Accessibility links

Қаржы полициясы «Нұрбанк» АҚ қоғамының бұрынғы басқарушыларына қарсы қылмыстық іс қозғады

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Алматы қалалық қаржы полициясының төрағасы Владимир Курбатовтың мәлімдеуінше, жақын күндері «Нұрбанктың» бұрынғы басшылары Ғылымов пен Темірәлиевтің және банктегі шаруашылық бөлімнің басшысы Хасеновтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, оларға қызмет бабын асыра пайдалану мен жалған кәсіпкерлікпен айналысқан деген айып тағылмақшы.

Бұл жайлы Алматы қалалық қаржы полициясының басшылығы сейсенбі күні мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, Владимир Курбатовтың мәлімдеуінше, әзірге «Нұрбанк» қызметкерлеріне ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанмен банк ықпалындағы бір қосалқы құрылым басшысының қылмыстық қаржы операциялары үшін тұтқындалған. Сонымен қатар ол «Нұрбанк» төрағасының орынбасары Жолдас Теміралиевтің зайыбы Армангүл Қапашеваның дүйсенбі күнгі жасаған мәлімдемесін шындыққа жанаспайды деп отыр.

Ол мәлімдемесінде Армангүл Қапашева 31-қаңтар күні банк басшыларымен кездесуге кеткен жұбайы Теміралиевті әлі күнге дейін жоғары билік басшылығына жақын лауазымды адамдар ұстап отыр деген болатын.

Алматы қалалық қаржы полициясының төрағасы Владимир Курбатов болса «Нұрбанктың» төңірегіндегі дау-дамай банктың жаңа басшылығының аудиттік тексерісінен бастау алды деп отыр.

«Нұрбанктың» жаңа басшылығы аудиттік тексеріс жүргізген кезде бұрынғы басқарушылардың көптеген әртүрлі құйтырқы айла-әрекеті әшкереленгеню Осыдан барып бұрынғы және жаңа басшылық арасында дау-дамай өрбіген. Оған аудандық ішкі істер қызметкерлерінің арнайы күштері тартылып, арты осындай жағдайға әкеліп отыр. Полицияның арнайы күштерінің 4 қызметкері банк күзетінің талабына бағынбай, 9 қабаттағы бұрынғы басшылардың кабинеттеріндегі несиелік және басқа да құқық беруші құжаттарды алып кетпекші болған. Бірақ, банктің күзет қызметкерлері бұған жол бермей, оларды қарусыздандырған. Бұл оқиға 31-қаңтар күні кешкі сағат 18.50 кезінде орын алған», - деп хабарлады Курбатов мырза ақпанның 6-сы күні БАҚ өкілдері үшін таратқан арнайы мәлімдемесінде.

Сондай-ақ ол Қапашева Армангүлдің аудандық полицияға телефон шалып, хабар берген уақыты кешкі сағат жеті жарым екендігі сол мекемедегі компьютерде тіркелгенін айтып отыр. Демек, полиция қызметкерлері банкқа телефон хабарынан бұрын келген дей келіп, Курбатов осы мәселедегі үйлеспеушілікті қазір тергеу анықтап жатқанын хабарлады.

«Ал, Қапашеваның мәлімдемелері, былайша жұмсартып айтсақ, шындыққа жанаспайды» делінген Алматы қалалық қаржы полициясының төрағасы таратқан арнайы мәлімдемеде.

Сонымен қатар ол әзірге бостандықта жүрген банк басшыларының бірі Әбілмәжін Ғылымов қазір қаржы полициясының сауалдарына жауап беріп жатқанын, ал Жолдас Темірәлиевтың іздестіріліп жатқанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG