Accessibility links

Сыр өзені тағы да арнасынан шықты


Сырдария бойын құрсаған мұздың салдарынан өзен суы арнасынан асып, Қызылорда қаласы маңындағы 778 саяжайды басып қалды. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің хабарлауынша, 1500 адам апат аймағынан көшірілген. Қазіргі таңда құтқару жұмыстары Қызылорда қаласынан 37 шақырым жердегі Қараөзек тоспасында жүргізіліп жатыр.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Айтбай Көшербаевтың айтуынша, Сырдария өзені бойында мұздың көп мөлшерде кептелуінен өзен суы Қызылорда қаласына жақын аймақтардағы арнасынан асып кеткен. Қала маңындағы өзен арнасын нығайту жұмыстары өткен жұма күні басталып, жексенбіге қараған түні сең Қызылордадан төменгі ағысқа қарай өтті, дейді Айтбай Көшербаев.

- Ақпанның 11-күні мұз Қызылорда қаласының тұсынан толығымен өтті. Қазір негізгі жұмыс Қызылорда қаласынан төмен 37 шақырым жердегі Қараөзек тоспасында жүріп жатыр. Бұл арада судың деңгейі барынша жоғары. Соған байланысты біз мұнда мұзды жару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі таратқан соңғы мәліметтер бойынша, дарияның жексенбі күнгі тасуынан қала маңындағы 778 саяжай су астында қалған. «Водхоз», «Эдельвейс», «Тепловик» саяжай аудандарының 1500 жуық тұрғындары апат аймағынан басқа жерге көшірілген. Құтқару жұмыстарына шамамен 200 адам жұмылдырылып, 300 жуық техника іске қосылған. Дариядағы кептелген мұз Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы өзен бойында орналасқан елді-мекендерге қауіп төндіріп тұр дейді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Айтбай Көшербаев.

- Қараөзек тоспасы мен Сырдарияның одан арғы төмен ағысын бақылайтын боламыз. Өйткені, сеңнің көлемі үлкен. Сырдария Қызылорда облысы бойынша түгел жағалап өтеді. Сондықтан әрбір ауданның тұсында қауіпті жағдай болуы мүмкін. Әзірге табиғат апатынан келген шығын осыншама деп айтуға ерте. Бірінші кезекте біз Қараөзек тоспасындағы жұмыстарды дұрыстап атқарып алуымыз керек.

Сырдария - Орталық Азиядағы ең үлкен екі өзеннің бірі. Жалпы ұзындығы 2212 шақырымға созылып жатқан дария суының мөлшері өткен ғасырдың соңында едәуір артып, 1999 жылы Шардара қоймасына жиналған су көлемі, осыдан 30 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге көбейген.
XS
SM
MD
LG