарды атажұртына көшіріп алуға қатысты бұрынғы саясатын өзгертпей, ешбір қимылсыз отырғандығы дұрыс емес деген байлам жасады. Сондықтан, бұл мәселеге қатысты ұзақ мерзімді болжаған нақты бағдарламалар жасалып жүзеге асуы тиіс деген ортақ пікірге келді олар.
XS
SM
MD
LG