Accessibility links

НАТО күштері Ауғаныстанның Хельманд аймағына ықпал ету үшін күресуде


Ақпан айының басында Талибан жасақтарының Ауғанстанның оңтүстігіндегі қаланы басып алуы НАТО және оның Ауғандық одақтас күштері үшін көлеңкелі жайт болды. Осыдан бір күн бұрын Британия офицерлері Талибан жасақтарын Мұса қалаға жолатпаудың жолдарын қарастырған болатын.

Ауғанстанның Хелманд аймағындағы біраз құрылымдар, әсіресе бұдан жарты ғасыр бұрын Құрама Штаттар мен Совет үкіметі тарапынан жасалып берілген суару жүйесі мен жолдар аз ғана жөндеуді талап етеді. Алайда, Хелмандта да Талибан жасақтары, есірткі заттары және тайпалық қақтығыстар бар. Осының бәрі де Британияның бастауындағы НАТО күштерінің аймақты қайта қалпына келтіру ұмтылыстарына кедергі жасауда. Әскери және басқа да ресмилердің айтуынша, Ауған халқының жағдайын жақсартпайынша Талибанның бастауындағы көтерілісшілерді жеңу мүмкін емес. Олар сондай-ақ, жергілікті халықтың қай жақ артық көмек берсе, солардың тарапына шығатындығын да баса көрсетуде.

Хелманд аймағының Лашкар Гахтағы қайта қалпына келтіру жасағының әрекеттері - НАТО-ның халықтың сеніміне ие болуға тырысу жұмыстарының бір бөлігі ғана. Бұл аймаққа бірнеше ондаған миллион доллардың көмегі көрсетілуде. Ол қаржының негізгі бөлігі Британиядан келуде. Дей тұрғанмен Дания және Эстония елдері де өз үлестерін қосуда. Хелманд аймағын қайта қалпына келтіру жасағының атқарушы басшысы, Британия дипломаты Фергюс Кочран Диеттің айтуынша:

“Ол жобалар өте көп өзгеріске түсуде. Дей тұрғанмен, жұма базарының төбесін палаткамен жабу, Болан көпірін өзеннің шайып кетпеуіне жағдай жасау, сондай-ақ кейбір полиция бекеттерін қайта қалпына келтіру сияқты шағын инфрақұрылымдық жобалар да бар. Осыған байланысты біз әйелдер орталығымен жұмыс жүргіздік. Біз балалардың ойын алаңын да іске қостық деп ойлаймын”, - деді британиялық дипломат.

Базар мен көпірді жөндеуге көмектесу НАТО жоспары үшін маңызды емес. Алайда, аймақтық басшылардың игі тілегі үшін оны атқару маңызды болды. Өз жобаларын жүзеге асыру үшін жергілікті құрлысшыларды жұмысқа алуға тырысатындықтарын НАТО ресмилері айтуда.

Мысалы, өткен жылдың шілдесінен бері Британия ресмилері Ауған құрылысшыларына шамамен 3 миллион доллар көлемінде ақшалай жалақы таратқан екен. Дей тұрғанмен қауіпсіздік шаралары мен құрылыс істеріндегі шек-шама аталған Қайта қалпына келтіру жасағы үшін әзірге түсініксіз болып тұр.

НАТО ресмилерінің айтуынша, Лашкар Гахтың солтүстігіндегі, тұрғындары тығыз орналасқан, Сангин ауылына Талибан бақылау орнатып отыр. Оңтүстікте НАТО солдаттары Гармсирден әріге аяқ басудан қаймығады. Себебі ол жерлерде бірнеше айдан бері Талибан жасақтары бой көрсетуде. Ал, солтүстікте НАТО күштерінің ықпал аймағы таулы аймақтармен шектеледі. НАТО өз ықпалы жүретін аймақтарда Ауған үкіметіне қолдау көрсетуге тырысуда.
XS
SM
MD
LG