Accessibility links

Америка Құрама Штаттары бірыңғай Африка құрлығында әрекет ететін жаңа әскери құрылымын жасақтау үстінде. “Африка командасы” немесе “Африка корпусы” деп аталатын бұл бөлім – АҚШ-тың өзге әскери күштерімен, оның ішінде Таяу Шығыс пен Орта Азиядағы жағдайды қадағалайтын және Ирақ пен Ауғанстандағы қазіргі соғыс операцияларына жауапты “Орталық командасымен” қарама-қатар қимылдайтын болады. АҚШ-тың қорғаныс министрлігінің жетекші шенеунектері жаңа әскери бөлімді құру мәселесін сәрсенбі күні Пентагондағы жиында талқылады.

АҚШ Конгресінің алдында сөйлеген сөзінде АҚШ-тың қорғаныс министрі Робертс Гейтс “Африкалық корпустың” құрылатынын мәлімдеді. Өткен сейсенбі күні АҚШ Сенатының қарулы күштердің істері бойынша комиссиясында Р.Гейтс: “АҚШ үшін әлемнің маңыздылығы арта түскен қайсыбір аумағына арналған өз алдына жеке әскери құрылымын құратын мезгілі келді” дегеннен басқа тәптіштеп ештеңе айтпады.

Р.ГЕЙТС: “Бұл команда бізге Африканы Орталық команда мен еуропалық командаға бөлу туралы қазіргі келісімнен әлдеқайда тиімді де екпінді бақылауға мүмкіндік береді”. Қазіргі “келісімді” Р.Гейтс “Қырғиқабақ соғысынан” қалған ескі мұра деп бағалады. Осы күнге дейін Африка үшін жауапкершілікті АҚШ-тың 3 әскери тобы: Мысырдың оңтүстігінен “Африка мүйізіне” немесе солтүстік-шығысына дейінгі кеңістікті бақылайтын Орталық корпус, құрлықтың өзге бөлігін түгел қамтитын “Еуропа командасы” және Мадагаскар аралын қоса алғанда Үнді мұхитын бақылайтын “Тынық мұхит командасы” өзара бөлісіп көтерді.

Бұдан былай “Африка корпусы” барлық аралды қоса алғанда, бүкіл құрлықты қамтитын болады. Ал Мысыр Таяу Шығыс аймағының бір бөлігі есебінде Орталық командаға қарайтын болады. Орталық корпусты өз қолына алуға тиісті адмирал Уильям Фоллонға өткен сейсенбі күні Сенаттың қарулы күштердің істері бойынша комиссиясы өз батасын берді. Оны енді Сенаттың толық құрамы мақұлдауға тиіс.

Осыдан 1 аптадай бұрын, 30-ыншы қаңтар күні АҚШ Конгресінде адмирал Уильям Фоллон Африка құрлығының маңыздылығын және оның кейбір аймағындағы саяси тұрақсыздықты ескере отырып, “африкалық корпустың” құрылуын қолдайтыын мәлімдеді. Сәрсенбі күні Пентагонда болып өткен мәжілісте қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Райан Генри (Ryan Henry) жаңа әскери корпусты құрудың мән-мағынасын жан-жақты түсіндіріп берді. Оның атап көрсетуінше, президент Дж.Буштың әкімшілігі қазір – АҚШ үшін Африка құрлығына тиесілі көңіл бөлетін уақыт жетті деп санайды.

Р.ГЕНРИ: “Бұл команда жанжалдарды басуға күш жұмсайды, қауіпсіздік жайын жақсартады, террористік жүйелердің дамуына жол бермейді немесе олардың көзін жояды; ...Біз азаматтық қоғам орнатуға болатын және жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға болатын қоршаған ортаның тұрақтылығын нығайтуға көмектескіміз келеді”.

Бұл корпус, деп мәлімдеді Райан Генри, Африканың геосаяси маңызының арта түскенін негізге алады. Оның келтірген мәліметіне сәйкес, Африка – бүкіл құрлық атаулының шамамен 35 пайызын құрайды, барлық адамзаттың 25 пайызға жуығы мекендейді және ең маңыздысы – Африка халқының саны барлығынан да тез өсіп келеді. Сонымен қатар Райан Генри Африка құрлығының табиғи ресурстарға, оның ішінде мұнай шикізатына бай екенін ерекше атап көрсетті. Нигерияда бүкіл әлемдегі ең ірі мұнай қорының бірі шоғырланған.

Әйтсе де ең алдымен, деп ескертті Райан Генри, Африка халықтары өздерінің жарқын болашағын “біртұтас Африка құрлығы болып” көргісі келеді. Сол себепті де, деп атап көрсетті Р.Генри, Америка үшін Африка халықтарын бірдей қабылдағаны маңызды. Ал “Африка корпусы” негізінен осы құрлықтағы азаматтық қоғам орнатуға бағытталған іс-әрекетке атсалысады, бірақ табиғи да қасақана ұйымдастырылған дағдарыстарды шешуге де қол ұшын береді.

Р.ГЕНРИ: “...Америка үкіметінің Африкадағы басқа бөлігі атқарып жатқан ісіне қорғаныс министрлігінің қолдап жатқан іс-қимылын біріктіру үшін Команданың өзі заңды тұлға болып әрекет етеді. Осылайша біз сол іс-қимылдарды бір команда болып қолға аламыз. Одан кейін біз құрлықта жалғасып жатқан даму үдерісі мен дипломатияға көмек береміз...”

Бір журналист Африкадағы терроризмге қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын сұрады. Оған Райан Генри: “Африкада жақсы келешекпен қатар, қауіп-қатер де бар”, - деп жауап берді.

Өткен 10-жылдықта “Африка мүйізі” мен Шығыс Африкадағы мұсылман жасақтары АҚШ-ты алаңдатып келді. 1998-інші жылы “Әл-Қаида” ұйымының содырлары Кения мен Танзаниядағы АҚШ елшіліктерін бомбалап, 224 адамның өмірін қиды, оған Вашингтон Сомалидегі зымырандық соққысымен есе қайтарды. Араға 1 жыл салып содырлар Йеменнің Адан портында тұрған АҚШ-тың U.S.S. Cole соғыс кемесіне шабуыл жасады. Оның салдарынан АҚШ-тың 17 теңізшісі қаза тапты. Өткен айда Сомалидің БҰҰ-ы мойындаған уақытша үкіметі көрші Эфиопияның әскери көмегімен билікке қайта оралған соң, Сомалиден қашып құтылмақ болған “Әл-Қаида” ұйымының жасақтарына АҚШ-тың соғыс ұшағы әуеден соққы берді.

Осы сәрсенбі күні Пентагонда өткен брифингте тағы бір журналист Райан Генриден Американың жаңа корпусының құрылуынан Африка халықтары қандай пайда көруі мүмкін? - деп сұрады. Оған Р.Генри: “АҚШ-тың ресми өкілдерімен қатар, АҚШ әскері де көп көмек бере алады”, - деп мәлімдеді. Оның айтуыннша, ресми Вашингтон Африканың барлық 53 мемлекетін де, оның өз сөзімен айтқанда, “ғаламдық сахнаның шешуші ойыншылары” деп қарастырмақшы. Ал жаңа “Африка корпусы”, - деп мәлімдеді Райан Генри, - 21-інші ғасырдың ішінде олардың одан да маңызды рөл атқара алуына көмектесемін деп үміттенеді.
XS
SM
MD
LG