Accessibility links

«Нұрбанкке» шабуыл жасаған деген күдікпен ұсталған полиция қызметкерлерінің туыстары заң орындарына наразылық білдірді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Ақпанның 6-сы күні Алматы қаласындағы Ішкі істер департаменті ғимаратының алдында бір топ азамат наразылық шарасын өткізді. Олар өткен аптада «Нұрбанк» кеңсесіне шабуыл жасамақ болды деген күдікпен тұтқындалған Медеу аудандық ішкі істер бөлімшесінің жедел әрекет тобының 4 қызметкерінің туыстары мен ата-аналары болып шықты. Балаларының тағдырынан хабарсыз қалған наразы топ құзырлы орын басшылары 4 азаматты тауып бермесе, ақпанның 7-сі күні Алматы қалалық ІІД ғимараты алдында аштық жариялайтындықтарын мәлімдеді.

Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің ғимараты алдына наразылық шарасына шыққан азаматтар Медеу аудандық ішкі істер бөлімшесінің жедел әрекет тобының қызметкерлері Дәурен Оспанқұлов, Сержан Жұмашев, Сапар Сарапбеков және Жанболат Мүсәпіровтің 1 аптадан бері қай жерде қамауда отырғандарын біле алмай жүргенін айтады. Наразы топтың сөзіне қарағанда, жоғарыда аттары аталған азаматтар қаңтардың 31-і күні жұмыстарына кетіп, содан үйлеріне қайтып оралмаған.

Бүгінгі күні қайда қамауда отырғаны белгісіз аға лейтенант Дәурен Оспанқұловтың анасы Гүлмира Оспанқұлова: «Міне, жеті күн болды. Балалардың өлі-тірісін білмейміз. Кездестірмейді. Жан айқайымызды қайда барып айтамыз? Ешкім бізге жауап бермейді. Ақпанның 1-і күні ертеңгісін жұмыстан келетін бала күні бүгінге дейін жоқ. Ақпанның 2-сінде осы ата-аналардың бірі балалар қамауға алыныпты деп хабарлады. Содан бері бойымызды үрей билеп, жанайқаймен келіп тұрмыз», деді.

Өткен аптада билікке жақын ақпарат көздері Алматыдағы «Нұрбанк» кеңсесіне шабуыл жасамақ болған Медеу аудандық ішкі істер қызметкерлерінің тұтқындалғаны туралы хабар таратқан болатын. Ал кейбір расталмаған мәліметтер бойынша, қазір Медеу аудандық ішкі істер бөлімшесінің жедел әрекет топ басшылары қамауға алынып, ондаған қызметкерлері өз еркімен жұмыстан кетуге шағым берген.

Гүлмира Оспанқұлова өз баласын кінәсіз екеніне сенімді.

«Нұрбанкке» балам арнайы тапсырмамен барған. Қазіргі күні электронды ақпарат құралдары бетінде банкке шабуыл жасамақшы болды деген ақпараттың барлығы жалған. Өйткені, бізге балалар қамауға алынды деп хабарлаған басшылары: балаларың үш күннің ішінде босатылады, барлық мәселе шешіледі деп уәде берген болатын. Міне, үш күн емес одан бері жеті күн өтті. Енді шыдай алмадық», - деді ол «Азаттық» тілшісіне сейсенбі, ақпанның 6-күні.

Жұмысқа кеткеннен оралмаған балаларының тағдырына алаңдаған ата-аналары балаларын тауып беруді талап етіп, Алматы қалалық ішкі істер департаменті алдына дүйсенбі күні де жиналған екен.

Қазір қайда қамауда отырғаны белгісіз Сапар Сарапбековтың зайыбы Мәдина: «Күйеуімді таба алмай жүрмін, үйімнің асыраушысы. Менің төрт балам бар. Осы салада істегеніне 7 жыл болып еді. Аға лейтенант дәрежесі бар. Мен күйеуімді жұмыс істейтін орнынан сұрамасам, қайдан сұраймын?. Бізге жауап берсін», - дейді күйзеліп.

Балаларын іздеген ата-аналар енді өздерінің соңғы қадамға да дайын екендіктерін айтты.

«Бүгін жауап бермесе, ертеңнен бастап аштық жариялаймыз. Бұл жерден кетпейміз. Баратын жеріміз жоқ. Қаржы полициясына бардық - жолатпайды. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бардық - жауап бермейді. Жұмыс орнына бардық – «білмейміз» дейді. Бізге жауап беретін адам бар ма өзі, жоқ па? Бүкіл Алматыны шарлап біттік. Бұйрық беріп жұмсайды да, өздері жауып тастайды. Төрт бірдей адам ұшты-күйлі жоқ. Бұл не деген сұмдық? Маған баламды тауып берсін. Жеті күннен бері табанымнан таусылып біттім», - дейді қамауға алынған лейтенант Сержан Жұмашевтың жетпіс жастағы әкесі Тоқан Жұмашев.

Алайда, ақпанның 6-күні түске дейін Алматы қалалық Ішкі істер департаментінде наразы топтың талап-тілектерін ести қоятын ешкім болмады. Тек сағат түскі бір болғанда ғимарат ішінен шыққан Ішкі істер департаментінің аты-жөні белгісіз өкілі жиналған топтан 2 азаматпен сөйлесу үшін ғимарат ішіне алып кетті.

Бұл жағдайға орай, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің басшылығы ақпарат құралдарына әзірге ешбір түсінік бермеді.
XS
SM
MD
LG