Accessibility links

Қазақстандық телерадиоларда мемлекеттік тілдегі хабарлардың көлемі қанша болуы керек?


Сәрсенбі күні өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан алдағы бес жылдың ішінде Қазақстандағы электронды ақпарат құралдары тәулігіне кемінде 90 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататындай дәрежеге жетуі керек деген мәселе қойды. Оның сөздеріне қарағанда, Қазақстаннан хабар тарататын радиостанциялар «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдағы талапты орындап отырған жоқ. Ал Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаев электронды ақпарат құралдары 90 пайыз мемлекеттік тілде ақпарат тарататын болса, Қазақстан авторитарлық саяси жүйеге айналуы мүмкін дейді. Есесіне, министрдің сөздеріне қарағанда, болашақта Қазақстанда тәулігіне 24 сағат тек мемлекеттік тілде хабар тарататын 3-4 телеарна жұмыс істемек.

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан сәрсенбі күні жалпы отырыс кезінде өзінің ұялы телефоны арқылы әріптестеріне Қазақстаннан хабар тарататын радиоларды тыңдатып көрсетті. Нәтижесінде, бірде-бір радио қазақ тілінде ән бермейді екен.

«Қазақ тілінде сөйлейтін «Шалқар» радиосы ғана. Онда да оны кез-келген жерде тыңдай алмайсыз. Осындай деңгейде мемлекеттік тілді іске асыру мүмкін бе, мүмкін емес пе?! Бас прокуратура заңның орындалуын қадағалап отыр ма? Отырған жоқ!»

Осы мәселені алға тартқан депутат Б.Тілеухан Үкімет тез арада мемлекеттік тіл саясатын өзгертуі қажет деген талап қойды.

«Радионы тыңдаған кезде Қазақстанда жүргенімізге дәлел бар ма? Сіз Ресейде ме, АҚШ-та жүрсіз бе, белгісіз. «Тіл туралы» заңға өзгеріс енгізудің келгенін мен ғана емес, әріптестерім де айтып жүр. Бұл өзгерісті Үкімет көп кешіктірмей қолға алуы керек. Екіншіден, «БАҚ» туралы заңға алдыңғы бес жыл мерзімді өтпелі кезең етіп тағайындап, бес жылдан кейін барлық ақпараттар 90 пайыздан кем емес мемлекеттік тілде хабар жүргізуі керек».

Дегенмен Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаев депутат Б.Тілеухан көтерген мәселеге таяу арада Үкімет басқаша қырынан келетіндігін жеткізді. Министрдің айтуынша, өздері әзірлеп жатқан мемлекеттік бағдарламаға сәйкес болашақта сандық телевидение арқылы қалаған тілде хабар тыңдауға мүмкіндік болмақ.

Ақпарат министрі сандық жиіліктегі арналар арқылы Қазақстаннан өте көп телеарналар ашуға мүмкіндік туатынын, сол кезде екі-үш жалпы мемлекеттік телеарналардың тәулігіне 24 сағат тек мемлекеттік тілде хабар таратуға қол жеткізуге болатындығын айтты.

«Ал Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан айтып отырғандай 130 дай ұлт тұратын Қазақстанда 90 пайыз телеарналар мемлекеттік тілде хабар таратуы қажет дегені, қоғамдық келісімге сәйкес келмегенімен қоймай, Қазақстанды авторитарлық саяси жүйеге итермелейді және бұл нарықтық экономиканың талаптарына да қайшы», – деді Ақпарат министрі.

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы Бас прокурор Рашид Түсіпбековтің атына «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 3-бабын орындамай отырған электронды ақпарат құралдарының басшыларына шара қолдануын сұрап, депутаттық сауал жолдады.

Жоғарыдағы мәселеге байланысты Ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаев, бұдан былай «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 3-бабындағы мемлекеттік тілдегі хабарлардың көлемі 50 пайыздан кем болмауы керек деген тармақтың талаптарын орындамаған телеарналар мен радиостанциялар мемлекеттік тендерге қатыса алмайды деп мәлімдеді. Ол телеарналардан отандық бағдарламаларды көптеп ашу қажеттігін айтады.

«Мәселен, Франция мемлекеті елін американизациялаудан сақтау үшін арна уақытының 50 пайызын француздық авторлардың еншісіне береді», - дейді Ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаев.

Депутаттар алдында мемлекеттік тілге шорқақтығын сөзбен жуып-шайған Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаев күніне бір жарым сағат уақытын қазақ тілін үйренуіне жұмсайтынын айтты:

«Бір сабаққа 500 теңге төлеймін. Менің ойымша, қазақ тілінде еркін сөйлеуім үшін бір жарым жыл уақыт керек».
XS
SM
MD
LG