Accessibility links

«AЛМА-ТВ» акционерлік қоғамы ақпанның 1-інен бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасының хабарларын таратуды тоқтатты


Қазақстанның жеті ірі қаласында кабельдік желі арқылы 70-тен астам телеарнаның хабарларын тарататын және интернет желісі қызметін ұсынатын «AЛМА-ТВ» акционерлік қоғамы, 1-ақпаннан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасының хабарларын таратуды тоқтатты. Мұның себебін «AЛМА-ТВ» акционерлік қоғамы мемлекеттік арнамен арадағы «шарттық қатынастардың жойылуына байланысты» деп хабарлап отыр.

Алматы тұрғыны Шолпан «AЛМА-ТВ» кабельді желісінің абоненті ретінде өз хұқы бұзылып отыр деп санайды:

«1-ақпаннан бастап «AЛМА-ТВ» кабельді желісінен «Қазақстан» арнасын көре алмай отырмын. Мен, әрине, оған наразымын. Өйткені, мен «AЛМА-ТВ» арқылы көрсетілетін арналар үшін ақша төлеймін. Ал, неліктен «AЛМА-ТВ» «Қазақстан» арнасын көрсетпей отыр? Менің пікірімше, «AЛМА-ТВ» өз абоненттерінің хұқығын бұзып отыр».

Бұл мәселе бойынша «AЛМА-ТВ» акционерлік қоғамының кеңсесіне хабарласқанымызда, мынадай жауап алдық:

«Біз «Қазақстан» арнасынан өзге барлық қазақстандық телеарналардың хабарын таратамыз. Өйткені, 1-ақпаннан бастап компанияның «Қазақстан» арнасымен шарттық қатынастары жойылды. Қазір әлі белгісіз, бірақ «Қазақстан» арнасы әзірше «AЛМА-ТВ» желісінде болмайды».

Ал «Қазақстан» арнасының өкілдері AЛМА-ТВ» компаниясының кабельдік желісі арқылы мемлекеттік телеарна хабарын таратуды тоқтауға ақша мәселесі себеп болып отырғанын айтады Бұл туралы «Азаттық» радиосына ұлттық арнаның техникалық директоры Әділ Мырзабеков былай деді:

«Бұрынғы келісім шарт бойынша, «AЛМА-ТВ» бізге ақша төлейтін, енді олар осы қызметі үшін біздің арнадан ақша сұрап отыр. Айына 700 мың теңге. Бұл қалай? Абоненттерден ақша алып отырған «AЛМА-ТВ» енді, хабарларын таратқаны үшін арналардан да абонеттік ақша сұраса, бұл дұрыс емес қой?!».

Алматы, Астана, Ақтау және Бішкек қалаларына кабелдік желі арқылы хабарын таратып отырған «Секател» компаниясының Яна есімді байланыс менеджерінің айтуынша, әдетте кабельдік желі арқылы телеарналардың хабары тегін таратылады.

«Өз желіміз арқылы телеарнаның хабарын тарату үшін, ол арнадан ақша алмаймыз. Хабарларын тегін тарамыз. Немесе хабарларын таратқанымыз үшін, арнаға сыйақы төлейміз».

Алматы қаласы бойынша кабельдік желі арқылы телераналар хабарын ұсынатындардың келесі бірі - «Диджитал ТВ» компаниясының коммерциялық директоры Андрей Шен, жергілікті телеарналардың барлығы кабельдік желіде болуы тиіс деп санайды.

«Барлық жергілікті арналар, кабельді желіден таратылуы тиіс. Мұнда ешқандай келіспеушілік болуы мүмкін емес. Тіпті, мұнда ақша туралы да әңгіме болмауы керек. Өйткені, жергілікті арналардың өз алдына жеке толқындары бар. Кабельдік оператор хабарын таратқаны үшін арнадан ақша алуға тиіс емес. Жергілікті арналарда көрсету, кабельдік желілерге тиімді де. Өйткені, кей жерлерде жергілікті арналар нашар көрсететін болса, кабельдік телеарна арқылы ол сапалы көрсетеді. Бұған қоса, жергілікті арнаны көру үшін антенна ауыстырудың қажеті жоқ. Ал, жергілікті арна мен кабельдік оператор арасында қандай да бір келіспеушілік болса, бұл аса жақсы емес. Өйткені, бұл дау абонент үшін тиімсіз», - дейді Андрей Шен.

Ал, «Қазақстан» арнасы хабарларының «AЛМА-ТВ» компаниясының кабельдік желісі арқылы таратылмауының себебін бұл компанияның басшылығынан анықтау мүмкін болмады.
XS
SM
MD
LG