Accessibility links

Биліктегі былық-шылықтар туралы жазғаннан кейін оралдық «Уральская неделя» газетін басудан баспаханалар бас тартып отыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Орал қаласында 2001 жылдан жарыққа шығатын тәуелсіз «Уральская неделя» басылымының қызметкерлері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Бас прокурор Рашид Түсіпбековке, Батыс Қазақстан облысының прокуроры Зарлық Лақбаевқа ашық хат жолдады. Онда олар өздері қызмет істейтін тәуелсіз «Уральская неделя» басылымының шығуына қауіп төніп тұрғандығын айтып, жергілікті билік тарапынан жасалып отырған түрлі қысымдарға араша түсуді сұрап отыр.

«Уральская неделя» қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы Тамара Еслямованың айтуынша, басылымға осы жылдың басында қауіп төнген. Өйткені, 2006 жылы басылым беттерінде Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің ҚР жер, тұрғын үй туралы заңнамаларын бұзып отырғандағы туралы зерттеу мақалалар топтамасы жарияланғаннан кейін жергілікті баспаханалар осы басылымды басудан бас тартыпты.

«Осыған қарамастан газетіміздің бірде-бір санын тоқтатқан жоқпыз. Бізге газетіміздің әр санын әр баспаханада шығаруға тура келді», - дейді Тамара Еслямова.

Орал қаласындағы баспаханада шыға алмаған газет ұжымы осы жылдың қаңтарының 15-і күні ақтөбелік «А-Полиграфия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспаханасымен келісімге келеді. Ал бұл келісімді қаңтардың 18-і күні себебін түсіндірместен аталмыш баспахана бұзған. Тамара Еслямованың сөзіне қарағанда, бұдан кейін газет ұжымы Атырау қаласындағы «Ақ Жайық» баспаханасына қайырылуға мәжбүр болады. Қаңтардың 25-і күні басылымның соңғы саны Атырау қаласында жарыққа шыққаннан кейін, «Ақ Жайық» баспаханасы да жергілікті әкімшіліктің қысымына ұшырағандығы белгілі болыпты.

«Уральская неделя»» апталығы 2001 жылдан бері Орал қаласында жарыққа шыққан. Басылымға сол газетте қызмет істейтін журналистердің өзі құрылтайшы болған келген.

«Апталық негізінен әлеуметтік-саяси мәселелермен қатар қоғамдағы жемқорлық тақырыбын да батыл көтеріп жазды. Газет жарыққа шыққан 5 жыл ішінде Қазақстан заңнамаларын бұзбай халыққа қызмет етті. Соның арқасында болар, газет Батыс Қазақстан облысында ең көп оқылатын, таралымы көп басылымға айналды», - дейді газетің бас редакторы Тамара Еслямова.

Басылымдарын баспаханада бастыра алмаған газет ұжымы өткен аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа , бас прокурор Рашид Түсіпбековке, Батыс Қазақстан облысының прокуроры Зарлық Лақбаевқа үндеу жариялады.

«Мақсатымыз - Қазақстан Конституциясы мен заңдарында көрсетілген сөз бостандығы мен еркін ақпарат алып, оны тарату құқығымыздың сақталуын қамтамасыз етуді талап ету», - дейді бас редактор Т.Еслямова.

Осы мәселеге байланысты Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігінен қандай бір түсінік алу мүмкін болмады.

Ал қаңтардың 29-ы күні Нью-Йоркте орналасқан «Журналистерді қорғау комитеті» халықаралық ұйымы Қазақстанда аймақтық «Уральская неделя» басылымының қудалауға ұшырауына орай, алаңдаушылық білдіріп арнайы мәлімдеме таратты. Мәлімдемеде аталмыш ұйымның жетекшісі Джоул Саймон: «Қазақстанда сын айтатын басылымдарды кез-келген тәсілдерді қолдану арқылы жауып тастау жалғасуда. Біз Қазақстан билігіне қайырылып, «Уральская неделя» басылымына қарсы қудалауды тоқтатуды талап етеміз» деген.

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымының қызметкері Ғалия Әженова:

«Аталмыш ұйым бұл жағдайды сөз бостандығына төнген қауіп ретінде бағалап отыр. Өйткені, бұл газет белгілі бір топтардың немесе партияның сойылын соққан газет емес. Қазіргі жарыққа шығатын басылымдардың ішінде мазмұнды ой айтатын, әлеуметтік мәселелермен қатар коррупция жайлы батыл жазатын санаулы басылымдардың бірі. Осындай басылымдардың жабылып жатқандығы, әрине, сөз бостандығына қойылған тосқауыл деп бағалауға болады», - дейді.

«Қазақстанда тәуелсіз басылымдарды қудалау үйреншікті әдетке айналды. Егер басылым жергілікті билікке сын айтып, аймақтағы коррупцияны жазып жүрсе ол басылымның ғұмыры ұзақ емес» дейді сот шешімімен журналистік басылымды басқару қызметінде жұмыс істеуге тиым салынған, кейінгі кезде өзін оппозициялық «Тасжарған» басылымының бас оқырманы санайтын Ермұрат Бапи.

Қаңтардың 31-і күні Алматыда сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы мен Қазақстан журналистер одағы «Уральская неделя» басылымының айналасында қалыптастып отырған жағдайға орай арнайы мәлімдеме таратпақшы.
XS
SM
MD
LG