Accessibility links

Климат жағдайын зерттеуші үлкен ғалымдар әлемдік жылыну жөніндегі негізгі баяндамасын жарияламақ

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Ақпанның 5-і, жұма күні ауа райын зерттеуші әлемдік белгілі ғалымдар тобы Парижде өздерінің баяндамасын жарияламақ.

Алғашқы мәлімет, болжамға қарағанда, әлемдік жылылану кесірінен табиғат ана, қоршаған ортаға алдағы онжылдықтар алапат өзгерістер алып келуі мүмкін екен.

Жалпы 1600 беттен тұратын бұл зерттеу жұмысы дүние жүзінен жүздеген ғалымның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ал ол аса көлемді және маңызды шараны БҰҰ-ның Ауа-райының климаттық өзгерісі жөніндегі үкіметаралық комиссиясы тікелей ұйымдастырыпты.

Бұл жаңа зерттеу әлемдік климат жөніндегі ең ауқымды және терең ізденіс нәтижесі делініп отыр. Сондай-ақ, оның қорытынды дерек-мәліметтері көптеген кісі шошырлық, үрейлі жаңалықтарды жайып салуы мүмкін көрінеді.

Бұл баяндаманың дайындық нұсқасында жазылғанындай, ғалымдардың 90 пайызы бүкіләлемдік жылынуға адамзаттың өзі жасаған парник газының әуеге көп мөлшерде таралуы тікелей себепші екенін айтып отыр. Олардың зерттеу нәтижесіне қарағанда, егер парник газы осылайша тарай берсе онда алдағы онжылдықтарда ауа райы барынша өзгеріп, оның ауыр салдарын адамзат өз басынан кешіремек екен. Дәлірек айтқанда, мысалы, Жерорта теңізі бойы елдерінде жаз айларында құрғақшылық пайда болып, тіршілік-өмір сүру жағдайы ауырламақ.

Шаңғы тебушілердің өкінішіне орай, қыс кезінде Альпі тауларында қар болмай, жаз айларында ол аймаққа ыстық, қапырықтан қашқан жұрт қаптайтын көрінеді.

Бұл арада өзге аймақтарда өзен суы тартылып, керісінше, Арктика мұзының тез еруінен теңіз суы деңгейі көтеріле түспек. Көптеген теғіз жағалауындағы тұрғын аймақтарды су баспақ. Күшті боран, құйындар соғып, өзге де күтпеген табиғат апаттары орын алуы мүмкін екен.

Сонымен, әлем ғалымдары, адам өз қолымен жасаған іс-тірлігі нәтижесінде ауа-райының құбылуына себепші болуда деген қорытындыға бір ауыздан келіп отыр.

Швейцариядағы Мұзды сеңдерді зерттейтін орталықта қызмет істейтін ғалымдар тобы көптеген жылдардан бері жаппай жылыланудың қаупі жөнінде үзбей айтып, жазып дабыл көтеріп келеді. Цюрих қаласындағы университеттің бір зерттеу орталығы осы кезге дейін әлемдегі 30 шақты мұзтауды, мұздық сеңдерді зерттеп дерек-мәлімет жинапты. Бұл институт директоры Хаберлидің айтуынша, климаттық өзгеріске, алдымен, мұздықтар себепші болған екен.

Мұз ерудің салдары жөнінде ол зерттеуші былай дейді:

«Көптеген мұз-сеңдердің орташа қалыңдығы 30-40 метр болады. Міне соның жыл сайын жарты метрі еритін болса онда алдағы онжылдықтарда таудың төменгі жағындағы мұздар жақын он жыл ішінде жоқ болады».

Қоршаған ортаның болашақ тағдырына барынша алаңдап отырған зерттеушілердің есебіне сенсек, осыдан 27 жыл бұрынғы - 1980-жылғы кезбен салыстырғанда әлемдік мұз үш есе тез еріп жатыр екен. Ал оның ауыр салдарын алдымен, шаңғы тебетін аймақтағы курорттар, пансионаттар, лагерлер көріп жатыр екен. Бұл жөнінде ғалым Хаберли былай дейді:

«Егер табиғат жылылана берсе онда, мұздар тез еріп, мысалы, Еуропадағы Райн және Роун өзендерінде ыстық жаз айларында су азайып кетеді. 2003-жылы солай болды. Ол құрғақшылыққа алып келеді. Ал уақыт өткен сайын оның салдары ауырлай түседі. Одан кейін қуаңшылықтың нағыз көкесі болады».

Міне сондықтан, Әлемдік қауымдастық БҰҰ-ның жаңа бас хатшысы Бан Ки Мунға соңғы аптада бұл мәселені қайталай ескертіп, шұғыл бас қосу кеңесін өткізуге шақырды.

Тіпті климаттық жылылану мәселесіне тікелей назар аударуға құлықсыз болып келген АҚШ-тың өзінде бір қатар конгрессмендер үкіметтен жедел түрде шара жасауға кірісуді талап етіп отыр.

Міне сол АҚШ әлемдік парник газының төрттен бірін ауаға таратады. Ал, Президент Буш әкімшілігі әзірше, табиғат тазалығынан гөрі экономикалық өнеркәсіптік мүддені алға қойып отырғандай дейді талдаушылар.

Дегенмен, президент Буш жақында АҚШ-тағы көліктердің бензин, керосин жағармайын пайдалану мүмкіндігін алдағы онжылдықта 20 пайызға дейін кеміту мәселесін заңдастыру жағдайын қарастыруды ұсынды.

Сонымен, әлемдік мұз бен сең жедел ери бастаған кезде, оны шамалы болса да тоқтату жолындағы шара бойынша сең қозғалғандай. Мұның бірер натижесін, енді, БҰҰ-ның жаңа әрекетінен байқайтын болармыз.
XS
SM
MD
LG