Accessibility links

Алматы қаласының прокуратурасы 60-тан астам құрылыс компаниясының лицензияларын қайтарып алу бойынша мәселе қойып отыр


Алматы қаласы прокуратурасы 60-тан астам құрылыс компаниясының лицензияларын қайтарып алу немесе тоқтату туралы мәселе қойып отыр. Бұл туралы бейсенбі күні Алматы қалалық прокуратурасы "Азаттық" радиосына хабарлады. Заң бұзушылықтар сәулет-құрылыс саласындағы лицензия беретін сараптама орталықтарының қызметін тексеру кезінде анықталған. Бүгінгі таңда бұл ретте 7 сарапта орталығының аккредитация куәлігінің жұмысы тоқтатылып, 3 қылмыстық іс қозғалып, 5 талап-арыз берілген.

Республикадағы ірі мегаполистердің бірі – Алматы қаласында былтырғы жылы құрылыс саласы 35-37 пайызға артса, биыл одан да артық көрсеткішке жетеміз деп отыр Алматы қаласы құрылыс департаментінің бастығы Қажымұрат Дүйсенов:

- Былтырғы жылмен салыстырғанда 10-15 пайызға өсеміз деген ойымыз бар. Одан да көп боулы мүмкін, бірақ төмендетпейміз...

Алматы қаласында құрылыс қарқынымен қоса ірілі-ұсақты құрылыс компанияларының саны артуда. Мысалы, Алматы қаласы құрылыс департаменті бастығының айтуынша, қалалық әкімшілікте орташа деңгейдегі 122 құрылыс компания тіркелсе, ұсақ құрылыс кәсіпорындарының саны мыңнан асады:

- Алматыдағы 120 үлкен компанияның ішінде өте ірілері 15-ке жуық. Бір ғана «Алматықұрылыстың» ішінде 12 кәсіпорын бар.

«Өз үйімізді қорғаймыз!» қоғамдық ұйымына соңғы 1-,1,5 жарым жыл ішінде үш мыңнан астам тұрғындардан шағым түскен. Олардың бір бөлігі осы құрылыс компанияларының жұмыс сапасының нашарлығына байланысты дейді қоғамдық ұйымның жетекшісі Маржан Аспандиярова:

- Әсіресе, мынандай жағдайлар айтылады: үйдің іргетасын қалаған кезде цемент үнемдеу кеңінен тараған екен, мерзімі өткен құрылыс материалдары пайдаланылады. Қытай, Иран, Түркиядан сапасыз, тексерілмеген, тіпті кеденнен ресми түрде өтпеген құрылыс тауарлары әкелінетін жағдайлар кездеседі екен...

Ақпанның 1-і күні Алматы қаласының прокуратурасы 2006-шы жылдың соңында жүргізген тексерулер нәтижесінде осы қалада жұмыс істейтін 60 құрылыс компаниясының лицензияларын қайтарып алу немесе тоқтату туралы мәселе қойып отырғандарын мәлімдеді. Бұл туралы «Азаттық» радиосына бейсенбі күні Алматы қаласы прокуратура қызметкері Майса Әбдірахманова былай деді:

- Тексеріс кезінде біліктілік талаптарына жауап бермейтін субъектілерге лицензия беру, мемлекеттік органдардың қорындыларын бұрмалау тәрізді көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Сараптама қорытындысын беру қызметі ақылы болғандықтан, оң сараптама қорытындысын беруге мүдделі болған сараптама орталықтары объективтілік пен тәуелсіздік приництерін ұстанбайды. Сараптама қорытындыларының біліктілік талаптарына жауап бермейтін субъектілерге берілген кездері болған. Мысалы, «Құрылыслицензия» тәуелсіз сараптама орталығының филиал директоры тиісті білімі, арнаулы тәжірибесі жоқтығына қарамастан, басқа сарапшылардың қолдарын бұрмалап жасап, лицензия алушыларға біліктілік талаптарына сәйкес келетіндігі туралы 130 сараптама қорытындысын берген.

Алматы қаласы прокуратурасы тексерісі барысында құрылыс компанияларына қатысты 5 талап-арыз түсіріліп, 3 қылмыстық іс қозғалған, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы комитеті департаменті мен Индустрия және сауда министрлігінің құрылыс істері жөніндегі комитетіне 8 арнайы хаты жолданған.
XS
SM
MD
LG