Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.09.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдар Алматы және Астана қалаларының бас жоспары қайта қаралуы мүмкін екендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірінде жерге қатысты соттың жүргізілу тәртібі туралы Жоғарғы сот қаулысы күшіне енгендігі хабарланса, тағы бір басылымдар баспана мәселесіне қатысты сот процестерінің көбейгендігіне мән беріпті.

Астана және Алматы қалаларындағы жаңа құрылысты реттейтін құжат – Бас жоспар тағы өзгертілуі мүмкін екендігі туралы мақала «Караван» газетінде жарық көріпті. «Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстанның ірі қалаларындағы құрылыс барысына көңілі толмайтындығын білдірген. Соған байланысты Алматы мен Астана қалаларының Бас жоспарларын қайта қарау керектігін ұсынды» делінген мақалада. «Бұл өзгерістен алматылықтар не ұтатындығын айтып жатудың өзі артық. Онсыз да қала тұрғындары үшін құрылыс қарқынының қандай бағытта жүріп жатқандығы үлкен құпия болып келеді» деп жазды «Караван». «Қазір қарапайым қала тұрғыны өз баспанасының ертеңгі тағдырынан бейхабар күй кешіп отыр. Ал құрылыстың төрелері болса бас жоспарға сілтеме жасап, тұрғындардың тыныштығын бұзуда. Бас жоспармен екінің бірі таныс емес екендігін ескерсек, онда осы құжаттың атынан талай тәртіпсіздік туындауы мүмкін» деп түйіндейді «Караван» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Егемен Қазақстан» басылымы былай деп жазыпты: «Қаланың бас жоспарына қатысты Елбасы қатаң талап қойды. Бас жоспар дегеніміз қаланың конституциясы деп тұжырым жасауға болады. Оны әркім өз қажетінше өзгерте бермеуі тиіс». Сонымен қатар, аталған газет ескі қаланы жаңалап салудың да өзіндік проблемалары бар екендігіне тоқталып өтіпті. «Мысалы, Астанадағы Өнеркәсіп аймағында құрылыс жүргізу үшін ондағы әбден тозығы жеткен өндірістік үйлерді сырып тастауға тура келеді» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Бұл уақытта Жоғарғы сот жерді бағалауға қатысты қаулы шығарғандығы «Новое поколение» газетінде айтылыпты. «Енді сот сарапшылары жылжымайтын мүліктің базардағы бағасы қанша екендігін анықтай алмайды, мұны тек бағалаушылар ғана жасайды» делінген мақалада. «Жоғарғы соттың осы мәселеге қатысты қаулысы биылғы жылғы ақпаннан бастап күшіне енді. Бұл құжат үйлерді күреуге қатысты істерді қалай жүргізу керектігін қарастырады. Қаулы бойынша, берілетін баспана құны бұзылатын баспана бағасынан жоғары болса, онда меншік иесінен бағалардың айырмасы алынбайды. Ал берілетін баспана құны бұзылатын үйдің бағасынан аз болса, онда меншік иесіне айырма төленуі тиіс» деп жазды «Новое поколение» газеті.

Жоғарғы сот қаулы етіп жатқанда Алматыда жерге қатысты тағы бір сот басталғандығы «Экспресс К» газетінде баяндалыпты. «Алматыжер» мекемесі Кәсіпкерлер мен меншік иелері құқығын қорғау одағының президенті Василий Резванды сотқа берді. Резван мырза да қарсы қадам жасап, сол кәсіпорынның өзін сотқа беріп отыр. Арыз-шағымдардың айырмасы ақша көлемінде ғана: «Алматыжер» моральдық шығынды өтеу талабымен заңгерден 1 миллион теңге өндіруін сұраса, Василий Резван дәл сондай талаппен бір теңге өндіріп беруін сұраған» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ал «Деловая неделя» газеті болса Алматының Қарасу елді-мекеніндегі жерлердің «рұқсатсыз» сатылып кеткендігі туралы баяндапты. «Тұрғындар қолдарында баспана салу үй қажеттілігіне сай жер бөлу туралы әкімшілік шешімі бар екендіктерін айтады. 2005 жылы әкімшілік өкілдері ондағы құрылыстарды заңдастыруға уәде берген. Алайда 2006 жылы «Сұлтан Қорған» базарының солтүстік жағындағы жерлер аукционда сатылған. Ал жерді сатып алған компания меншігін босатып беру туралы сотқа шағым түсіріпті. Сатылып кеткен жердегі 21 үйдің тұрғындары өздеріне қала ішінен жер бөліп, баспана салуға кеткен шығынды түгелімен қайтаруын талап етіп жатыр» делінген «Деловая неделя» газетіндегі мақалада.
XS
SM
MD
LG