Accessibility links

NATO Қазақстанға жаңа әскери доктринаны жазуға ынта білдіріп отыр


NATO Қазақстанға жаңа әскери доктринаны жазуға қолғабыс көрсетуге дайын деп мәлімдеді Қазақстандағы сапарында осы ұйымның Орталық Азия мен Қапқаз елдері бойынша арнайы өкілі Роберт Симмонс Астанадағы Еуразиялық университет шәкірттері алдында. Ал жергілікті сарапшылар Қазақстан әскери салада Ресеймен тығыз қатынаста болады деп топшылайды.

NATO -ның Орталық Азия мен Қапқаз елдері бойынша арнайы өкілі Роберт Симмонстың айтуынша, Солтүстік Атлантикалық альянс Қазақстанның қарулы күштерін реформалауға және жаңа әскери доктринаны жазуға ауқымды көмек көрсеткісі келеді.

«Сонда сіздер қазіргі заман қауіптеріне жақсы жауап бере аласыздар», деді ол. Оның айтуынша, бұл Қазақстанға да АҚШ-қа да тиімді. Айта кететін жайт, соңғы 5 жылда Қазақстанның қорғаныс министрлігі АҚШ-тан 31 миллион доллар көлемінде көмек алған. Қазақстан жағы АҚШ-қа барған кезінде тағы 5 жылға қолдау алуға келіскен. Саясаттанушы Сейфолла Сапановтың айтуынша, альянс ықпалын ұлғайтқаны Қазақстанға тиімді болмақ.

- Альянстың қазіргі жүргізіп жатқан саясаты жалпы кеңейту мәселесіне байланысты деп ойлаймын. NATO-ның Орталық Азиядағы өкілдерінің соңғы кездегі көбейіп кетуі де осы мәселеге байланысты. Одақтас дегеннің өзінің қазір мәні өзгерейін деп отыр ғой. Ол NATO десек жау деп есептейміз, ондай көзқарас болмау керек бізде.

Кейбір жергілікті әскерилер, керісінше, әскери саладағы қарым қатынасты Ресеймен жүргізген абзал деген пікірді ұстанады. Өйткені, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының құрамына кіретін елдерге Ресейде шығарылатын қару-жарақ жеңілдіктермен сатылуға тиіс дейді олар. Оның сыртында, ұйым құрамына кіретін елдер бірқатар салықтардан босатылады, деген ақпарат бар. Кезінде осы ұйымдағы келісім жобаларын дайындауға ат салысқан запастағы генерал Айтқали Есенқұловтың айтуынша, қаруды жақыннан алған тиімді:

- Ол арзан, жақын, біздің қаруда бұрыңғы Кеңес одағынікі. Одан арзан қаруды біз ешқайдан таппаймыз.

Ал, кейбір сарапшылар, Ресейдің мақсаты да осы аймаққа саяси ықпал жасау және АҚШ қаруы әлдеқайда сапалы деген пікірді ұстанады. Ал, Қазақстандағы қатерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтбаевтың айтуынша, Қазақстан әскері Ресей қаруымен жарақтандырылған және ол қаруды Қазақстан жеңілдікпен алады. Сондықтан, NATO-мен қатынас серіктес болғанымен, одақтастық емес, дейді ол.

Ал, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың пікірінше NATO-мен ықпалдастықтың арта түсуі өзге құжаттарға қайшы келмейді:

- NATO-мен ықпалдастықтың арта түсуі соңғы кезде, басқа қауіпсіздік шарттармен қауіпсіздік ұйымдармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізбейді.

Дипломаттардың пікірінше, Қазақстан көп векторлы саясатты ұстанады. Және әскери саладағы қарым-қатынас бірнеше елмен жүргізіледі. Қазақстанда болған АҚШ әскерилері де осыған ұқсас пікір айтқан. АҚШ-тың аймақта болуы ықпалдық емес, тек лаңкестік, жемқорлық және есірткі таратуға қарсы күресте көмек көрсеткіміз келеді, өйткені, бұл ортақ проблема», делінген. Ал, отставкадағы полковник Амангелді Ерекешев, АҚШ Қазақстанда болашақта әскери базасын орналастырғысы келеді деп топшылайды.
XS
SM
MD
LG