Accessibility links

Алматыда француз журналисі Грегори де Бургтың өліміне қатысты сот ісі өтіп жатыр


Ақпанның 15-і күні Алматы қалалық сотында судья Наталья Орлованың төрағалық етуімен француз журналисінің өліміне қатысты сот отырысы жалғасты. Алғашқы тергеу жұмысының қортындысы бойынша, бұл қылмыстық іске айыпты ретінде сот отырысына айып тағылып отырған екі адам әкелінді. Ал осы қылмыстық іске қатысы бар деп күдіктелген үшінші азаматқа құқық органдары қылмыстық іздеу жариялаған.

Сот отырысын басқарып отырған судья Наталья Орлова француз журналисінің өліміне айыпты ретінде сотқа қатысып оырған Алмас Оралбаев жауап алуды бастады. Оралбаев француз журналисімен тек достық қарым-қатынаста ғана болғанын, оның жақсы қыздармен таныстырып бер деген өтініштерін ғана орындаумен шектелгенін айтты. «Онда сіз алғашқы тергеуде оның өліміне қатысым бар деп неге мойындадыңыз?» деген судьяның сұрағына Алмас Оралбаев өзінің және қасындағы жолдасы Салауат Болғанбаев екеуінің тергеушілер тарапынан қатты қыспаққа алынып, түрлі қорқытулардан соң отбасы, бала шағасының қамын ойлап, шетелдік журналистке қатысты өлімді өз мойындарына ала салғанын айтты.

«Шындығына келсек, бұл өлімге біздің еш қатысымыз жоқ», - деді ол.

Ал француз журналисінің өліміне айыпталып отырған тағы бір азамат - Салауат Болғанбаевтың адвокаты, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Данияр Ханафин «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, өз қарауындағы азаматтың бұл қылмыстық іске қатысы барлығынан гөрі, оның жоқтығын дәлелдейтін көптеген дерек, мәліметтердің барлығын айтты.

«Оның айыпты екендігі үлкен күмән туғызады, тергеу барысында Салауат Болғанбаевқа қарсы түрлі заңсыз жағдайлар қолданылып, тіпті оны бір-екі рет ауыр соққыға да жыққан, оны дәлелдейтін медициналық дәрігери сараптама жасалған. Ал қазіргі жүріп жатқан сот отырысы болса, алғашқы тергеу қортындысына сүйенген жағдайда, сондағы жазылған, айтылған жайттарды қайталаумен шектеліп жатыр. Айып тағылып отырған бұл азаматтар қылмысқа еш қатысы жоқ екендерін айтып отыр және айыпталушылар мен жәбірленуші жақтың куәгерлерінің айтып жатқандары бір-біріне сәйкеспейді, арасы өте алшақ дүниелер», - деді адвокат Данияр Ханафин.

Француз журналисі Грегори де Бургтің өліміне қатысты сот отырысын бақылап отырған «Журналистер қауіп-қатер астында» атты қазақстандық қордың жетекшісі Розлана Таукина, бұл іс соңғы он жылда Қазақстанда өлтірілген осымен екінші шетелдік журналистің соты екенін айтады.

«Бұның алдында кісі қолынан қаза тапқан неміс журналисі Крис Герингті кімдер тапсырыс беріп, қалай өлтіргені осы күнге дейін белгісіз жағдайда қалды. Тек үйсіз-күйсіз, көшеде жүрген екі нашақор азамат осы өлімді өз мойындарына алып сотталып кеткенін ғана білеміз. Сондықтан, әлгіндей жайт қайта қайталанбауы үшін, қазіргі сот процесін қатаң бақылап отырмыз», - дейді Розлана Таукина.

Сот прцесінің қалай жүріп жатқанын Алматыдағы Франция елшілігінің қызметкерлері де бақылауда.

Франция азаматы, журналист Грегори де Бург 2006 жылы мамыр айының басында халықаралық «Foreign affairs» жорналының тапсыруымен Қазақстанға келген. Ондағы мақсаты - Қазақстанның экономикалық дамуы жөнінде тізбекті мақалалар жазу болыпты. Алайда, сол жылы тамыз айының 2-сі күні Алматыда уақытша жалға алған пәтерде оның мәйіті табылған. Сарапшылардың қортындысы бойынша, марқұмның кісі қолынан қаза тапқаны анықталған.
XS
SM
MD
LG