Accessibility links

Түркіменстанның келесі президенті кім болмақ?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Тұйықталу саясатын ұстанған Түркменстан елінде ақпанның 11-і күні президенттік сайлаулар өтпекші. Өмірлік президент Сапармұрат Ниязовтың ізбасарын сайлау науқаны қаншалықты әділ өтеді деген және басқа да сауалдарға «Азаттық» радиосының тілшісі Брюс Паннер жауап іздеп көрген еді.

“Түркменстанда президенттік сайлаулар неге қазір өтпекші?” деген сауалға жауап әзір. Себебі жүрек ауруынан, желтоқсанның 21-і күні “өмірлік президент” Сапармұрат Ниязов қаза болғандықтан да, оның орынын бос қалдырмау керек.

Бұдан бұрынғы Түркмен президенттік сайлаулары қалай өтті дегенге келетін болсақ, онда президенттік сайлау бір-ақ рет, 1992-ші жылы 21-маусымда өтті. Оған Ниязов жалғыз қатысқан болатын. Сайлаушылардың 99,8 пайызы қатысқан бұл науқанда Ниязовты жақтап, 99,5 пайыз дауыс берілген екен. Ал, 1994-ші жылы 15-қаңтарда болған референдум барысында оның қызметі ресми түрде 2002-ші жылға дейін ұзартылған еді. Алайда, 1999-шы жылдың 28- желтоқсанында Халық Мәслихаты елдің өмір бойғы президенті етіп Ниязовты қайта сайлаған болатын.

Алдағы президенттік сайлауларға қатысатын үміткерлер кім деген сауал туындар болса, ондай үміткер 6-у деп жауап берер едік. 11-ші ақпанда бәйгеге қосылатындар; президент міндетін атқарушы Гурбангулы Бердимұхамедов, Дашогуз провинциясы әкімінің бірінші орынбасары Аманияз Атажиков, Газ және минералды ресурстар министрінің орынбасары Ишангулы Нуриев, Қарабекауыл ауданының басшысы Мұхамедназар Гурбанов, Абадан әкімі - Оразмұрад Гаражаев және Түркменбашы қаласының әкімі - Аширнияз Романов.

Бұл үміткерлерді Халық Мәслихаты өзінің 26-шы желтоқсандағы кезектен тыс сессиясында бекіткен болатын. Сондықтан олардың ешқайсысын да оппозициялық бағытта деп сипаттауға болмас. Шетелдерде қуғында жүрген оппозиция өз үміткері ретінде бұрынғы үкімет басшысының орынбасары Хұдайберді Оразовты атаған еді. Алайда, ел Конституциясына асығыс түрде жасалған түзетулерге сәйкес президенттікке үміткер адам соңғы 15 жыл ішінде Түркменстанда тұруы тиіс болады. Ал Ауызбірлік оппозициялық қозғалысының басшысы Нұрберді Нұрмаммедов елде тұрып жатқанына қарамастан, қазір үй жағдайындағы тұтқында болғандықтан, оның да үміткерліктен үмітін үзуіне тура келіп отыр.

«Сайлауда жеңіске жетуі әбден мүмкін деген кім бар?» деген сауалға, ол - қазіргі президент міндетін атқарушы Гурбангулы Бердімұхамедов дейді «Азаттық» тілшісі. Бердімұхамедов үміткер ретінде тіркеле салысымен, оның сайлауда жеңіп шығуына барлық жағдайды жасайтындығын Орталық сайлау комитеті төрағасы Мұрад Карриев мәлімдеген болатын.

“Себебі ол соған лайық үміткер”, - деген болатын төраға.

Түркменстан табиғи газ бен мұнайға бай ел болғандықтан, сондай-ақ стратегиялық жағынан маңызды аймақ, яғни Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Қазақстан елдері және Каспий теңізімен шектесетін болғандықтан да бұл елдегі сайлауларға әлем назары тігілмекші.

Бұл сайлаулардың қаншалықты әділ де айқын өтетіні жөнінде ешқандай батыстық бақылау ұйымдары қорытынды айта алмауда. Түркмен мемлекеттік бұқаралық ақпарат бұлақтары болса президент міндетін атқарушы Бердімұхамедовке барынша кең насихат мүмкіндіктерін жасауда. Ресми түрде президент бес жылға сайланады.
XS
SM
MD
LG