Accessibility links

Миға зақым тиюі темекі тастаудың бір жолы немесе шаштың бояуынан төнген қатер


Темекі шегуді тастаудың қаншалықты қиын екені жұртқа жақсы мәлім. Дәрігерлер күніне кемінде 40 темекі шегетін 38 жастағы ер кісінің шылым шегетінін жай ғана “ұмытып” кетуінің сырын білгісі келді. Бір жағынан шашын бояйтын адамдар барған сайын көбейіп бара жатса, екінші жағынан – боялған шашқа аллергиясы қозатын адамдардың да қатары өсіп барады. Осындай жаңа проблеманың пайда болғанын “Британдық медицина журналында” шыққан зерттеу нұсқап отыр. Ғылым мен денсаулық сақтау саласының осы аптадағы жаңалықтарымен таныстырамыз.

Миының “инсула” деген бір бөлігіне зақым тиген бір кісі өзінің темекі шегетінін ұмытып кетіпті. Инсула мен темекіні тастаудың арасында қандайда бір байланыстың болған-болмағанын анықтағысы келген емдеуші дәрігер дәл сондай дертке шалдығып, шылым шегуді тастаған өзге адамдарды іздестіріп көреді. Таяуда “Ғылым” (“Science”) басылымында шыққан мәліметке қарағанда, әлгі кісінің темекіні миына зақым келген соң тастағаны қайталанбас жайт емес көрінеді. Инсуласына зақым тиген өзге 13 адам да темекіден оп-оңай бас тартқан немесе оңай ұмытқан. Инсула – мидың аштықты, сырқатты және т.б.-ны сезетін бөлігі көрінеді. “Ғылым” журналындағы зерттеудің авторлары “инсула” - темекі шегуден ләззат алатын сезімді туғызады деп есептейді. Ал “инсулаға” зақым келген кезде, темекі туралы ой “ләззат” аламын деген қиял туғызбайды. “Ғылым” басылымында шыққан зерттеу өз бетінше темекіден бас тарта алмаған сырқат адамдарды қалай емдеуге болады деген қызу пікірталас туғызды. Кейбір мамандар темекіге немесе тағы басқаға деген әуесқойлықтан бас тартқызу үшін инсулаға хирургиялық операция жасауды ұсынады. Адамның бойындағы ауру-сырқаттың нышанын әлсіретіп, уайымға көп бой бермеуі үшін нейрохирургтар мидың ой-санаға жауап беретін бөлігіне араласа бастады.

Инсулаға зақым тигізетін, бірақ оның өзге пайдалы сезім туғызатын қызметін сақтап қалатын дәрі-дәрмекті жетілдіру мәселесі - әлгі зерттеудің тағы бір қорытындысы болып отыр. Әрине, арнайы дәрі-дәрмектің көмегінсіз немесе хирургиялық операциясыз-ақ темекіні тастай алатын адамдар да жоқ емес. Бірақ ғылыми зерттеулер көрсетіп бергендей, темекіні тастаған адамдар ондай әдетін қайта бастауға бейім тұрады. Жоғарыда айтылған әлгі 38 жастағы кісі темекіні тіпті қайта аузына алғысы келмейді. Ол 14 жасынан шылым шеге бастаған және жұмыс орны сияқты темекі тартуға болмайтын жерлерде де шегіп келген. Ал енді, оның мәлімдеуінше, темекінің иісін де көтере алмайтын көрінеді.

“Британдық медицина журналындағы” мақалаға сәйкес, адамның аллергиясын қоздыратын ең басты “қылмыскер” – “пара-фениленедиамин” (para-phenylenediamine) деп аталған химикат көрінеді. Тайландтың ғылыми-зерттеу жұмысының есебі бойынша, осы химикат әрбір 100 адамның бірінде аллергиясын қоздырады екен. Германия мен Францияда және Швецияда тыйым салынған бұл химикатты әлемнің өзге елдері кең қолданатын көрінеді. Кейбір жағдайда адамның шаш өсетін бас терісі сыздайды немесе қызарады. Ал аллергиясы ауыр болса, адамның беті ісіп, жүрегі қабынып, денесін қызыл дақтардың қаптауы да мүмкін. Лондон дермотологтарының хабарлауынша, кейбір сырқат адам, қанша ескертілсе де, өзінің аллергиясын қоздыратын шаш бояуын қолдана берген. Шашына түскен ақты жасырғысы келген қарт әйелдердің ғана емес, жалпы адамзат баласының арасында шашты бояу кең етек жайып барады. Америка Құрама Штаттарында шашын бояйтын ерлердің саны 1998-інші жылдан 2003-інші жылға дейін 25 пайызға дерлік өскен. Шашты бояу Азия елдерінің жас ұрпағы арасында да кең тарап барады. 1992-інші жылдан 2001-інші жылға дейінгі аралықта Жапонияның орта мектептеріндегі шашын бояған қыз-балалардың саны 13 пайыздан 41 пайызға дейін өскен. Шашының түсін өзгерткен 20-дағы қыз-келіншектердің саны да 6 пайыздан 85 пайызға дейін жеткен. Еуропа елдеріндегі көрсеткіш одан да жоғары. “Британдық медицина журналындағы” авторлар бұл құбылыстың сырын “жастардың мәдениеті” деген жабысқақ әрі кең тараған пікірмен түсіндіреді.

Міне бұл – ғылымның осы аптадағы маңызды сәттері болатын.
XS
SM
MD
LG