Accessibility links

Иран елшісі: Ирандағы ядролық нысандар барлығы үшін ашық

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

7 ақпан күні Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ромин Мехмонпараст Ирандағы ядролық нысандар Қазақстандық саясаткерлер мен журналистер үшін де ашық деп мәлімдеді. Ол өз сөзінде «Тегеран ядролық арсеналын тек бейбіт мақсатта пайдаланып отыр, жақында Иранда болған 118 елдің өкілдері бұған көздерін жеткізіп қайтты» деді.

Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ромин Мехмонпарасттың айтуынша, Иран елінде болған Қосылмау қозғалысының өкілдері Тегеранның ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатта қызмет етіп отырғанына көздерін жеткізіп, 6 ақпан күні Иранның ядролық бағдарламасы мен іс-әрекеттеріне осымен кезекті рет қолдау білдірген.

- Біздегі атом бағдарламасы тек бейбіт мақсатқа бағытталынған. Егер 118 ел Иранның ядролық бағдарламасын қолдаса, онда олар бір нәрсені білгеннен қолдаған шығар. Онда бізге неге айналдырған 2-3 елдің сөзі жүруі керек? Мен мұны былай түсіндірер едім: енді бір 30 жылдан кейін кейбір елдерде мұнай таусылып, атомға деген зәрулік артады. Дамыған елдердің бұдан еш нәрсесі кетпейді. Өйткені, оларда атом станциялары бар. Меніңше, дамыған елдер атом энергиясын пайдаланғысы келетін дамушы елдердің жолын қиып, болашақта оларды өздеріне бағынышты қылып қоймақ. Олар егер Иран бұған қол жеткізсе, басқа елдер де Иранның соңынан ереді деп қауіптенеді, - дейді Ромин Мехмонпараст.

Сондай-ақ, Иран елшісі Ирандағы ядролық нысандардың барлығының әлем саясаткерлері, мамандары және журналистері үшін ашық деп мәлімдеді.

Қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали болса, Иран ядролық бағдарламасын бейбіт мақсатта пайдаланып жатыр деген пікірге өзінің қосылмайтынын айта келіп, Тегеран ядролық қаруға ие болу арқылы аймақтағы геосаяси жағдайға ықпал жасауды көздейді деген пікір білдірді.

- Иран өлкелік үстемдікке ұмтылып отыр. Сондықтан, жаппай қыратын қаруды Иранға бермеу керек. Ядролық қаруға қолы жетсе, Иран бізге де қауіп төндіреді. Өйткені, оның орта қашықтықтағы қарулары біздің жерімізге жете алады. Иран бізге қатысты жақсы саясат жүргізіп отырған жоқ. Мысалы, Иран Қазақстанның Каспийлік бөлігін мойындамай отыр. Екіншіден, Ресей мен Иран газ консорциумын құрып, басқа елдерге геосаяси ықпал жасамақ, - дейді Әзімбай Ғали.

Бұл пікірге Иранда туып-өскен ұлты қазақ Мұхамет Ескелді де қосылады. Ол Иран тарапынан көршілеріне үлкен қауіп бар деп санайды.

- Егер бұл қару олардың қолына тисе, олар бүкіл дүниені жоюға дайын. Оны теледидардан бастықтарының өздері айтады. Олар «бүкіл дүние жүзі мұсылман болуы керек» дейді. Қазақстанның мұнайын да олар өздерінікі санайды. Ал халқының шамамен 90 пайызы басшылығын қолдамай, оған тісін қайрап отыр, - дейді Мұхамет Ескелді.

Алматыда орналасқан Қазақстан Стратегиялық Зерттеулер Институтының қызметкері, саясаттану ғылымының кандидаты Мұхит Асанбаев Иран ядролық бағдарламасын тек бейбіт және қорғаныс мақсатында ғана пайдаланып отыр деген пікірде.

- Иран бір елдерге шабуыл жасайды деген бос сөз. Иран ядролық бағдарлама арқылы энергия көздеріне ие болмақшы. Бұл, әрине, Батысқа ұнамайды. Ал Иран қару жасаса, АҚШ-тан қорғану үшін жасайды. Егер Иранда ядролық қару болса, ол аймақтағы тепе-теңдікті өзгертіп жібере алады. Сондықтан, Батыс, әсіресе Израиль бұған жол бермеуге тырысады, - дейді Мұхит Асанбаев.

Бүгінде АҚШ және оны қолдаушылар Иран ядролық бағдарламасын қару жасау үшін пайдалануда деп айыптап отыр. 2006 жылдың 23 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қатысты санкция енгізген болатын. Ол бойынша, ешбір ел Иранға ядролық қару жасауға мүмкіндік беретін материалдар мен технологиялар жеткізбеуі тиіс.
XS
SM
MD
LG