Accessibility links

Хакерлік шабуыл қазақстандық Интернет басылымның жұмысын тоқтатып тастады

  • Рауза МҰҚАН

Қоғамдық-саяси, интерактивті «Zonakz» интернет газеті, дүйсенбі күні түс кезінен бастап, 23 сағатқа жұмыс істемей қалды. Алғаш 2000 жылы «Навигатор» деген атпен жарық көрген бұл Интернет-газет 7 жыл ішінде бірнеше рет жабылып, бірнеше рет атауын да өзгерткен болатын. «Zonakz» интернет парақшасының редакторы Ғимран Ерғалиевтің, «Азаттық» радиосына берген мәліметіне сәйкес, бұл жолы сайтқа хакерлік шабуыл жасалған. Бірақ, мұндай шабуылға не себеп болғаны белгісіз.

«Zonakz» интернет газеті, Қазақстанда болып жатқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелер туралы, жан-жақты пікірлермен мақалалар жариялап тұрады. Интернет газеттің редакторы Ғимран Ерғалиев өздерінің барынша объективті ақпарат беруге тырысатындарын айтады:

«Ұстанымымыз - Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды, оқырмандарға, халыққа жеткізу. Объективті тұрғыда, үкімет жағын да береміз, оппозиция жағын да береміз. Тұрмыстық жағынан да мақалалар немесе жаңалықтар жарияланады. Жан-жақты беруге тырысамыз. Біреу бізге шек қойып, ананы болады, мынаны болмайды деп әзірше айтқан жоқ. Көпшілігінде бізге оқырмандар көмектеседі. Солар бізге Қазақстанда болып жатқан оқиғалаларды жазып тұрады. Бейтарап болғымыз келеді. Өйткені, біржақты болсаң, онда мұны үкіметті қолдайтын немесе оппозицияны қолдайтын журналист жазды деп сенімсіздік туады».

Интернет газет жұмыс істеген жеті жыл ішінде, бірнеше рет жабылып, атауын өзгерткен.

«Бізде бірнеше рет жабылуы да, аты өзгеру де болды. Бізбен келіспеген адамдар сотқа беріп, әртүрлі жағдайлар болды. Ал, қазіргі жағдайдың астарын ешкім білмейді, бізде нақты ештеңе айта алмаймыз», - деді Ғимран ақпанның 5-күнгі жайтқа қатысты.

Хакерлік шабуылдың салдарынан сайт 23 сағаттай жұмыс істемей қалды. «Zonakz» Интернет-газетінің хакерлер шабуылына ұшырау себебі де белгісіз қалып отыр дейді редакция мүшелері.

«Программист зерттеп шықты. Оның айтуы бойынша, бұл хакердің шабуылы болған секілді. Мәліметтер базасына кірмек болып, сайтты бұзған. Біздің маманымыз осылай деді. Ал не себепті екенін әзірге білмейміз. Ол әртүрлі болады. Газеттер жазып жатыр ғой, Қазақстандық хакерлер шетелдік банктерді бұзыпты деп. Соны оқып жатамыз. Сондықтан тентектік деп те айтуға болады. Ал тентектік емес, оның астарында басқа нәрсе жататын болса, онда оны ешкім білмейді. Оны дәлелдеу де қиын, мүмкін емес», - дейді Ғ.Ерғалиев.

Дүйсенбі күні «Zonakz» Интернет-газетінде «Нұрбанк» төрағасының 1-ші орынбасары Жолдас Теміралиевтың зайыбы Армангүл Қапашеваның Қазақстан Президентіне жолдаған ашық хаты жарияланған болатын. Онда Амангүл Қапашева күйеуін аталған банктің акционері болып табылатын жоғары лауазымды шенеуніктің адамдары ұрлағаны туралы айтады. Бірақ, Ғимран Ерғалиев, хакерлер шабуылына осы хат себеп болды деп айтуға дәлел жоқ дейді:

«Бұл материал бізге Гүлжан Ерғалиева басқаратын «Свобода слова» газетінен келді. Оларға хабарласып едік, олар сол кісінің қолы қойылған құжат бар деді. Біз соған сеніп, материалды бастық. Бірақ, мен хакерлік шабуыл дәл сонымен тікелей байланысты деп айта алмаймын. Оған біздің қолымызда дәлел жоқ», - дейді Ғимран Ерғалиев.

Осы мәселе бойынша, «Азаттық» радиосына пікірін білдірген «Әділ сөз» халықаралық қорының, тәуелсіз лингвистикалық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова былай дейді:

«Бұл жерде менің ойымша, ең күрделі мәселе «Нұрбанкке» қатысты жағдай болуы керек. Өйткені, нақтылы ақпарат ешкім ала-алмаған. Банкирдің жағдайын отбасы берген мәліметтен білумен шектеліп отыр. Сол себептен бұл сөз бостандығына шектеу ретінде, бұл да сондай кедергі жасалған болуы мүмкін. Бұл бірінші. Екінші, бұл жағдайды хакерлердің өздері жасауы ықтимал, өздерінің технологиялық мүмкіндіктерін дәлелдеу үшін, олар ондайды жасауы мүмкін. Ол, әрине, фантастика болып көрінуі мүмкін. Алайда, мұндайды да біз естен шығармауымыз керек сияқты», - дейді Ғалия Әженова.

Сейсенбі күні күндізгі сағат 12-лер шамасында, «Zonakz» интернет газеті қайта жұмыс істей бастады. Сайт өкілдерінің айтуынша, хакерлер шабуылы кезінде интернет парақшаның мәліметтер базасына нұқсан келмеген.
XS
SM
MD
LG