Accessibility links

Әлемде қай елде балаға көп көңіл бөледі?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ақпанның 14-інде БҰҰ балалар ісі жөніндегі агенттігі, яғни ЮНИСЕФ-тің арнайы баяндамасы жарияланды. Балаларға жасалған жағдай жөнінен өнеркәсібі дамыған 21 ел ішінде Құрама Штаттар мен Британия соңғы орындарға шығып қалған екен.

Сәрсенбі күні жарияланған ЮНИСЕФ-тің арнайы баяндамасында Британия балаларының шылым шегу, шарап ішу, есірткі тарту, төбелесу және жыныстық қатынастарға бару сияқты істерге көбірек ұрынатыны айтылған. Баяндаманы әзірлеу барысында зерттеушілер ұлттық жалпы ішкі өнім және сәбилердің өлім деңгейі сияқты дәстүрлі өлшемдер бойынша мәліметтер жинастырған екен. Олар, сондай-ақ, жеке басты ата-ана және отбасындағы кітап саны, тіпті, балалар күн сайын қаншалықты көлемде жеміс-жидек жейді деген сауалдар төңірегінде пайыздық көрсеткіштерге назар бұрған.

ЮНИСЕФ бұл зерттеулерін Экономикалық әріптестік және даму ұйымына мүше 30 елдің ішінен 21-інде жасаған екен. Қалған 9-ы зерттеуге енбей қалған. Скандинавиялық Швеция, Дания, Финляндия және Норвегия елдері, сондай-ақ Испания мен Швейцария жоғарғы орындарды иеленген. Бір қызығы, жан басына шаққандағы жалпы ұлттық өнім көлемі мен үлгілі бала тәрбиесі арасында үнемі тікелей байланыс бола бермейді екен. Мысалы, Чех республикасы Франция, Австрия және Құрама Штаттарға қарағанда осы тізімде жоғарғы орынды иеленген. Осы баяндаманы әзірлеген ұйым, яғни ЮНИСЕФ жанындағы Бейкүнәлілік зерттеу орталығының зерттеушісі Леонардо Менчинидің айтуынша, бала тәрбиесінде әлеуметтік байлық пен ұлттық табыс кешенді шаралардың бір бөлігі ғана.

«Баланың жақсы тәрбие алуына бай мемлекет қана үлес қосып қоймайды. Тәрбиеде экономикалық табыс қана маңызды емес. Осы топтағы бай мемлекеттерге қарағанда табысы аз елдер бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Бұл істе әлеуметтік жағдай - өте маңызды. Дей тұрғанмен, жеке қарым-қатынас, отбасы тәрбиесі, қоршаған орта да маңызды. Бала тәрбиесі - жан-жақты іс. Бұған нақты бір тұрғыда жауап беру қиын”, - деді Менчини мырза.

Қос ата-анасымен тұрып жатқан балалар саны Құрама Штаттарда 60 пайызды құраса, бұл көрсеткіш Грецияда 90 пайыздан да көп екен.

Тағы бір жағымды жаңалық мынандай боп тұр: осы тізімде ең соңғы орындарды иеленген елдердің өзінде балалардың үштен екі бөлігі күн сайын ата-аналарымен негізгі ыстық тамақты отбасында дастарханынан бірге дәм татады екен. Аптасына бес немесе одан да көп күнде, күн сайын бір сағаттай жаттығу жасайтын балалар жалпы жеткіншектердің үштен бір бөлігі ғана боп шықты. Зерттеуге ілінген осы 21 елдің ішінде балалары спортпен көп айналысатын елдер Ирландия, Канада және Құрама Штаттар екен. Франция мен Белгия балаларының олардан гөрі азырақ айналысатыны дәлелденген. Кейбір мәліметтер жалпы зерттеулер нәтижелеріне қарама-қайшы боп шыққан. Мысалы, Нидерландия, Португалия және Құрама Штаттардағы 15 жасар жеткіншектердің 12 пайызының ғана үйлерінде 10 шақты ғана кітаптары бар екен.
XS
SM
MD
LG