Accessibility links

Берлусконидің жаңа махаббат жырлары шындық па, әлде атақ шығару ма?


Италияның бұрынғы бас министрі Сильвио Берлусконидің бұрынғы актриса зайыбы Вероника Ларио ашық хат жариялап, одан өзге келіншектермен көңілдес болғандығы үшін кешірім сұрауын өтінгеннен кейін әлемдік баспасөз жанталаса жарысып, ол махабат жыры тарихын жариялауға кірісті.

Ал бұл арада, миллиардер, медиа магнаты қызғаныштан тулаған актриса әйелінен кешірім сұрап өз жауап хатын да жариялап үлгірді.

Бұл сонда не? Италиядағы ең әйгілі де, дәулетті отбасының бірі ондай махаббат жырымен әлемге өз атақтарын шығарғысы келе ме, жоқ әлде шынымен-ақ отбасылық драма ма? Себебі, олардың бұл әңгімесі теледидар, радио, газеттен түспейтін болды.

Римде 40 жылдан бері тұратын АҚШ-тық журналист Кристофор Уиннер:

- Вероника Берлускони ханым мәселесіне келсек, оған, әңгімелерге қарағанда, Сильвио Берлускони көп жылдар бойы опасыздық жасап келген. Ақыр соңында, Вероника Ларио бұл мәселені өз қолына алған. Бірақ, Берлускони мырза дер кезінде кешірім сұрады, ақшасын аямады. Сонымен шәй орамал кепкенше дегендей, олардың араздастығы 48 сағатқа ғана жалғасты. Ал енді Берлускони мырзаның бұдан кейінгі саясаты өзгеріп, әйеліне тәуелді болып қалар мекен? Жоқ, әрине, - дейді.

Жетпістегі Берлускониден 20 жыл кейін туған Ларио кезінде өзі қалап тұрмысқа шыққан өміржолдасын аямай сынайтын «Ла Республика» газетінің бірінші бетінде күйеуін аямай әшкерелейтін хатын жариялады. Оны күйеуінің теле гала-концерт кезінде екі сұлу келіншекке айтқандары қатты ренжіткен көрінеді. Берлускони 1-ші аруға «әттең әйелім бар еді» десе, 2-ші сұлуға «сізбен айға болса да ұшар едім» деген жүрек сөздерін төгіпті.

«Бұл менің ар-намысымды қорлайды, сондықтан мен одан ел алдында кешірім сұрауын талап етемін» деген Ларио. Ал Берлускони бірден солай етті.

Талдаушылар мұны Италиядағы әйел азаматтарының жеңісі десе, американдық журналист Уиннер бұл жай ғана отбасылық жанжал, оның саясатпен, әйел-қыз құқымен ешқандай қатысы жоқ деп санайды.

Римдік журналист Даниела Бруно да сондай пікірде екен. Вероника Ларио әйелдерді құқын қорғайтындай ештеме жасаған жоқ дейді ол.

- Егер италиян әйелдері саяси және мәдени салада өскісі келсе олар Берлускони ханымнан сұрап отырмайды. Онсыз да, біздің арамызда қыз-келіншектерден министрлер, саясаткерлер бар. Олар көп жылдан бері әйелдердің атақ-абырайы, ар-намысы үшін күресіп келеді, - дейді журналист.

Қалай болғанда да, Италиядағы бұл махаббат қақтығыстары төңірегінде әлемдік БАҚ-дарында кеңінен хабарланды. «Нью Йорк Таймс» мұны «Италянша махаббат» десе, Британияда шығатын «Гардиан» басылымы «Кешір! деу өте қиын сөз» деп айқайлатты.

Құрылыс пен медиа саласында миллиардтаған табысқа жеткен бұрынғы үкімет басы Сильвио Берлускони нәпсіқұмарлықта айыпталып бірнеше рет кешірім сұрауға да мәжбүр болған.
XS
SM
MD
LG