Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясына шалдыққан тағы екі бала мен бір әйел анықталды


Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалар мен аналардың саны тағы өсті. 2006 жылдың көктемінен бері осы облыста індетке шалдыққандардың жалпы саны 104 адамға жетті. Оның 91-і балалар болса, 13-і сол балалардың аналары. Сондай-ақ, ақпанның 12-сі күні облыстық сотта ВИЧ індетінің таралуына кінәлі дәрігерлердің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот мәжілісі жалғасты.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы Оңтүстік Қазақстан облысында тағы 2 бала мен 1 әйелде ВИЧ инфекциясының белгілерін анықтады. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Айжан Омарованың айтуынша, бұл балалар Түркістан қаласы мен Қазығұрт ауданынан екені анықталып отыр.

«ВИЧ диагнозымен тіркелген балалардың жалпы саны – 91, ал аналардың саны - 13 болды. 91 баланың 8-і қайтыс болды, 1-і шетелдіктер асырауына берілді. Қалған 82 баланың 29 - арнайы ем қабылдаса, 26 бала антиретровирустық терапия алып жатыр», - деді Айжан Омарова дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына.

Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сүйенсек, облыстағы балаларды BИЧ-қа қарсы тексеру жұмыстары әлі жалғасуда. Жалпы, BИЧ инфекциясы анықталғалы бері тексерілуге тиісті балалардың түгелге жуығы дәрігер қарауынан өткен. Алайда, әлі тексеруден өтпеген 270 бала бар екен. Сол 270 баланың ішінде 267 баланың нақты мекен-жайлары бүгінгі күні табылмай отыр. 3 бала BИЧ-қа қарсы тексерілуден бас тартқан. Аталмыш департаменттің баспасөз хатшысы Айжан Омарова ВИЧ инфекциясы анықталған ананың індетті қалай жұқтырғаны әзірге белгісіз дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы балаларға ВИЧ індетін жұқтыруға қатысты қылмыстық іс Шымкенттің Әл-Фараби аудандық сотында қаралып жатыр. Сотқа 21 адам, соның ішінде 18 медицина қызметкері айыпкер ретінде тартылған. Айыпкерлерге, әрбірінің қылмыстық құрамына байланысты, пара алу, алаяқтық, қымқыру, немқұрайдылық сияқты 4 бап бойынша айып тағылған.

Ақпанның 12-сі күні сот мәжілісінде жауап алынған айыпталушылардың барлығы өздерінің кінәлі емес екендіктерін мәлімдеп, өздеріне тағылған айыппен келіспейтіндіктерін айтты деп хабарлады, Шымкенттен телефон арқылы, «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қайырымдылық қорының президенті Сағадат Масауров.

«Сұралғандардың барлығы сүттен-ақ, судан – тазамыз деп, өз кінәлерін мойындамай отыр. Барлығы шетінен жоғары білікті маман. Бірақ олар аурудың қайдан шыққанын білмейміз деп отыр. Дәл қазір сондай сот процесі жүріп жатыр», - дейді С.Масауров.

«Бұл жерде өтіп жатқан сот процесінің мақсаты - белгілі бір адамдарды жазалау ғана болмау керек. Басты мәселе – сондай жағдай неге орын алды? Себебін толық ашып, оны жұртшылыққа жариялау керек. Сондай кемшіліктер қайталанбау үшін нақты-нақты қатаң жазалар белгілеу керек. Сонда ғана ол соттан нәтиже күтуге болады. Ал мынадай жағдай болды, мына адамдар жазаланды, іс осымен бітті десе, онда ол - халық үшін, Қазақстан үшін үлкен қатер. Емдеуге болмайтын қатер. Онда біз барлық ауруларға қарсы тұру қасиетімізді былай айтқанда, иммунитетімізді жоғалтамыз. Ондай болмасын десе, осы сот істің анық-қанығын жан-жақты зерттеуі керек», - дейді журналист Рысбек Сәрсенбайұлы.

«Ғибрат» ана мен баланы қорғау қоғамдық ұйымының жетекшісі Мәрпия Бұтабаева:

«Шымкенттегі ВИЧ індетінің жаппай белең алуы - трагедия. Бүкіл халық болып көшеге шығып айғайлауымыз керек. Өйткені, сонша бала, сонша ана зардап шекті. Бұл ұрпақ жоқ деген сөз. Медицина саласын көтерудің күні баяғыда жеткен», дейді.
XS
SM
MD
LG