Accessibility links

Парламент мәжілісі ядролық сынақтарға жан-жақты тиым салу туралы келісімді ратификациялауды мақұлдады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сәрсенбі күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ядролық сынауларға жан-жақты тыйым салу туралы шартты қолдауға халықаралық мониторинг обьектілерінде, сертификаттаудан кейінгі іс-шараларды қоса алғанда, іс-шараларды өткізу жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.Бұл халықаралық шартқа Қазақстан 2004 жылы Вена қаласында қол қойған болатын.

Халықаралық келісімнің негізгі мақсаты - Ядролық сынауларға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың ережелерінен және оның Хаттамасынан туындайды, оларға сәйкес Қазақстан ядролық қару-жарақты сынау жарылыстарын және өзге де кез келген ядролық жарылыстарды өткізбеуге, сондай-ақ Шарттың сақталуын бақылауға жәрдемдесу үшін басқа да қатысушы мемлекеттермен ынтымақтасуға міндеттенеді. Алайда аталған Келісімді ратификациялау барысында депутаттар әлі ертерек, өйткені Қазақстан ядролық қарудан бас тартқанымен сынақ алаңдары толығымен жабылған жоқ, ашық жатыр деген пікірлерін ортаға салды.

Бұл мәліметті Энергетика және табиғи ресурстар вице-министрі Алмас Сатқалиев те растап отыр. Мәселен, оның сөздеріне қарағанда, Семей аймағындағы ядролық сынақтар орын алған алаң үш облыстың аймақтарында жатыр және оның шекарасы әлі белгіленбеген.

Ал Мәжіліс депутаты Тито Сыздықовтың айтуынша, Семей полигоны құнарлы жер екен. Сондықтан да бұл аймаққа жергілікті тұрғындар көшіп барып, зардабын тартып жатқан көрінеді:

– Малдың саны көбейіп, сол араға халық жаппай көшіп жатыр. Өйткені, тың жер, жайылым жақсы. Енді болғаны болды деп, суын да ішіп, күн көріп жатыр. Олар енді көп ауруларға шалдығып жатыр.

Ал Мәжіліс депутаты Ержан Рахметовтің пікірінше, Қазақстандағы ядролық аймақтар екі Швейцария жерінің көлемін алып жатыр. Олардың барлығы да қоршалынбаған. Алайда сыртқы істер министрлігінің өкілі Қазықановтың сөздеріне қарағанда, полигон аймақтарында бүгінгі күндері зерттеу станциялары жұмыс істейді. Ондай станция әлем бойынша 337 екен.

Ал Қазақстанда бесеуі бар. Соның арқасында Қазақстан кез-келген елдегі табиғи апаттарды немесе ядролық жарылыстарды алдын-ала біліп БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне хабарлап отырады екен. Мысалы, 1998 жылы Пәкістан ядролық сынақ жарылысын өткізді. Оны анықтаған ең бірінші Қазақстандағы Мақаншы станциясы екен. Бірер секундтан кейін-ақ Қазақстан тарабы бұл мәліметті Венадағы Халықаралық деректер орталығына мәлім етті дейді Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Ал Мәжіліс депутаты, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров «еліміз ядролық қарудан бас тартып, қарусызданғанымен Қазақстан ядролық мемлекет болып саналады» дейді. Өйткені, Азғырда ядролық қондырғы бар. Ол әйтеуір бір күні жарылады дейді депутат.

Алайда, бұл мәліметті Энергетика және табиғи ресурстар вице-министрі Алмас Саиқалиев жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, бұл ақпарат жақында толығымен жабылған. Ол жөнінде хаттама күшінде деді.

Ал Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы Қазақстан ядролық қарудан ертерек бас тартып қойған секілді деген де ойын білдірді:

– Біз ядролық қарудан тым ертерек айырылып қалдық. Еліміздің қауіпсіздігін ойламадық па деген ой да келеді. Бүгінде ядролық қарудың басқа түрлері де сынақтан өтіп жатыр. Мысалы, ядролық оқтұмсұқ. АҚШ, Франция басқа елдер сол ядролық оқтұмсықтарды жетілдіріп, санын көбейтіп, кім біледі ертең АҚШ-қа тағы да елірген президент келсе сол ядролық оқтұмсықтарымен қорқытпасқа?! Біз бұл келісімді қолдаймыз. Бірақ бір күні өкініп жүрмейік деген де ой бар.
XS
SM
MD
LG