Accessibility links

Қазақстанда алғаш рет алқа билер сот ісіне қатыса бастады

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстанда алқа билердің қатысуымен алғашқы сот процесі ақпанның 12-сі, дүйсенбі күні Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавловск қаласында басталды.

Осы облыстық соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Досжан Әміровтың айтуынша, облыстан алқа билерге кандидат ретінде барлығы 38 адам тіркелген. Алғашқы кезектегі таңдау қортындысында бұдан 16 адам қалған. Соңынан 11 адам - оның 9-ы алқа билер ретінде, ал екеуі қосымша ретінде таңдап алынған. Таңдау, сұрыптау жұмыстары электрондық техника көмегімен іске асырылды дейді ол.

Қазақстанда алқа билер жөніндегі заң биылғы қаңтар айының 1-інен бастап өз күшіне енген болатын. Осы заңда көрсетілгендей, жасы 25-ке толған, бұрын сотталмаған, әртүрлі мамандық иесі кез келген Қазақстан азаматы алқа би кеңесінің мүшесі бола алады. Қазақстанда алғаш рет сот процесіне қатысып отырған алқа билер кеңесінің 9 мүшесі және мамандығы заңгер, соттың екі мүшесі барлығы - 11 адам, 1996-шы жылы қараша айында Солтүстік Қазақстан облысы көлемінде 3 бірдей адамның өліміне күдікті ретінде тартылып отырған бір азаматтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот ісін тыңдап отыр. Сот тыңдауы аяқталған соң олар бірлескен сот үкімін шығарулары тиіс дейді облыстық қылмыстық істер алқасының төрағасы.

Алматы қаласындағы Заң Академиясының оқытушысы Нұрлыайым Мыңбатырова Қазақстанда алқа билер туралы заңның жаңадан қылмыстық сот ісіне енгізілуі - бұл нақты өмірдің қажеттілігінен туған деп санайды. Оның айтуынша, бұндай алқа билер институты Батыс Еуропа елдерінде бұрыннан қолданыста көрінеді. Алқа билер сот процесіне қатыса отырып, сот үкімінің адамгершілік тұрғысынан шығуына әсер етулері керек дейді ол.

Н.Мыңбатырованың айтуынша, бұған дейін, қазірдің өзінде Қазақстандағы сот жүйесі тәуелсіз жүйе бола алмай отыр.

«Әсіресе, сот шешімін шығару керек болғанда жан-жаққа жалтақтау көбейеді, бұл сот шешімінің дұрыс шықпауына әсер етеді», - дейді ол.

Оның айтуынша, алқа билерге ұқсас жүйе кеңес заманында да болған.

«Оларды халық өкілдері деп атайтын. Алайда, халық өкілдерінің сот шешіміне ешқандай әсері болмаушы еді. Сондықтан, қазіргі алқа билер кеңесіне мүше болатын адамдарды дұрыс таңдап алу үшін елге танылған, өзінің көзқарас, пікірі бар азаматтарды бұл іске көбірек тарту қажет болмақ», - дейді заңгер-маман.

Сол арқылы сот шешімінің қатаң болмауына, оның адамгершілік тұрғысынан шешілуіне ат салысу алқа билер мойнындағы жауапты іс болмақ дейді ол.
XS
SM
MD
LG